
1967 жылғы жасалған «Солтүстік және Сібір өзендерінің ағынын бағыттау» жобасының карта-схемасы
Дереккөз: Живая история
Сібір өзендерін бұруды кеңес тарихындағы ең ауқымды жоба деп атады. Осы мәселе бойынша 20 жылға жуық уақыт бойы КСРО-ның 160-тан астам ұйымы жұмыс істеді. Схемалар мен сызбалардың орасан зор мөлшері жиналды – 50 томдық мәтіндік материалдар, есептеулер мен қолданбалы ғылыми зерттеулер және 10 альбом карталар мен сызбалар. Оның нәтижесі егістіктері мен оазистері құлпырған Орталық Азия және экологиялық апаттан аман қалған Арал теңізі болуы тиіс еді. Ойластырылған істің аз ғана бөлігін жүзеге асырудың сәті түсті. Бірақ Сібір өзендерінің сол баяғы тарихи бетбұрысы сол күйі орындалмады.
Обь пен Ертіс ағынының бір бөлігін Арал теңізі алабына бағыттау жобасын алғаш рет 1868 жылы Киев университетінің түлегі Я. Г. Демченко жасап шықты.
1948 жылы академик әрі жазушы В. А. Обручев Сібір өзендері ағынының бір бөлігін бұру мүмкіндігі туралы И. В. Сталинге хат жазды, бірақ ол бұл хатқа көңіл бөлмеді.
Дегенмен, 1933 жылдың өзінде-ақ КСРО Ғылым академиясының арнайы конференциясы «Волга өзені мен оның алабын қайта құру» жоспарын мақұлдады, оған Солтүстік Мұзды мұхитқа құятын екі солтүстік өзен — Печора мен Солтүстік Двина суларының бір бөлігін Волгаға бұру кірді. Нақты әзірлемелер тек 1960-жылдары, Қазақстан мен Өзбекстанда суаруға жұмсалатын су шығыны күрт артып, осы тақырыпта бүкілодақтық кеңестер өткізіле бастағанда ғана басталды: түрлі бейіндік институттар өзендерді бағыттаудың өз схемаларын ұсынды.
1961 жылғы қаңтарда Н.С. Хрущев осындай жобалардың бірін Кеңес Одағы Коммунистік Партиясы Орталық Комитетінің (КОКП ОК) қарауына ұсынды. 1964 жылы ол қызметінен шеттетілгеніне қарамастан, 1960-жылдардың соңында ірі өзендерді — Печора, Тобыл, Есіл, Ертіс және Обьты — бұру схемаларын әзірлеу жұмыстары қайта жанданды. 1968 жылы КОКП ОК пленумы КСРО Министрлер Кеңесінің Мемлекеттік жоспарлау комитетіне және КСРО Ғылым академиясына өзен ағынын қайта бөлу жоспарларын қарастыруды тапсырды. Шамамен сол уақытта Орталық Қазақстанды сумен қамтамасыз ету жобасының бөлігі деп санауға болатын Ертіс-Қарағанды суару-суландыру каналының құрылысы аяқталды.
1976 жылы КОКП-ның XXV съезінде ұсынылған төрт жобаның ішінен соңғы нұсқа таңдап алынып, оны жүзеге асыру жөніндегі жұмыстарды бастау туралы шешім қабылданды, ал жобалық қызметті қамтамасыз ету «1976–1980 жылдарға арналған КСРО халық шаруашылығын дамытудың негізгі бағыттарына» енгізілді.
Жобаның негізгі мақсаты — Сібір өзендері (Ертіс, Обь, Тобыл, Есіл және т.б.) ағынының бір бөлігін тұщы суға қатты зәру болып отырған ел өңірлеріне бағыттау болды. Жобаны КСРО Мелиорация және су шаруашылығы министрлігі (Минводхоз) әзірледі. Дәл осы уақытта Батыс Сібір жазығының солтүстік бөлігіндегі өзен суларын Арал теңізіне бұруға мүмкіндік беретін каналдар мен су қоймалары жүйесінің зор құрылысы дайындалып жатқан еді.
Жобаның үстінде 20 жылға жуық уақыт бойы КСРО-ның 160-тан астам ұйымы, оның ішінде 48 жобалау-іздестіру және 112 ғылыми-зерттеу институты (олардың қатарында КСРО Ғылым академиясының 32 институты бар), 32 одақтық министрлік және одақтық республикалардың 9 министрлігі жұмыс істеді. 50 томдық мәтіндік материалдар, есептеулер мен қолданбалы ғылыми зерттеулер және 10 альбом карталар мен сызбалар дайындалды.
Жобаның бірінші кезеңінің («Сібір — Орта Азия» каналы) алдын ала құны шамамен 32,8 млрд рубльге бағаланды.
1986 жылғы 14 тамызда КОКП ОК Саяси бюросының арнайы отырысында жұмыстарды тоқтату туралы шешім қабылданды. Мұндай шешімнің қабылдануына баспасөздегі көптеген жарияланымдар да әсер етті, олардың авторлары жобаға қарсы шығып, оны экологиялық тұрғыдан апатты деп мәлімдеді. Бағыттау жобасына қарсы топ негізгі шешімдер қабылдайтын тұлғаларға (КСРО Ғылым академиясының Президиумы, Министрлер Кеңесі) Минводхоздың (Су шаруашылығы министрлігі) барлық жобалық құжаттамасын әзірлеу кезінде жіберілген өрескел қателіктер туралы фактілерді жеткізу науқанын ұйымдастырды. Атап айтқанда, КСРО Ғылым академиясының бес бөлімшесінің теріс сараптамалық қорытындылары дайындалды. Бір топ академик жобаның қарсыласы, академик А. Л. Яншин (мамандығы — геолог) дайындаған Орталық Комитетке арналған «Солтүстік өзендер ағынының бір бөлігін бағыттаудың апатты салдарлары туралы» хатқа қол қойды. Академик Л. С. Понтрягин М. С. Горбачевке жобаны сынай отырып жеке хат жазды.
Көптеген мұқият ойластырылған жобалар мен ішінара салынған каналдарға қарамастан, 1986 жылғы 14 тамызда КОКП ОК Саяси бюросының арнайы отырысында жұмыстарды тоқтату ұйғарылды. Сібір өзендерін бұруды тым шығынды, негізсіз және экология үшін қауіпті деп атаған ғалымдардың көптеген баяндамалары бұған себеп болды. Канал жобаларын мұқият тексеру де өз рөлін атқарды – онда маңызды қателіктер анықталды. Бірнеше академик тіпті жобаның өңірлер үшін барлық апатты салдарларын сипаттаған хат құрастырды.
Кейіннен Сібір жобасы туралы мәселе бірнеше рет көтерілді. Мәскеу мэрі Юрий Лужков 2002 жылы Сібір өзендерін Азияға бұру қажеттілігі туралы мәлімдеді.
Дереккөздер:
Табиғатты қайта құрудың ұлы кеңестік жоспары
«Менің өмірім. Тәуелсіздікке» кітабы бойынша іздеу