Басты бетке қайту

Егор Лигачев (1920 – 2021)


Егор Лигачев
Дереккөз: ТАСС

Егор Кузьмич Лигачёв 1920 жылы 29 қарашада Томск губерниясының Каинск уезінің Дубинкино селосында (қазіргі Новосібір облысының Чулым ауданы) шаруа отбасында дүниеге келген. 

1943 жылы Мәскеу авиациялық институтын «ұшақ жасау» мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын 1943 жылдың сәуір айында Новосібірдегі В.П. Чкалов атындағы авиация зауытында бастап, инженер-технолог, техникалық бөлімнің топ басшысы болып жұмыс істеді.

1944 жылы Бүкілодақтық Коммунистік партияға (большевиктер) (БК(б)П) мүше болып кірді. 1946 жылдан бастап – Бүкілодақтық Лениншіл Коммунистік Жастар Одағы (БЛКЖО) Новосібір облыстық комитетінің (обком) насихат және үгіт жөніндегі хатшысы. 1948 жылдың қаңтарынан 1949 жылдың тамызына дейін – БЛКЖО Новосібір обкомының бірінші хатшысы. 1951 жылы БК(б)П Орталық Комитеті (ОК) жанындағы Жоғары партия мектебінде екінші жоғары білім алды.

1949–1953 жылдары – Кеңес Одағы Коммунистік партиясының (КОКП) Новосібір қалалық комитетінің дәріскері және бөлім меңгерушісі. 1953–1955 жылдары Мәдениет басқармасының бастығы, ал 1955–1958 жылдары – Новосібір облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары болып жұмыс істеді.

1961 жылы Мәскеуге шақырылып, онда 1965 жылға дейін КОКП ОК аппаратында жұмыс істеді. 1965 жылы Томскіге ауысып, онда КОКП Томск обкомының бірінші хатшысы болып сайланды және бұл қызметте 1983 жылға дейін жұмыс істеді. 1983 жылы Мәскеуге КОКП ОК ұйымдастыру-партиялық жұмыс бөлімінің меңгерушісі қызметіне ауыстырылды.

1985 жылдан 1990 жылға дейін – КОКП ОК Саяси Бюросының мүшесі. 1985–1988 жылдары КОКП ОК хатшысы ретінде идеология мәселелеріне жауап берді. Іс жүзінде КОКП Орталық Комитетінің бас хатшысынан (мемлекет басшысы) Михаил Горбачевтан кейінгі партиядағы екінші тұлға болды. Ол Михаил Горбачев 1985–1991 жылдары бастамашы болған КСРО-ның экономикалық және саяси құрылымындағы түбегейлі өзгерістер – «қайта құру» бастамашыларының және жүргізушілерінің бірі болды. 1985 жылдың мамыр айында басталған алкогольге қарсы науқанның ең белсенді ұйымдастырушысы болды.

1988 жылдың қыркүйегінде КОКП ОК пленумында идеологиялық мәселелерді жүргізуден шеттетіліп, КОКП ОК аграрлық саясат мәселелері жөніндегі комиссиясының төрағасы ретінде бекітілді. 1988 жылдан кейін КСРО-дағы әлеуметтік-экономикалық және саяси реформаларды жүзеге асыру әдістері мен қарқынын бірнеше рет сынап сөйледі.

1990 жылдың шілдесінде барлық партиялық қызметтерден босатылып, зейнетке шығарылды.

Партиялық қызметпен айналысты, Кеңес Одағының коммунистік партиясының мұрагері – Ресей Федерациясы Коммунистік партиясы (РФКП) Орталық Комитетінің (көшбасшысы Геннадий Зюганов) мүшесі болды. 1999–2003 жылдары – Томск облысынан РФ Федералдық жиналысы Мемлекеттік Думасының депутаты. 

2021 жылы 7 мамырда Мәскеуде 101 жасында қайтыс болды.

 

Дереккөздер:

ТАСС

Википедия

AI ассистент

Тілді таңдаңыз / Выберите язык

«Менің өмірім. Тәуелсіздікке» кітабы бойынша іздеу