Басты бетке қайту

Николай Трубецкой (1890–1938)


Николай Трубецкой
Дереккөз: Wikimedia Commons

Николай Сергеевич Трубецкой 1890 жылы Мәскеуде (Ресей) дүниеге келген. Трубецкойлардың дворян әулетінен шыққан. Оның әкесі Мәскеу университетінің (қазіргі Мәскеу мемлекеттік университеті) ректоры болған.

13 жасынан бастап Мәскеу университеті жанындағы Мәскеу жаратылыстану, антропология және этнография әуесқойлары қоғамының этнографиялық бөлімінің отырыстарына қатыса бастайды. 15 жасында фин-угор этнографиясы бойынша өзінің алғашқы ғылыми жұмысын жариялайды. 1907 жылы солтүстік кавказ және чукот-камчат тілдерінің грамматикалық құрылымын зерттеуге кірісіп, онымен 1917 жылға дейін айналысты.

1913 жылы Мәскеу университетінің тарих-филология факультетін бітіреді. Бастапқыда философия бөлімінде оқып, кейін тіл біліміне, содан соң салыстырмалы тіл білімі бөліміне ауысты. 1913–1914 жылдары Лейпциг университетінде (Германия) тағылымдамадан өтті. Оралғаннан кейін Мәскеу университетінде дәріс берді.

1917 жылы Кавказға жұмыс сапарымен аттанады. Басталған революцияға байланысты Мәскеуге қайтпауға шешім қабылдап, Кисловодскіде қалады. 1918 жылы Ростов университетінде жұмыс істеді.

1920 жылы Болгарияға көшіп, София университетінде сабақ бере бастайды. Сол жылы «Еуропа және адамзат» атты кітабын жазды, онда Еуропаны мәдениеті эволюциялық процестің шыңы болып табылатын «жалпыадамзаттық өркениет» ретінде қарастыратын тұжырымдаманы жоққа шығарды. Романо-германдық емес халықтардың еуропалануына қарсы шықты. Бұл еңбек евразияшылдыққа — Ресейді Шығыс пен Батыс элементтерін біріктірген өзіндік өркениет деп санайтын философиялық ой бағытына негіз болды.

1923 жылы Венаға (Австрия) көшіп барып, Вена университетінде жұмыс істейді, славян тілдері мен әдебиетінен дәріс береді. 1920-30 жылдары евразияшылдық қозғалысының белсенді мүшесі болады. Бағдарламалық жинақтарды («Шығысқа бет алу» (1921), «Жол үстінде» (1922), «Ресей және латындық» (1923) және т.б.) құрастыруға қатысады, евразияшылдардың мерзімді басылымдары ( «Евразиялық шежірелер» журналы, «Евразия» газеті) үшін материалдар дайындайды.

1926 жылы Прага лингвистика үйірмесінің (құрылымдық лингвистиканың негізгі орталықтарының бірі) негізін қалаушылардың бірі болды.

1920 жылдардың соңы – 1930 жылдардың басында өзінің фонологиялық теориясымен жұмыс істеді, бұл теория бойынша фонема (тілдің ең кіші бірлігі) ең алдымен мағына ажыратушы қызмет атқарады.

1938 жылы Австрия аншлюсінен (аннексия) және оның Германияға қосылуынан кейін гестапо тарапынан қуғынға ұшырады. Ғалымның пәтерінде тінту жүргізіліп, қолжазбаларының басым бөлігі тәркіленіп, кейіннен жоғалып кетті. Осы оқиғадан көп ұзамай Николай Трубецкой инфаркттан қайтыс болады.

Өзінің психологиялық ерекшеліктеріне байланысты Н. Трубецкой саясаттан гөрі сабырлы, академиялық жұмысты жөн көрді. Оған саяси публицистика жанрында мақалалар жазуға тура келсе де, ол ұйымдастырушылық-насихаттық қызметке тікелей қатысудан қашты және евразияшылдықтың саясатқа бет бұрғанына өкініш білдірді. Сондықтан «Евразия» газетіне қатысты оқиғада ол қозғалыстың солшыл қанатына қатысты кесімді-мәмілесіз позиция ұстанып, евразиялық ұйымнан шығып кетеді. Тек бірнеше жылдан кейін жаңартылған басылымдарда жарияланымдарын қайта жариялай бастады.

 

Дереккөздер:

Университеттік кітапхана Online

Ресейлік үлкен энциклопедия

РҒА ФИ (Ресей Ғылым академиясының Философия институты) электрондық кітапханасы

Александр Солженицын атындағы шетелдік орыс үйі

Соболев А.В. Евразияшылдықтың негізін қалаушылардың бірі (Жаңа философиялық энциклопедия. Төрт томдық. / РҒА Философия институты. Ғылыми-редакциялық кеңес: В.С. Степин, А.А. Гусейнов, Г.Ю. Семигин. М., Мысль, 2010).

AI ассистент

Тілді таңдаңыз / Выберите язык

«Менің өмірім. Тәуелсіздікке» кітабы бойынша іздеу