
1973 жылғы Араб-Израиль соғысының («Қиямет күні соғысы») әскери қимылдар картасы
Дереккөз: Әскери шолу
1973 жылғы қазан айында Мысыр мен Сирияның Израильге қарсы бастаған әскери іс-қимылдарының басты себебі – Израильдің 1967 жылғы «алты күндік соғыс» нәтижесінде басып алған араб жерлерін – Газа секторын, Синай түбегін, Иордан өзенінің батыс жағалауын және сириялық Голан жоталарын қайтарып алуға деген ұмтылысы. Басқыншылық араб халқының осы аумақтардан жаппай қуылуына әкелді.
1973 жылдың 6 қазанында, басты еврей мерекелерінің бірі Йом-Киппурда (Қиямет күні), демалыс пен дұға күні Мысыр мен Сирия Израильге қарама-қарсы бағыттардан шабуыл жасады: мысырлықтар Синай түбегіне, ал сириялықтар солтүстіктен, Голан жоталарында шабуыл жасады.
Алғашқы екі күнде кенеттен шабуыл жасау әсерін пайдалана отырып, Сирия мен Египет бастамашылық етті. Мысыр армиясы Суэц каналының арғы бетіне өтті, ал сириялықтар Голан жоталарында сәтті шабуыл жасап, көптеген Израиль техникасы жойылды. Алайда Израиль аумағына кірген сайын араб күштері бастамашылықты жоғалта түсті. Израиль қолбасшылығы шұғыл жұмылдырылып, қарсылас қозғалысын тоқтатып, шабуылға шықты. Нәтижесінде бірнеше күннен кейін Израиль армиясы екі бағытта да қарсыластың аумағында шабуыл әрекеттерін жүргізді. Екі жақ та техника мен адамдардан ауыр шығынға ұшырады.
22 қазанда БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі КСРО мен АҚШ-тың бастамасы бойынша екі жақты соғыс қимылдарын тоқтатуға шақыратын қарар қабылдап, әскерлерді иеленген позицияларында қалдырды. Сирия мен Мысыр әскерлері БҰҰ қарарын орындап, Израиль шабуылды жалғастырды.
КСРО-ның шешуші дипломатиялық әрекеттері АҚШ-ты Израильге оқ атуды тоқтату үшін қысым көрсетуге мәжбүр етті және 25 қазанда ұрыс қимылдары тоқтады. 1974 жылдың қаңтар айында Израиль Мысырмен әскерлерді ажырату туралы келісімге қол қойып, сол жылдың мамыр айында Сириямен де сондай келісімге қол қойылды. Тараптардың позиялары арасына БҰҰ қарулы күштері орналасты.
1970 жылдардың екінші жартысында Мысыр президенті Ануар Садат Израильмен татуласуға кірісті. Ол Вашингтонда бөлек бейбіт келісімге қол қоюмен аяқталды (1979 жылдың наурызы). Бұл келісім бойынша Израиль Мысырға Синай түбегін қайтарып, Мысыр Израильді мойындап, Палестинада араб мемлекетін құру туралы талаптан бас тартты.
Бұл қақтығыстағы шығындар туралы деректер ақпарат көздеріне байланысты алуан түрлі болды. Израиль тарапы өз жағынан 3 мың адам, ал араб жағынан 18 мың адам қаза тапқанын хабарлады. Араб тарапының пікірінше, қақтығысқа қатысушы әр тараптың 8 мыңға жуық адам шығыны болған.
«Қиямет күні соғысы» нәтижелерінің бірі 1973 жылғы мұнай дағдарысы («мұнай эмбаргосы») болды. 1973 жылы 17 қазанда Араб мұнай экспорттаушы елдер ұйымының (ОАПЕК) мүшелері, сондай-ақ Мысыр мен Сирия қақтығыс барысында Израильді қолдаған елдерге мұнай жеткізбейтінін мәлімдеді. Бұл ең алдымен АҚШ пен олардың Батыс Еуропадағы одақтастарына қатысты болды. Эмбарго 1974 жылдың наурыз айында тоқтатылды, алайда келесі жыл ішінде мұнай бағасы барреліне үш доллардан он екі долларға дейін көтерілді. Бұл оқиғалар Батысқа Кеңес Одағынан мұнай жеткізілімінің артуына ықпал етті.
Дереккөздер:
«Менің өмірім. Тәуелсіздікке» кітабы бойынша іздеу