Басты бетке қайту

Лаврентий Берия (1899-1953)

Лаврентий Берия, «Огонек» журналындағы суреті, № 13, 1946

ДереккөзВикипедия

Лаврентий Павлович Берия 1899 жылы 17 (29) наурызда Кутаиси губерниясының Сухуми округінің Мерхеули ауылында (қазіргі – Абхазия Республикасы) дүниеге келген. Бастауыш білімін Сухумиде (Абхазия) алды, содан кейін Бакудегі (Әзербайжан) механикалық-техникалық құрылыс училищесінде оқыған. Отбасын асырау үшін Нобель мұнай компаниясының кеңсесінде жұмыс істеді.

1917 жылы Ресей социал-демократиялық жұмысшы партиясына (большевиктер) – РСДРП (б) қосылды. 1920 жылдан бастап Әзербайжанның, содан кейін Грузияның контрреволюцияға, алыпсатарлыққа, бандитизмге (ЧК) қарсы күрес жөніндегі төтенше комиссиясында жұмыс істеген. 1926 жылдың желтоқсан айынан бастап Грузияның Мемлекеттік саяси басқармасының (ГПУ, бұрынғы ЧК) басшысы, Грузия КСР Ішкі Істер Халық Комиссары (1927-1930) болған. Грузия КП(б) орталық комитетінің 1-хатшысы (1931 ж.қараша – 1938 ж. тамыз). Грузия Республикасын басқарған кезде Лаврентий Берияның ерекше ұйымдастырушылық қабілеттері көрінеді – өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, курорттық іс аймақта тез дамып, ірі өндірістік және энергетикалық нысандар іске қосылды, халықтың әл-ауқаты артты.

1938 жылы Лаврентий Берия НКВД (Ішкі істер халық комиссариаты) басшысы болып тағайындалды, оның орнына 30-шы жылдардағы «Үлкен Террор» кезеңінің негізгі қайраткерлерінің бірі Николай Ежов келді. Оның келуімен НКВД аппараты айтарлықтай жаңартылды, «жаппай тазарту» және «Ежов терроры» практикасы тоқтатылды, «халық жауларына» қарсы кең ауқымды күрес нүктелік акциялармен ауыстырылды, бұрын ұсталғандардың көбі босатылды, істер ішінара қайта қаралды. Бұл ретте келіспеушілікті, шетелдіктермен байланыстарды қадағалаудың неғұрлым қатаң және тиімді жүйесі құрылды. Сыртқы барлау құрылымында Еуропада, Жапонияда және Америкада кең агенттік желі құрылды. 1941 жылдың ақпанынан бастап Лаврентий Берия тағы да бірнеше салаға жетекшілік етті, атап айтқанда, орман, мұнай, түсті металдар.

Ұлы Отан соғысы кезінде (1941-1945) Лаврентий Берия тылды ұйымдастыруда және қауіпсіздікті қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарды. Ол қару-жарақ пен оқ-дәрілердің, ұшақтар мен әуе қозғалтқыштарының өндірісін, тылдағы тәртіпті қамтамасыз ететін, НКВД іс-қимылдарына, соның ішінде неміс тылында жасырын жұмыстарға және партизандар отрядтарына белсенді қатысатын НКВД қызметкерлерінен арнайы бөлімшелер құруды қадағалады. Алайда, ол соғыс кезінде жүзеге асырған ең танымал операция фашистермен жаппай ынтымақтастық жасады деп айыпталған кейбір халықтарды, негізінен Кавказ бен Қырымды депортациялау болды. 1943-1944 жылдары миллионға жуық шешендер, ингуштар, қалмақтар, Қырым татарлары және басқа ұлт өкілдері майдан шебіне жақын орналасқан тұрғылықты жерлерінен Қазақстанға, Қырғызстан мен Сібірге жер аударылды. Бұл адамдардың едәуір бөлігі жолда немесе көшірілген орындарына жеткенде қайтыс болды.

Соғыстан кейін Кеңес Одағының маршалы атағын алған Лаврентий Берия ішкі істер министрінің бірінші орынбасары болып тағайындалды және сонымен қатар қауіпсіздік органдарын бақылауды жалғастырды. 1945 жылдан бастап оған кеңестік «ядролық жобаны» – атом бомбасын және КСРО-ның бүкіл атом саласын құру жүктелді.

Соғыс кезінде қансыраған, экономикасы бұзылған және адам шығыны көп мемлекет үшін бұл ең қиын, бірақ өмірлік маңызды міндет болатын. Лаврентий Берия бұл қызметте өзін қатал және тиімді ұйымдастырушы және басқарушы ретінде көрсетті. Ол қажетті барлау ақпаратын алуды, зерттеу үшін қаржыландыру мен ресурстармен қамтамасыз етті, ғалымдардың жұмысына жағдай жасап отырды, сонымен қатар жобаға қатысатын мамандарға, барлық мүмкін әдістерді – ынталандырудан репрессияға дейін қолданып, кәсіпорындар мен ұйымдардың қызметіне қатаң қадағалау мен бақылауды жүзеге асырды.

Атом бомбасын жасаудың негізгі жұмыстары рекордтық мерзімде аяқталып, 1949 жылы КСРО өзінің алғашқы ядролық қаруын сәтті сынақтан өткізді. Мемлекеттің Атом инфрақұрылымының негізі қаланды. Жоба қатысушылары, тарихшы зерттеушілер, ғалымдар 200 000-нан астам адам қатысқан «ядролық жобаны» сәтті жүзеге асырудың негізгі буыны Лаврентий Берия деген ортақ пікірмен келіседі.

1953 жылы Иосиф Сталин қайтыс болғаннан кейін, Лаврентий Берия елде реформалар мен саяси бағытты өзгерту қажет деп өз позициясын нығайтуға тырысты. Алайда, партияішілік күрес нәтижесінде 1953 жылғы маусымда қамауға алынып, оған мемлекетке және партияға қарсы қызмет етті деген айып тағылып, оны тыңшы және арандатушы деп жариялайды, барлық лауазымдарынан, атақтарынан және марапаттарынан айырып, ату жазасына кесілді. 1953 жылғы 23 желтоқсанда үкім орындалады.

Лаврентий Берия КСРО тарихындағы ең даулы тұлғалардың бірі болып қала береді, ол өзі қызмет еткен жүйенің бейнесі іспетті. Қуғын-сүргін, депортация және лагерьлерді ұйымдастыру оның бойында ірі атом жобасына жетекшілік еткен ұйымдастырушылық қабілетімен және темірдей ерік-жігерімен астасып жатты.

Дереккөздер:

Үлкен Кеңес энциклопедиясы

Ресей Федерациясының Тарихи порталы

AI ассистент

Тілді таңдаңыз / Выберите язык

«Менің өмірім. Тәуелсіздікке» кітабы бойынша іздеу