Басты бетке қайту

Конституция

Конституция — латын тілінен аударғанда «бекіту, құру, құрылым» деген мағынаны білдіреді. Бірқатар тарихшылардың пікірінше, «конституция» сөзі нормативтік-құқықтық термин ретінде алғаш рет Ежелгі Римнің Rem Publicum Constituere... — «Рим халқы бекітеді...» деген сөз тіркесінен басталатын актілерінде қолданылған.

Конституциялардың пайда болуына «Еркіндіктің ұлы хартиясы» (Англия, 1215 ж.), «Алтын булла» (Венгрия, 1222 ж.), «Уния артықшылығы» (Испания, 1287 ж.), «Ұлы наурыз ордонансы» (Франция, 1357 ж.), «Нешава статуттары» (Польша, 1454 ж.), «Радом конституциясы Nihil novi» (Польша, 1505 ж.), Литва Ұлы кінәздігінің Статуты (1529 ж.) сияқты актілер алғышарт болды. Сан-Маринода осы уақытқа дейін 1600 жылғы Статут қолданыста. Алты кітаптан тұратын заңдар жиынтығы болып табылатын бұл құжат әлемдегі ең көне конституция болып саналады (1974 жылы ол Азаматтардың құқықтары мен мемлекеттік құрылымның негізгі принциптері туралы декларациямен толықтырылып, ел конституциясының бөлігіне айналды).

Бұл сөздің қазіргі мағынасындағы конституциялар Солтүстік Америкада пайда болды. Олардың алғашқысын 1639 жылы ағылшын колониясы Коннектикут қабылдады («Коннектикуттың іргелі заңдары»). 1787 жылғы 17 қыркүйекте алғашқы жалпымемлекеттік негізгі заң — АҚШ Конституциясы қабылданды (осы күнге дейін қолданыста). 1791 жылғы 3 мамырда Польша, 1791 жылғы 3 қыркүйекте Франция конституция қабылдады, олардан кейін Гаити (1804 ж.), Венесуэла (1811 ж.), Норвегия мен Мексика (1814 ж.) және басқа елдер ілесті.

Бүгінде әлемнің барлық дерлік елдерінде конституция бар. Олардың көбісі америкалық конституцияның үлгісімен жазылған, мысалы, Латын Америкасы мемлекеттерінің негізгі заңдары.

Сонымен қатар, көптеген елдер негізгі заңды әзірлеу кезінде өз дәстүрлерін ескеріп, төл жолын іздеді. Мысалы, Ұлыбритания, Жаңа Зеландия және Израильде ресми тұрғыдан біртұтас конституция жоқ. Бұл елдерге қатысты «жазылмаған» конституция термині қолданылады. Бұл термин мемлекет пен қоғам арасындағы қатынастарды реттейтін заңдардың белгілі бір жиынтығын білдіреді, оның құрамына конституциялық актілерден бөлек, прецедент сипатына ие сот шешімдері мен кейбір құқықтық әдет-ғұрыптар кіреді. Ұлыбританияда конституцияға жататын құжаттардың нақты тізімі де жоқ. Жаңа Зеландияда ағылшын және жаңазеландиялық парламенттердің актілері, ал Израильде — 1948 жылғы Тәуелсіздік декларациясы, 11 негізгі заң және әртүрлі жылдары қабылданған жекелеген заңнамалық актілер қолданылады. Мұндай конституциялар «икемді» деп аталады, өйткені олардың құрамындағы актілер кәдімгі заңдар сияқты тәртіппен өзгертіле береді.

Конституция — мемлекеттің негізгі заңы, жоғары заңдық күшке ие, мемлекеттік құрылымды айқындайтын, заң шығарушы және атқарушы билік органдарының құрылуын реттейтін, сайлау жүйесінің принциптерін белгілейтін, азаматтардың құқықтары мен міндеттерін бекітетін ерекше нормативтік құқықтық акт.

Елдердің басым көпшілігінде Конституция құрылтай жиналысы (конституцияны қабылдау үшін арнайы құрылған мемлекеттің жоғары органы) арқылы немесе референдум жолымен қабылданады.

Конституцияның күші мемлекеттің бүкіл аумағына таралады. Барлық қосымша құжаттар, соның ішінде заңдар мен мемлекеттік органдардың өзге де актілері Конституция негізінде және соған сәйкес шығарылады.

Қазақстан Республикасының Конституциясы

Қазақстан Республикасының қолданыстағы Конституциясы 1995 жылғы 30 тамызда бүкілхалықтық референдумда қабылданды. Бұл күн мемлекеттік мереке — Қазақстан Республикасының Конституциясы күні болып табылады.

Елдің негізгі заңын қабылдау алдында Конституция жобасын ел халқының кеңінен талқылауы жүргізілді. Жалпы алғанда, жоба бойынша 33 мыңға жуық ұжымдық талқылау өтті, оған 3 миллионнан астам азамат қатысты. Талқылау кезінде 30 мыңға жуық ұсыныс пен ескерту енгізілді. 55 бапқа 1100-ден астам түзетулер мен толықтырулар енгізілді.

Қазақстан Республикасының Конституциясы 9 бөлімнен және 98 баптан тұрады. Бірінші бөлімде — «Жалпы ережелерде» Қазақстан Республикасы қызметінің негіз қалаушы принциптері ашылады; халық мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы болып табылатыны бекітілген; президенттік басқару нысаны мен қолданыстағы құқық айқындалған; идеологиялық және саяси әртүрлілік танылады; меншікке қатысты ережелер тұжырымдалған.

Адамның құқықтары, бостандықтары, міндеттері туралы, азамат және азаматтық туралы ережелер екінші бөлімде — «Адам және азаматта» жинақталған. 3, 4, 5-бөлімдерде президентті, парламентті және үкіметті сайлау және тағайындау ережелері, олардың өкілеттіктері, функциялары, әртүрлі саяси жағдайлардағы іс-қимыл бағыттары, басқа органдармен қарым-қатынасы, елдің экономикалық даму саласындағы жұмысы, ішкі және сыртқы саясатты жүргізу көрсетілген.

6-бөлімде Конституциялық Кеңестің қызмет бағыттары мен құрылымы көрсетілген, 7-бөлімде соттар мен сот жүйесінің қалыптасу ережелері мен қызметінің мазмұны көрініс тапқан. Жергілікті мемлекеттік басқару мен өзін-өзі басқаруды жүзеге асыру ережелері 8-бөлімде тұжырымдалған. 9-бөлімде қорытынды және өтпелі ережелер берілген.

Елдің қолданыстағы Конституциясы қазақ және орыс тілдерінде жасалған. Мемлекеттік тіл — қазақ тілі, бірақ мемлекеттік органдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында онымен қатар орыс тілі де қолданылады. Қазақ тілінің ерекшеліктері мен заң терминдерінің аударылуына байланысты қазақ тіліндегі Конституциядағы сөздер саны орыс тіліндегі нұсқасынан көбірек (7168 сөзге қарсы 8904 сөз).

 

Дереккөздер:

Қазақстан Республикасының Конституциясы

NUR.kz

«Қазақстан тарихы» интернет-жобасы

ТАСС

Википедия

 

AI ассистент

Тілді таңдаңыз / Выберите язык

«Менің өмірім. Тәуелсіздікке» кітабы бойынша іздеу