Басты бетке қайту

КСРО-да халықтарды қоныс аударту (депортация)

Депортация – адамды немесе адамдар санатын басқа мемлекетке немесе басқа жаққа, әдетте қарауылшы жасақтың айдауымен, мәжбүрлі түрде жер аудару. Депортация деп әдетте адамдарды басқа мекенге, көбінесе күштеп мәжбүрлі түрде жер аудару аталады. КСРО-да депортацияға кеңес азаматтарының көптеген этникалық, этноконфессиялық және әлеуметтік санаттары ұшырады.

Жаппай депортация (депортацияға этностың, конфессияның және т.б. бір бөлігі ғана емес, тұтастай  дерлік ұшырауы) репрессияның бір түрі және Иосиф Сталиннің  (1924-1953 жылдар аралығында Кеңес Одағының іс жүзіндегі басшысы) билікті орталықтандыру нысаны ретінде танылды.

КСРО-да жаппай депортацияға он халық ұшырады, олар: кәрістер, немістер, ингерманландиялық финдер, қарашайлар, қалмақтар, шешендер, ингуштер, балқарлар, Қырым татарлары және түрік-месхеттер. Олардың жетеуі - немістер, қарашайлар, қалмақтар, ингуштер, шешендер, балқарлар және Қырым татарлары өздерінің ұлттық автономияларынан да айырылды.

КСРО-да кеңес азаматтарының тағы басқа көптеген этникалық, этноконфессиялық және әлеуметтік санаттары қандай да бір дәрежеде депортацияға ұшырады, олар: казактар, түрлі ұлттар ішіндегі «кулактар» (30-шы жылдары ауылдағы үздіксіз ұжымдастыру процесіне – жер, мал және өндіріс құралдары қоғамдастырылатын ұжымдық шаруашылықтар құруға қарсы шыққан ауқатты шаруалар «кулактар» деп аталды), поляктар, әзербайжандар, күрдтер, қытайлар, орыстар, ирандықтар, ирандық еврейлер, украиндар, молдовандар, литвалықтар, латыштар, эстондықтар, гректер, болгарлар, армяндар, қабардалықтар, хемшилдер, дашнак-армяндар, түріктер, тәжіктер және т.б.


КСРО-дағы депортация 
Дереккөз: Культурология

Жаппай күштеп көшіру КСРО-да 30-шы жылдары басталған болатын. Мұндай іс-әрекетке биліктің шекаралас аймақтарды «әлеуметтік қауіпті элементтерден» - этникалық түп-тамыры шетелдік, іргелес мемлекеттермен мәдени және тарихи байланыстары бар адамдардан тазарту туралы шешімі себеп болды. Олар тұрған жерлерде полигондар мен бекіністер салынды.

1936 жылы поляктар мен немістерді алғашқы кеңестік жаппай депортациялау өтті. Екінші дүниежүзілік соғыс басталып, неміс әскерлері Польшаны басып алғаннан кейін поляктарды жаппай жер аудару басталды. Сонымен қатар соғыс жағдайында қаншалықты мүмкін болған шамада елдің барлық аймақтарында немістерді жаппай депортациялау жүріп жатты. Профилактикалық сипаттағы бұл депортация жаумен жаппай ынтымақтасуды болдырмау мақсатында жүргізілді. Бұл халықтар негізінен еуропалық бөліктің солтүстігіне, Оралдан асыра, Тәжікстанға, Қазақстанға, Сібірге көшірілді.

1937 жылы Қиыр Шығыс аудандарынан кәрістер депортацияланды, КСРО-ның оңтүстік шекараларынан Қазақстанға күрдтер, армяндар мен түріктер жер аударылды.

Ұлы Отан соғысы басталғаннан кейін 1941 жылдың тамызында «Еділ бойында тұратын немістерді көшіру туралы» жарлық жария етілді. Еділ бойы немістерінің алғашқы коммунасы 1918 жылы құрылған болатын, 1924 жылы ол Еділ бойы немістерінің автономды КСР-і болып қайта құрылды. 1941 жылы таратылды. 1941 жылдың жазында көшіру операциялары Прибалтикада, Бессарабияда және Солтүстік Буковинада  (қазір -Украина аумағы) жүргізілді.

1943-1944 жылдары Қазақстанға Солтүстік Кавказ халықтарының өкілдері: қалмақтар, балқарлар, шешендер, ингуштер, қарашайлар, түрік-месхеттер, қабардалықтар жер аударылды. Шекаралас аудандарда тұратын мұсылман халықтары жауға көмек көрсетті деген айып тағылып немесе алдын алу мақсатында: Түркия соғысқа кірген  жағдайда (мұндай жағдайдың болуы мүмкін еді), Қырым мен Кавказ мұсылмандарының оларға болысуы ықтимал деген желеумен көшірілді.

