
Леонид Кучма
Дереккөз: ТАСС
Леонид Данилович Кучма 1938 жылы 9 тамызда Украина КСР (қазіргі Украина) Чернигов облысының Чайкино селосында дүниеге келген.
1960 жылы Днепропетровск мемлекеттік университетінің (қазіргі – Олесь Гончар атындағы Днепр ұлттық университеті) физика-техникалық факультетін «зымыран техникасы саласындағы инженер-механик» мамандығы бойынша бітірді.
1960-1982 жылдары Днепропетровск қаласындағы (қазіргі – Днепр) «Южное» конструкторлық бюросында құрастырушы-инженер болып жұмыс істеді. 1979 жылы зымыран-құрылыс инженері ретінде Ленин сыйлығына (Кеңес Одағындағы ең жоғары сыйлық) ие болды. 1986 жылдан 1992 жылға дейін ірі қорғаныс және азаматтық мақсаттағы зымыран-ғарыш техникасын өндіруші «Оңтүстік машина жасау зауыты» өндірістік бірлестігінің бас директоры қызметін атқарды.
1990–1992 жылдары Жоғарғы Раданың (Украина парламенті – заң шығарушы органы) І шақырылымындағы халық депутаты болды. 1992 жылдың қазанында Украинаның премьер-министрі болып тағайындалды. Бұл лауазымды 1993 жылдың желтоқсанына дейін атқарды. 1994 жылдың наурызында Жоғарғы Раданың II шақырылымына депутаты болып сайланды, 1994 жылдың 17 шілдесінде өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатты.
1994 жылы сайлаудың екінші кезеңінде 52,58% дауыс жинап, президент қызметіне Леонид Кравчуктің орнына келді. 1999 жылы да екінші кезеңде 56,25% дауыспен жеңіске жетіп, екінші мерзімге қайта сайланды.
Леонид Кучма мемлекет басшысы қызметін атқарған кезеңде жаңа Конституция қабылданды (1996), ақша реформасы жүргізілді (гривнаға көшу, 1996), Украинаның кіші елтаңбасы – тризуб заңдастырылды (1996). Бірқатар маңызды сыртқы саяси құжаттарға қол қойылды, атап айтқанда: Ресеймен достастық, ынтымақтастық және серіктестік туралы шарт (1997), Ресеймен Қара теңіз флотын бөлу туралы келісім, Еуропалық Одақпен (ЕО) және Солтүстік Атлантикалық Шарт Ұйымымен (НАТО) серіктестік туралы келісімдер.
Президенттік өкілеттігі мерзімінде Леонид Кучманың парламент – Жоғарғы Радамен өзара қарым-қатынасы шиеленісті болды, онда оппозициялық партиялар күшті еді. 2000 жылдың қаңтарында, екінші президенттік мерзімге қайта сайланғаннан кейін бірден Леонид Кучма екі палаталы парламентті енгізу, президенттің парламентті тарату құқығы (егер ол бір ай ішінде тұрақты жұмыс істейтін көпшілікті қалыптастырмаса немесе үш ай ішінде бюджетті бекітпесе), депутаттың дербес құқықтылығын жою және депутаттар санын 450-ден 300-ге дейін қысқарту туралы президент пен парламент арасындағы конституциялық өкілеттіктерді бөлуге түзетулер енгізу туралы референдумға бастамашылық етті. Ұсынылған өзгерістер үшін референдумға қатысушылардың 80%-дан астамы дауыс берді, алайда өзгерістерді Жоғарғы Рада Конституцияға енгізбеді.
Сол жылдың күзінде елде саяси жанжал туындады. Украина Социалистік партиясының жетекшісі, Жоғарғы Рада депутаты Александр Мороз диктофондық жазбаларды жариялап, соның негізінде ол Леонид Кучманы оппозициялық журналист Георгий Гонгадзені өлтірді деп айыптады («кассеталық жанжал»). Оппозициялық партиялар «Кучмасыз Украина» наразылық акциялар науқанын ұйымдастырды, оған қарсы тұру үшін билік күш қолдануға мәжбүр болды. Бұл оқиғалар президенттің позициясын әлсіретті, дегенмен оның кінәсі дәлелденбеді және 2002 жылғы парламенттік сайлауда президентті қолдайтын партиялардың нәтижелеріне әсер етті.
2005 жылы Леонид Кучма үшінші мерзімге сайланудан бас тартып, белсенді саяси қызметтен кетті. Үлкен саясаттан кеткеннен кейін «Украина» қайырымдылық президенттік қорын басқарды. 2014-2018 және 2019-2020 жылдары мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Украинаның оңтүстік-шығысындағы қақтығысты реттеу бойынша үшжақты байланыс тобының (ЕҚЫҰ, Ресей, Украина) келіссөздерінде Украина атынан өкілдік етті.
«Бастысы туралы» (1999), «Украина – Ресей емес» (2003), «Өз жолымен. Украинадағы экономикалық реформалар туралы ойлар» (2004), «Майданнан кейін» (2007) және т.б. кітаптардың авторы.
Леонид Кучманың президенттігі кезеңінде Украина мен Қазақстан Республикасы арасындағы қарым-қатынас өте тиімді құрылды. Мемлекет басшыларының екіжақты жұмыс және ресми сапарлары жиі болды.
Еңбек Қызыл Ту орденімен (1976), ресейлік «Отан алдындағы еңбегі үшін» I дәрежелі орденімен (2004) және басқа да шетелдік ордендермен марапатталды. Ленин сыйлығының (1979) және Украинаның ғылым мен техника саласындағы мемлекеттік сыйлығының (1993) лауреаты атанды.
Дереккөздер:
«Менің өмірім. Тәуелсіздікке» кітабы бойынша іздеу