Басты бетке қайту

Кемал Ататүрік (1881–1938)


Кемал Ататүрік
Дереккөз: Биограф

Мұстафа Кемал Ататүрік 1881 жылы Осман империясының Салоники қаласында (қазіргі Грекия) дүниеге келеді. Ол бұрынғы кеден қызметкері, ағаш саудагерінің отбасында тәрбиеленген.

1905 жылы Стамбулдағы Оттоман әскери колледжін бітіріп, өзінің саяси қызмет жолын бастайды.

Ол бірінші дүниежүзілік соғыстың басында Чанаккале шайқасында түрік әскерлеріне сәтті қолбасшылық етеді. Дивизия командирінен бастап армия қолбасшысына дейінгі жолдан өтіп, генерал атағын алады.

1919 жылы Анатолиядағы (түбек, Түркия аумағының негізгі бөлігі) ағылшын-грек оккупациялық әскерлеріне қарсы ұлттық қарсылық қозғалысын басқарады. Құқықтарды қорғау өкілдік комитетінің (1919-1920 жылдары тәуелсіздік жолындағы күреске жетекшілік еткен құрылым) төрағасы және Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісінің (ТҰҰМ, Түрік Республикасының жоғары бір палаталы заң шығарушы органы) басшысы ретінде патриоттық ұйымдардың біртұтас ұлттық фронтқа бірігуіне қол жеткізді.

Шетелдік интервенттерге қарсы соғыста түрік әскерлерін басқарды. Сакария өзеніндегі шайқастардағы жеңісі үшін маршал атағын алады. Оның басшылығымен грек армиясының жеңілуіне және Анатолияның азат етілуіне жол ашқан шабуыл операциясы жүргізілді.

1923 жылдың күзінде Түркияның тұңғыш президенті атанады.

Соғыстың жеңіспен аяқталуы елді жаңғыртуға және Түркияны зайырлы мемлекетке айналдыруға бағытталған «кемалистік реформаларды» жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Мұстафа Кемалдың бастамасымен сұлтандық жойылады (1922), республика жарияланды (1923), дін мемлекеттен бөлініп, халифат тоқтатылды, көп әйел алуға тыйым салынып, әйелдерге сайлау құқығы берілді. Жаңа азаматтық және қылмыстық кодекстер енгізіліп, киім реформасы, тіл реформасы және басқа да өзгерістер жүргізілді. Түркия экономикасын дамыту мақсатында өнеркәсіпті ынталандыру шаралары әзірленді.

Оның басқаруы кезінде Түрік Республикасы бірқатар елдермен дипломатиялық серіктестік орнатып, Ұлттар Лигасына мүше болуға шақырту алды. Мұстафа Кемал Балқан мен Таяу Шығыстағы ұжымдық қауіпсіздік мәселелеріне үлкен көңіл бөлді, шығыс елдерімен ынтымақтастықты нығайту үшін мемлекеттің тиімді географиялық орналасуын шебер пайдаланды.

Ол басқарудың біршама қатаң әдістерін ұстанды, түбегейлі реформаларды жүзеге асыру және османдық тәртіпті қайта орнату әрекеттеріне қарсы тұру үшін күшті орталықтандырылған биліктің қажеттілігіне сенді.

Ұлттық мемлекеттілікті құру, Түркияның экономикалық және мәдени дамуы жолындағы күш-жігері Мұстафа Кемалға ел ішінде үлкен бедел әкелді. 1927, 1931 және 1935 жылдары (1938 жылы қайтыс болғанға дейін) ол Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісі тарапынан президенттік лауазымға қайта сайланды.

1934 жылы түрік парламенті Мұстафа Кемалдың халық пен мемлекет алдындағы еңбегін мойындап, оған «Ататүрік» («түріктердің атасы» немесе «ұлы түрік») тегін берді.

Кемал Ататүрік Түрік Республикасының қалыптасу тарихын өз еңбектерінде баяндады. Олардың көбісі, соның ішінде «Нұтқ» (Сөз) еңбегі бүгінгі күнге дейін қайта басылып шығуда, ал одан алынған дәйексөздерді қазіргі саясаткерлер өз сөздерінде жиі қолданады.

Ол ұсынған және «кемализм» деп аталған идеология осы уақытқа дейін Түрік Республикасының ресми идеологиясы болып саналады. Ол 1937 жылғы ел конституциясында бекітілген 6 тармақты қамтиды: халықшылдық, республикашылдық, ұлтшылдық, зайырлылық, этатизм (экономикадағы мемлекеттік бақылау) және реформизм.

Түркия үшін Кемал Ататүрік — елдің мемлекеттілікке қол жеткізуіне және өркениетті даму жолына түсуіне мүмкіндік берген тұлға. Түркияда жыл сайын 10 қарашада, оның қайтыс болған күнінде Кемал Ататүрікті еске алу күні атап өтіледі. Ол қайтыс болған сағатта бүкіл елде сиреналар естіледі, жаяу жүргіншілер мен қоғамдық көліктер оны бір минуттық үнсіздікпен еске алу үшін тоқтайды. Кемал Ататүрік «Анытқабір» кесенесінде жерленген.

Ататүрік қайтыс болғаннан кейін Түркияда оның тұлғасына табыну қалыптасты. Әрбір түрік қаласында республиканың тұңғыш президентіне ескерткіш қойылған, оның портреттері банкноттар мен монеталарда бейнеленген және барлық мемлекеттік мекемелерде ілулі тұр. 1951 жылы Ататүріктің аруағына тіл тигізгені үшін қылмыстық жауапкершілікті қарастыратын заң қабылданды. Сонымен қатар, 19 мамыр — 1919 жылы Ататүрік Самсун қаласында түрік жастарының алдында сөйлеген сөзінде оккупациялық күштерге қарсы мобилизация жариялаған күн — Түркияда Ататүрікті еске алу, жастар және спорт күні ретінде атап өтіледі.

2009 жылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Астанада Кемал Ататүрікке арналған ескерткіш ашты. «Біз елордамызда адамзат тарихында елді іріткіден құтқарып, өз мемлекетін сақтап қалған жаңашыл тұлға ретінде қалған ұлы түрік – Мұстафа Кемал Ататүрікке ескерткіш ашып отырмыз. Бүгінде Түркия осы еңбектердің арқасында сыйлы, дамыған, тамаша мемлекетке айналды», – деді Қазақстан Президенті ескерткіштің ашылу салтанатында.


Астанадағы Кемал Ататүрік ескерткіші
Дереккөз: E-history.kz

Кемал Ататүрікке арналған ескерткіштер Түркияның әрбір қаласында ашылған, оның портреттері барлық мемлекеттік мекемелерде, банкноттар мен монеталарда бейнеленген. Түркиядан тыс жерлерде де ескерткіштері Әзербайжанда, Жапонияда, Израильде және Венесуэлада бой көтерген. Түркия, Грекия және Болгарияда оның есімімен аталған мұражайлар ашылған. 


Түркия астанасы Анкарадағы Кемал Ататүрік және Тәуелсіздік үшін соғыс мұражайы
Дереккөз: Кемал Ататүрік және Тәуелсіздік үшін соғыс мұражайының сайты

 

Дереккөздер:

Қазақстан тарихы сайты

Ататүрік және Тәуелсіздік үшін соғыс мұражайының сайты

Кавказ хабаршысы 

Контур 

Білім. Вики 

Биограф

ТАСС

AI ассистент

Тілді таңдаңыз / Выберите язык

«Менің өмірім. Тәуелсіздікке» кітабы бойынша іздеу