 
КСРО-да халықтарды қоныс аударту схемасы
Дереккөз: E-history.kz

1946 жылдың қаңтарында, соғыс аяқталғаннан кейін, қоныс аударту және қоныс аударылғандарды бақылау туралы жарлықтардың күшін жою басталды. Якутияға, Красноярск өлкесіне және Иркутск облысына депортацияланған финдер бірінші болып ілікті. 1956 жылы 1936 жылы жер аударылған поляктардан, сол сияқты қалмақтардан, гректерден, болгарлар мен армяндардан, Қырым татарларынан, балқарлардан, түрік-месхеттерден, күрдтер мен хемшилдерден, шешендерден, ингуштерден және қарашайлардан құқықтық шектеулер алынып тасталды (бәре де - отанына оралу құқығынсыз).

1946 жылғы қаңтарда этникалық контингенттердің арнайы қоныстарын есептен шығару басталды. Бірінші болып Якутияға, Красноярск өлкесіне және Иркутск облысына жер аударылған финдер есептен шығарылды. 1950-ші жылдардың ортасында Жоғарғы Кеңес Президиумының депортацияланған арнайы қоныс аударылғандардың құқықтық жағдайының шектеулерін алып тастау туралы бірқатар жарлықтары шықты.

1954 жылғы 5 шілдеде КСРО Министрлер кеңесі «Арнайы қоныс аударылғандардың құқықтық жағдайының кейбір шектеулерін алу туралы» қаулы қабылдады. Онда Кеңес өкіметінің одан әрі нығаюы және өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығында жұмысқа орналастырылған арнайы қоныс аударылғандардың негізгі бөлігі өздері қоныстанған жаңа аудандардың шаруашылық және мәдени өміріне кірігуі нәтижесінде олардың құқықтық жағдайына шектеу қолдану қажеттілігі жойылғаны атап көрсетілді.

Министрлер кеңесінің келесі екі шешімі 1955 жылы қабылданды – «Арнайы қоныс аударылғандарға төлқұжат беру туралы» (10 наурыз) және «Арнайы қоныс аударылғандардың кейбір санаттарын есептен шығару туралы» (24 қараша).

1955 жылғы 17 қыркүйекте Жоғарғы Кеңес Президиумының  «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы кезінде басқыншылармен ынтымақтастықта болған кеңес азаматтарына рақымшылық жасау туралы» Жарлығы шықты.

«Жазаланған халыққа» ғана қатысты бірінші арнайы қаулы да 1955 жылы қабылданды: ол - «Арнайы қоныстардағы немістер мен олардың отбасы мүшелерінің құқықтық жағдайының шектеулерін алу туралы»  1955 жылғы 13 желтоқсандағы Жоғарғы Кеңес Президиумының Жарлығы.

1956 жылғы 17 қаңтарда 1936 жылы жер аударылған поляктардан; 1956 жылғы 17 наурызда – қалмақтардан, 27 наурызда – гректерден, болгарлардан және армяндардан; 1956 жылғы 18 сәуірде – Қырым татарларынан, балқарлардан, түрік-месхеттерден, күрдтер мен хемшилдерден шектеулерді алу туралы ЖКП Жарлығы шықты; 1956 жылғы 16 шілдеде құқықтық шектеулер шешендерден, ингуштерден және қарашайлардан алып тасталды (бәрі де - отанына оралу құқығынсыз).

1957 жылғы 9 қаңтарда бұрын мемлекеттілігі болған, жаппай қуғын-сүргінге ұшыраған халықтардың бесеуіне автономдық қайтарылды, бірақ екеуіне - немістер мен Қырым татарларына - қайтарылған жоқ (қазіргі уақытта да солай қалып отыр).

Қоныс аударылғандардың көпшілігі кейіннен тарихи отанына оралуға мүмкіндік алды. Мемлекет депортацияны қылмыстық қателік деп танып, шарасыздан қоныс аударғандардың қалыпты өмірге оралуына мүмкіндік берді, алайда күштеп көшіру нәтижесінде адамдардың тұтас бір ұрпақтары әдеттегі ортасынан түбірімен жұлынды және іс жүзінде өздерінің тарихи мекендерінен айырылып қалды. Қоныс аудару қатал жағдайда және қатыгездікпен жүргізілгендіктен, көптеген адамдар мерт болды, бұл КСРО-да тұратын бірқатар этникалық топтарды айтарлықтай шығынға ұшыратты.

 

Дереккөздер:

Культурология

Qazaqstan Tarihy

РИА Новости

 

AI ассистент

Тілді таңдаңыз / Выберите язык

«Менің өмірім. Тәуелсіздікке» кітабы бойынша іздеу