Басты бетке қайту

Макс ван дер Стул (1924–2011)


Макс ван дер Стул
Дереккөз: Википедия

Макс ван дер Стул 1924 жылы 3 тамызда Нидерландының батысындағы Оңтүстік Голландия провинциясында дүниеге келген. Нидерландының ең көне университеті әрі Еуропаның зерттеу университеттері лигасының мүшесі Лейден университетінде (1575 жылы негізі қаланған) құқық және социология саласында білім алады. 1947 жылы құқық докторы, ал 1953 жылы социология докторы дәрежесін алған.

1946 жылы құрылған сәттен бастап Еңбек партиясына (нидерландтық социал-демократиялық саяси партия) мүше болып, партия Басқармасының құрамына кіреді. 50-ші жылдары партияның ғылыми-зерттеу орталығында (Wiardi-Beckman-Stiftung қоры) қызмет етті, 1963 жылдан бастап партияның халықаралық істер жөніндегі хатшысы болады.

1960–1970 жылдары Нидерланды парламентінің бірінші және екінші палаталарының депутаты болып сайланды, сыртқы істер жөніндегі мемлекеттік хатшы қызметін атқарды.

1973–1977 және 1981–1982 жылдар аралығында Нидерландының Сыртқы істер министрі болды. Осы қызметте жүріп, 1976 жылы Еуропалық Одақ кеңесінің президенті қызметін қатар атқарады.

1983 жылдан 1986 жылға дейін Нидерландының Біріккен Ұлттар Ұйымындағы (БҰҰ) елшісі қызметін атқарды. Кейін 1993 жылға дейін Нидерланды Мемлекеттік кеңесінің (үкімет жанындағы, саяси немесе әскери тәжірибесі сол тұлғалардан тұратын және Нидерланды королі басқаратын консультативтік орган) мүшесі болды.

1993–2001 жылдары - Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) Ұлттық азшылықтар істері жөніндегі Жоғарғы комиссары. Қызмет еткен жылдарында Қазақстанға бірнеше рет сапармен келіп, Қазақстан халқы Ассамблеясының тәжірибесі мен ұлтаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік саясатты зерттеді. Республикада оның қатысуымен үш халықаралық конференция мен семинар өткізілген. Бұрынғы Кеңес Одағы кеңістігі мен Еуропа елдерінде этносаралық қақтығыстар шиеленіскен кезеңде Макс ван дер Стул Қазақстанның әртүрлі этностық топтар мен конфессиялардың бейбіт қатар өмір сүруінің үлгісі бола алатынын атап өтті.

1991–1999 жылдары Ирактағы адам құқықтарының сақталуы жөніндегі БҰҰ-ның арнайы комиссиясын басқарды, 2001 жылы Еуропалық Одақтың Македония бойынша жалпы сыртқы және қауіпсіздік саясаты жөніндегі Жоғарғы өкілінің арнайы кеңесшісі болып тағайындалды.

1999–2001 жылдары Лейден университетінде адам құқықтары кафедрасын басқарды, 2001–2003 жылдары Тилбург университетінде (Нидерланды) халықаралық және еуропалық құқық бойынша шақырылған профессор болды.

1990–2000 жылдары — Еуропа Кеңесі Консультативтік Ассамблеясының, Еуропарламенттің, Солтүстік Атлантикалық Ассамблеяның мүшесі, БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі комиссиясының мүшесі, үш университеттің құрметті докторы, Карнеги қоры (әлем елдері арасындағы ынтымақтастықты ілгерілету жөніндегі сараптамалық-талдау орталығы) алқасының төрағасы, адам құқықтары, қақтығыстардың алдын алу және таратпау мәселелері бойынша көптеген мақалалардың авторы.

 

Дереккөздер:

Calendarz

Википедия

«Қазақпарат» ХАА

AI ассистент

Тілді таңдаңыз / Выберите язык

«Менің өмірім. Тәуелсіздікке» кітабы бойынша іздеу