
Ескендір Зұлқарнайын
Дереккөз: Википедия
Ұлы Ескендір (III Александр) б.з.д. 356 жылы дүниеге келген. Оның әкесі — Ежелгі Грекияның құрамдас патшалықтарының бірі Македонияның патшасы II Филипп. Ол билік құрған кезде қуатты әскер құрып, ел ішіндегі өзара араздықты тоқтатты. Әкесінің шешімімен Ескендірге атақты философ Аристотель ұстаздық етеді. Тарихта Ескендір философия, риторика, геометрия, медицина, зоология және география ғылымдарын меңгеріп, грек әдебиетін өте жақсы білген деп келеді.
II Филипп қастандықпен өлтірілгеннен кейін, 20 жастағы Ескендір патша болып жарияланды. Әкесінен мұраға қалған қуатты әскерге сүйене отырып, ол екі жылдың ішінде елдегі бүліктерді басып, бүкіл Грекия аумағын қайта бағындырады. Осылайша өзінің болашақ империясын құруға жол ашты.
Б.з.д. 334 жылы Ескендір Кіші Азияға өтіп, Парсы державасына қарсы соғыс ашады. Граник өзені бойындағы шайқаста ол Парсы еліндегі аймақ билеушілерін талқандаса, б.з.д. 333 жылы Исс қаласы маңындағы шайқаста ІІІ Дарий патшаны жеңеді. Осы жеңістерден кейін ол Сирия, Палестина және Мысырды өзіне бағындырды.
Б.з.д. 331 жылы Месопотамиядағы (Таяу Шығыстағы тарихи аймақ, қазіргі Ирак жері) Гавгамела елді мекенінің маңында Ескендір шешуші жеңіске жетті. Оның әскері патшалықтың астанасы болған Вавилон қаласын ешқандай шайқассыз алады. Қала тұрғындары Ескендірді азат етуші ретінде қарсы алып, оны «бүкіл әлемнің патшасы» және «дүниенің төрт бұрышының әміршісі» деп жариялады.
Парсы елінің ішкі аймақтарын иеленген Ескендір «Азия патшасы» атағын алып, айналасына шығыс ақсүйектерін жинайды және бүкіл әлемді жаулап алуды ойлады. Ол өзі бағындырған халықтарды біріктіріп, ортақ держава құруға тырысқанымен, бұл мақсаты іске аспады. Бірте-бірте ол әскери бауырластық дәстүрлері мен қарапайым өмір салтынан алыстап, салтанатты сарай өмірі мен шығысқа тән табынушылыққа бой алдырды. Оның әскеріне кешегі жаулары жаппай қабылданып, мысырлық шенеуніктер жоғары лауазымдарға ие болды. Ескендірдің әскері ұзаққа созылған соғыстардан қажыды, ал оның айналасында жаңа тәртіпке деген наразылық пісіп-жетілді. Патшаға қарсы бірнеше қастандық әрекеттері әшкереленіп, оған қатысушылар аяусыз жазаланды.
Б.з.д. 329–326 жылдары Ескендір Орталық Азияны бағындырып, кейін Үндістанға басып кірді. Алайда шаршаған әскері әрі қарай жүруден бас тартты. Ескендір кейін шегініп, б.з.д. 324 жылы Вавилонға оралды. Ол бұл қаланы өз империясының астанасы етпек болды.
Ескендір Арабия түбегіне (Оңтүстік-Батыс Азиядағы түбек, қазіргі уақытта онда Бахрейн, Йемен, Катар, Кувейт, БӘӘ, Оман, Сауд Арабиясы, сондай-ақ Ирак пен Иорданияның оңтүстік бөліктері орналасқан) жорық жасауды жоспарлап, флот құрып, айлақтар салдырды. Бірақ б.з.д. 323 жылы, араб жорығы басталуына бес күн қалғанда, Ескендір отыз екі жасында қайтыс болды. Оның өлімінің себептері осы күнге дейін жұмбақ болып қалуда және ғалымдар арасында үлкен айтыс тудырып келеді.
Оның империясы қазіргі таңдағы кем дегенде 19 мемлекеттің аумағын қамтыған: Грекия, Солтүстік Македония, Болгария, Түркия, Сирия, Иордания, Израиль, Ливан, Кипр, Мысыр, Ливия, Ирак, Иран, Кувейт, Ауғанстан, Түрікменстан, Тәжікстан, Өзбекстан және Пәкістан. Сондай-ақ Украина, Румыния, Албания, Армения, Әзірбайжан және Үндістанның кейбір бөліктері оның шеткі аймақтары да кірді. 12 жылдық жорықта (б.з.д. 336–324 жж.) Ескендір Зұлқарнайын өз патшалығының аумағын 260 мың км²-ден 5,2 млн км²-ге дейін, яғни 20 есеге ұлғайтып, ежелгі дүниенің ең ірі империясын құрды.
Әскери іс тарихында ол бірде-бір шайқаста жеңілмеген және әскери ғылымды көптеген жаңа формалар мен тәсілдермен байытқан ең ұлы қолбасшылардың бірі болып саналады. Ескендір Зұлқарнайынның әскери тактикасы мен стратегиясы, оның жауынгерлеріне деген көзқарасы және қарсыластың әлсіз тұстары мен ішкі қайшылықтарын шебер пайдалана білуі осы күнге дейін әскери академияларда зерттеліп келеді.

Ескендір Зұлқарнайын империясы
Дереккөз: Мультиурок
Ескендір өзінің Шығыс жорығы кезінде патшаның құрметіне «Александрия» деп аталған бірнеше ондаған жаңа қаланың негізін қалады деп есептеледі. Соның ішінде, Ніл өзенінің атырабында орналасқан, қазіргі Мысырдың басты теңіз порты әрі көлемі жағынан екінші қаласы саналатын Мысыр Александриясын ерекше атауға болады. Тарихшылардың мәліметінше, мұнда XVII ғасырға дейін Ескендір Зұлқарнайынның денесі қойылған саркофаг сақталған, кейінірек оның қайда кеткені белгісіз болып қалды.
Жаулап алу соғыстары нәтижесінде құрылған Ескендір державасы ол қайтыс болғаннан кейін көп ұзамай патшаның қолбасшылары (диадохтар) арасында бөліске түсіп, ыдырап кетті. Соған қарамастан, Ескендір жорықтарының арқасында Шығыста грек мәдениеті кеңінен таралып, эллинизм дәуірінің негізі қаланды. Эллинизм — Жерорта теңізі тарихындағы Ескендір Зұлқарнайын қайтыс болғаннан бастап, осы аймақтарда Рим үстемдігі толық орнағанға дейінгі кезең (б.з.д. 30 жылға дейін).
Дереккөздер:
Большая российская энциклопедия
«Менің өмірім. Тәуелсіздікке» кітабы бойынша іздеу