
Михаил Лермонтов. Петр Заболотский салған портреттен фрагмет (1837)
Дереккөз: РИА Новости
Михаил Юрьевич Лермонтов 1814 жылы 15 қазанда (ескіше - 3 қазанда) Мәскеуде дүниеге келген. Анасы ерте қайтып, әжесі тәрбиелеген. Бала кезінен француз және неміс тілдерін жетік меңгерген. Әжесіне еріп ол Кавказға жиі барып тұрды, бұл кейінірек оның шығармаларында көрініс тапты.
1828-1830 жылдары Мәскеу университетінің бекзаттарға арналған пансионында оқыды. 1830-1832 жылдары - Мәскеу Императорлық университетінің имандылық- саяси, содан кейін сөз бөлімінің студенті. Университеттен кейін екі жыл гвардиялық прапорщиктер мектебінде оқыды. 1834 жылы Гусар полкінде қызмет ете бастады
Пансионда оқып жүрген кезінен-ақ өлең жаза бастады. 1837 жылы «Ақын қазасы» өлеңін жазғаннан кейін аты шықты, онда ол іс жүзінде билік пен зиялы қауымды Александр Пушкиннің дуэльде ажал құшуының себепкері деп айыптады. Өлең бірден көпшілікке тарап кетті, оны жұрт жазып алып, жаттады. Михаил Лермонтов қамауға алынып, жер аударылды.
Михаил Лермонтовтың Кавказға бірінші рет жер аударылуы небәрі бірнеше айға созылғанымен, дәл осы кезеңде ол ақын ретінде қалыптасты, өзінің әйгілі «Мцыри» және «Демон»поэмаларын жаза бастады. 1838 жылы ол Петербургке оралып, астананың ең танымал жазушыларының біріне айналды. Бұл кезеңде «Көпес Калашников туралы ән» жарық көрді, «Отечественные записки» әдеби журналында ақынның өлеңдері, «Біздің заманымыздың кейіпкері» повесінің алғашқы тараулары жарияланды.
Алайда, екі жылдан кейін, кезекті дуэльден соң Михаил Лермонтов тағы да Кавказдан, соғысып жатқан әскер қатарынан бір-ақ шықты. Кавказға екінші рет жер аударылуы кезінде ол «Біздің заманымыздың кейіпкері» романын жалғастырады, өлеңдер жазады. 1840 жылы ақынның көзі тірісінде жарық көрген жалғыз жинағы - «М. Лермонтовтың өлеңдеріне» автордың екі поэмасы (36 поэмадан) мен 26 өлеңі (400 өлеңнен) кірді.
1841 жылғы ақпан айының басында Михаил Лермонтов Петербургке бару үшін қысқа демалыс алуының сәті түсті. Бұл кездері оның ең танымал өлеңдері: «Жартас», «Түс», «Пайғамбар», «Дубовый листок оторвался от ветки родимой» және « Жолға шықтым бір жым-жырт түнде жалғыз» жазылып та қойылған болатын. Петербургте ол «Демон» поэмасын жариялау қамымен айналысты және өзінің журналын шығару жоспарын ойластырды.
1841 жылғы шілдеде қызмет орнына барар жолда Михаил Лермонтов Пятигорскіде аялдады, мұнда отставкадағы майор Николай Мартыновпен егестіктің ақыры оның ақынды дуэльге шақыруымен аяқталады. 1841 жылғы 27 шілдеде (ескіше 15 шілдеде) Михаил Лермонтов Пятигорск маңындағы Машук тауының етегінде өткен дуэльде атылған оқ кеудесін тесіп өтіп, өлтірілді. Ол 26 жаста еді. Ақын Пятигорскіде жерленді, кейіннен оның күлі әжесінің имениесіне - Тарханға (қазір Ресейдің Пенза облысы) апарылды. 1939 жылы сол жерден Михаил Лермонтовтың мұражай-үйі ашылды, 1969 жылы Лермонтовтың Мемлекеттік мұражай-қорығы болып өзгертілді.
Өмір жасы қысқа болғанымен, Михаил Лермонтов орыс әдебиетінің тарихында ең жарқын дарындардың бірі ретінде қалды. Бүлікшіл рухы, романтизмге бейімділігі мен жалғыздық, шеттеу және мәңгілікке ұмтылу тақырыптарын жиі қозғағаны үшін ол «орыс Байроны» аталды. Оның шығармашылығы XIX және XX ғасырлардағы орыс романтик-ақындарына айтарлықтай әсер етті, ал прозасы орыс реализмінің жаңа кезеңіне айналды.
Әдебиеттанушылар «Біздің заманымыздың кейіпкері» романын жазушы өмір сүріп жатқан заман материалына негізделген философиялық және психологиялық романның орыс әдебиетіндегі алғашқы тәжірибесі деп санайды. Михаил Лермонтовтың ең танымал шығармалары - «Жалау», «Бородино» өлеңдері, «Демон», «Мцыри» поэмалары, «Маскарад» драмасы, «Біздің заманымыздың кейіпкері»романы. Бала кезінен ол сурет салумен де айналысқан: оның майлы бояумен салынған 13 картинасы, сол сияқты 44 акварелі, соның ішінде автопортреті, толып жатқан суреттері белгілі.

Михаил Лермонтов. Автопортрет
Дереккөз: Википедия
Михаил Лермонтовтың шығармалары мектеп бағдарламасына енгізілген, көптеген тілдерге аударылған, оның шығармалары бойынша көптеген спектакльдер мен опералар қойылды, кинофильмдер түсірілді.
Михаил Лермонтовтың шығармаларын қазақ тіліне алғаш рет Абай Құнанбаев аударды. Михаил Лермонтов өлеңдерінің аудармасы Абайдың аудармашылық шығармашылығының ең үлкен бөлігін құрайды, 1880-1900 жылдар аралығында 30-ға жуық шығарма аударылған, олардың арасында «Дұға», «Жолға шықтым бір жым-жырт түнде жалғыз», «Әм жалықтым, әм жабықтым», «Қанжар», «Жалау» және т. б. Абай шығармашылығын зерттеушілер оның Михаил Лермонтовпен ерекше рухани үндестікті сезінгенін, одан өз поэтикалық табиғатының көрінісін байқағанын және оның шығармашылығын ерекше ықыласпен және сүйіспеншілікпен қабылдағанын атап өтеді.
Дереккөздер:
«Менің өмірім. Тәуелсіздікке» кітабы бойынша іздеу