Басты бетке қайту

Наполеон Бонапарт (1769–1821)


Франция императоры Наполеон Бонапарттың портреті. Суретші  Андреа Аппиани, 1805 ж.
Источник: Википедия

Наполеон Бонапарт 1769 жылы 15 тамызда Корсика аралында (Франция) Италиядан шыққан ұсақ поместьелі дворянның отбасында дүниеге келген. Бала кезінен әскери іспен әуестенген ол 1785 жылы Париж әскери мектебін бітіріп, артиллерия офицері қызметін бастаған.

1790 жылдары король ХVI Людовикті  құлатып, өлім жазасына кескен Ұлы француз революциясы басталғанда ол көрнекті әскери қабілеттерін көрсетіп, қызмет сатысымен тез көтеріле бастады. 1793 жылғы желтоқсанда Тулон қаласын басып алғаны үшін оған бригадалық генерал шені берілді. 1795 жылы қазанда Франция астанасы Парижде наразылық білдірушілерді зеңбіректермен атып, монархияның қалпына келтірілуін жақтаушылардың көтерілісін басады.

1796 жылы ол Италиялық науқанға басшылық етті, онда Австрия әскерлеріне қарсы бірқатар маңызды жеңістерге қол жеткізді, 1798-1799 жылдары Египетке әскери экспедицияны басқарды. Әскери жетістіктері оны өз заманының ең үздік қолбасшыларының бірі ретінде танымал етіп, мойындатты.

1799 жылы өзінің танымалдылығын пайдаланып, төңкеріс жасады (18 брюмер төңкерісі), нәтижесінде бірінші консул, ал кейін, 1802 жылы Францияның өмірлік консулы болды.

Ол елдің мемлекеттік құрылымын түбегейлі өзгертті, әкімшілік, әскери, ақша, салық және басқа да бірқатар реформалар жүргізіп, іс жүзінде қазіргі француз мемлекетінің негізін қалады. Алтын қорын сақтау үшін және ақшаны эмиссиялау үшін Франция Банкі құрылды; Рим Папасымен келісім жасалып, ол бойынша католицизм француздардың "көпшілік діні" деп жарияланды, бірақ діни сенім бостандығы сақталды және епископтарды тағайындау үкіметтің бақылауына берілді; орта мектеп - лицейлер жүйесі құрылды; салық салу және армия құрылымы реттелді; қуатты полиция мен құпия қызмет құрылды.

Наполеон революциялық анархияны жойып,  революцияның негізгі жетістіктерін (меншік құқығы, заң алдындағы теңдік, мүмкіндіктер теңдігі) баянды ете алды. 1804 жылғы наурызда Францияда негізгі бостандықтар мен азаматтық құқықтарды бекіткен Азаматтық кодекс қабылданды, ол тарихқа "Наполеон кодексі" ретінде  енді.

Наполеонның ішкі саясаты оның жеке билігінің күшеюіне ықпал етті. 1804 жылы Наполеон Бонапарт Бірінші Франция Республикасын таратып, өзін Франция императоры жариялады да, таққа отырды.

Франция императоры ретінде Наполеон Бонапарт бүкіл Еуропада бірқатар сәтті соғыстар жүргізіп, ел аумағын едәуір кеңейтті. Батыс және Орталық Еуропаның көптеген елдері Францияның тәуелділігіне түсті. Наполеонды ізет тұтушылар оны "Еуропаның алғашқы біріктірушісі" деп атайды.

Наполеон империясының күйрей бастауы 1812 жылы Ресейге жасаған жорықпен байланысты, бұл жорық оның әскерінің толық жеңілісімен аяқталды. 1814 жылы, Францияға қарсы коалиция әскерлері Парижге кіргеннен кейін, Наполеон Бонапарт тақтан бас тартты және жер аударылып, иелігіне  Жерорта теңізіндегі Эльба аралы мен шағын гарнизон берілді. 1815 жылы наурызда Эльбадан рұқсатсыз шығып, өзіне адал әскерлермен Парижге жорық жасайды да, Француз тағын қысқа уақыт қайта иеленеді, бұл кезең "Жүз күн" деген атпен белгілі. Ватерлоо шайқасында жеңілгеннен кейін, сол жылдың маусым айында ол тақтан екінші рет бас тартты және Атлант мұхитындағы Әулие Елена аралына жер аударылды.

Өмірінің соңғы жылдарын Әулие Елена аралында ағылшындардың тұтқыны ретінде өткізді. Осы кезеңде Наполеон Бонапарттың әскери науқандар туралы естеліктерін, Ұлы қолбасшылар туралы ойларын,  мәлімдемелері мен афоризмдерін қуғынға өз еркімен Наполеонға еріп  барған граф Лас Каза жазып қалдырған. Қолжазба кейіннен "Әулие Елена тұтқынының максимдары мен ойлары" атымен жарияланды.

Наполеон Бонапарт 1821 жылы 5 мамырда дүние салды, өзі айдалған Әулие Елена аралында жер қойнына тапсырылды. 1840 жылы Наполеон Бонапарт  сүйегінің қалдығы оның соңғы өсиетін орындау үшін Франция астанасы Парижге жеткізіліп, өз маршалдарының қатысуымен Мүгедектер Үйінің криптінде жерленді.

Наполеон Бонапарт әскери істен бастап мемлекеттік құрылысқа дейінгі түрлі салаларда айтарлықтай тарихи мұра қалдырды. Оның реформалары, Наполеон кодексі қазіргі француз мемлекеттігінің негізін қалады және көптеген елдердің құқықтық жүйелеріне зор ықпал етті. Авторитарлық стиліне, билікқұмарлығына және жаулап алу соғыстарына қарамастан, Наполеонның жеке басы биліктің шыңына  ең төменнен өз күшімен жеткен адамның, тарих бағытын өзгертетін көшбасшы бейнесінің символына айналды.

 

Дереккөздер:

Коммерсантъ

Дилетант

AI ассистент

Тілді таңдаңыз / Выберите язык

«Менің өмірім. Тәуелсіздікке» кітабы бойынша іздеу