
Карл Маркс
Дереккөз: Википедия
Карл Генрих Маркс 1818 жылы 5 мамырда Пруссиядағы (қазіргі Германия) Рейн провинциясының Трир қаласында раввин отбасынан шығып, протестантизмге өткен заңгердің отбасында дүниеге келді. Үйде оқи бастап, кейін Берлиндегі Фридрих-Вильгельм гимназиясында жалғастырды. 1835 жылы Бонн университетіне түсіп, кейін Гумбольдт атындағы Берлин университетіне ауысты, онда философия мен тарихты зерделеді. 1841 жылы философия докторы ғылыми дәрежесін алды.
Оқу кезінен бастап ол қазіргі қоғамды сынайтын радикалды идеяларға қызығушылық танытты. 1842 жылы газеттерге мақалалар жаза бастады, бұл билікпен қақтығысқа әкелді. 1843 жылы Германиядан кетіп, Парижге көшті, онда неміс философ-социалисі, саяси қайраткер және кәсіпкер Фридрих Энгельспен танысты. Кейін Энгельс оның пікірлесі, досы және бірлескен авторы болды.
1847 жылы Фридрих Энгельспен бірге «Әділеттілер одағы» атты жасырын насихаттаушы қоғамға қосылды, кейін ол бірінші халықаралық коммунистік ұйым – «Коммунистер одағы» болып қайта құрылды. Ұйымның тапсырмасы бойынша олар коммунистік ұйымның бағдарламасын, кейіннен ғылыми коммунизмнің алғашқы бағдарламалық құжаты ретінде тарихқа енген әйгілі «Коммунистік партия манифесін» (1848) құрастырды. «Еуропаны елес кезіп жүр – бұл коммунизм елесі» деген сөздермен басталған «Манифесте» кейіннен марксизм деп аталған ілімнің негіздері мазмұндалды: таптық күрес теориясы, капитализмнің сөзсіз жойылуы және пролетариаттың тапсыз коммунистік қоғам құруы.
Революциялық іс-әрекеттері үшін Карл Маркс Еуропаның бірқатар мемлекеттерінен қуылды. 1849 жылы Лондонда тұрақтап, өзінің экономикалық теориясы бойынша жұмысын бастады. 1867 жылы саяси экономия бойынша іргелі «Капитал» еңбегінің бірінші томы жарық көрді. Карл Маркс іс-әрекетінің негізгі қорытындысы болған бұл еңбекте капитализмге сыни талдау жасалып, қосымша құн туралы ілім мазмұндалды. «Капитал» кітабының екінші және үшінші томдарын Карл Маркс қайтыс болғаннан кейін 1885-1894 жылдары Фридрих Энгельс жариялады.
Лондонда ол белсенді қоғамдық және саяси өмір сүрді, ғылыми және публицистикалық еңбектерін жазды, көптеген елдерде пролетарлық партиялардың қалыптасуына және олардың арасында байланыс орнауына ықпал етті. 1864-1872 жылдары Фридрих Энгельспен бірлесіп, Халықаралық жұмысшылар серіктестігіне (кейін – Бірінші Интернационал, 1876 жылы таратылды) басшылық етті, ол үшін жарғы мен бағдарлама әзірледі. Ұйым бірнеше елдердің жұмысшы қозғалыстарын біріктіріп, ереуілдерді үйлестіріп, ереуілшілерге көмектесу үшін ақша жинады.
Маркс адамзат қоғамының әр кезеңде әртүрлі қоғамдық таптардың мүдделеріндегі қайшылықтардан туындаған таптық күрес нәтижесінде дамитынын дәлелдеді. Капиталистік өндіріс тәсілінің негізі – өндіріс құралдарының иелері мен еңбек күшін жалақыға сататын жалдамалы жұмысшылар арасындағы қақтығыс. Бұл ретте әр дәуір – белгілі бір жағдайларда пайда болып, дамып және уақыт өте келе жоғалатын тарихи кезең. Капитализм басқа да әлеуметтік-экономикалық жүйелер сияқты, пролетарлық революция арқылы жаңа жүйе, тапсыз коммунистік қоғамға әкелетін ішкі қайшылықтардан тұрады.
Карл Маркстің ілімі әлемнің көптеген еліндегі жұмысшы қозғалысы бағдарламаларының негізін қалады. Марксизм негізінде кеңестік мемлекеттің негізін қалаушы Владимир Лениннің революциялық теориясы әзірленді, революциялық күрес әдістері мен большевиктердің экономикалық бағдарламасы тұжырымдалды.
Маркстің жинақталған сыни теориялары «марксизм» деп аталды. Маркс адамзат тарихындағы ең ықпалды тұлғалардың бірі екені мәлім, оның еңбектері дәріптелді де, сынға да ұшырады.
Карл Маркс 1883 жылы 14 наурызда 64 жасында қайтыс болды, Лондондағы Хайгейт зиратында жерленген.
Германияда Маркске 20-ға жуық ескерткіш орнатылып, оның атымен 500-ден астам көше аталған. 2018 жылы философтың туғанына 200 жыл толуына орай, оның туған жері Трирде Қытай Халық Республикасы қалаға сыйға тартқан ескерткіш орнатылды. Бұл қалада Карл Маркс тұрған үйде 1947 жылдан бастап оның мұражайы бар. Оның есімі Кеңес Одағында ең ауқымды түрде мәңгілікке есте қалдырылды. Философқа арналған алғашқы ескерткіш 1918 жылы Пензада орнатылды. Оның атымен көшелер, алаңдар, кітапханалар мен елді мекендер аталды, олардың көпшілігі әлі күнге дейін Маркс атымен аталады.
Дереккөздер:
«Менің өмірім. Тәуелсіздікке» кітабы бойынша іздеу