Басты бетке қайту

Биліктің заң шығарушы және атқарушы тармақтары

Биліктің бөлінуі – мемлекеттік биліктің заң шығарушы, атқарушы және сот органдары арқылы бір-біріне тәуелсіз және олардың өкілеттік ауқымын теңгеріп тұратын механизмдер болған жағдайда жүзеге асырылатын мемлекеттік билікті ұйымдастыру мен іске асыру принципі.

Қазіргі заманғы биліктің бөлінуінің негізінде жатқан идея Рим республикасының конституциясында — прецеденттік, әдетте жазылмаған принциптер жиынтығында қаланған. Биліктің бөліну теориясының одан әрі дамуы XVII ғасырда билікті екі тармаққа бөлу теориясын жасаған Дж. Локтың және француз ағартушыларының, әсіресе осы принципті неғұрлым негізді түрде зерттеген Шарль Луи Монтескьенің есімдерімен байланысты.

Билік тармақтарының әрқайсысы (заң шығарушы, атқарушы және сот) өз өкілеттіктерін іске асыруда дербес және тәуелсіз; билік тармақтарының ешқайсысы басқа тармақтың функцияларын орындауды өзіне ала алмайды. Осылайша, мемлекеттік билік органдары арасында биліктің бір адамның немесе органның қолына шамадан тыс шоғырлануына жол бермейтін, бірін-бірі тежеп, бақылауға мүмкіндік беретін өзара қарым-қатынас тәртібі орнатылады. Мемлекетте авторитарлық және тоталитарлық үрдістердің дамуына кедергі келтіретін, қоғамдағы бостандықты, адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды қамтамасыз ететін қосымша құқықтық кепілдіктер жасалады.

Заң шығарушы билік органдарының негізгі функциясы – заңдар қабылдау. Сонымен қатар, заң шығарушы биліктің бақылау өкілеттіктері бар, ол атқарушы және сот билігі органдарын қалыптастыруға қатысады. Заң шығарушы билік сайлау негізінде құрылады, онда халық өз өкілдеріне билік өкілеттіктерін береді (делегирлейді) және осылайша өкілді органдарға мемлекеттік билікті жүзеге асыруға құқық береді. Ұлттық заң шығарушы органның жалпы қабылданған атауы – Парламент.

Атқарушы билік – мемлекеттік басқару жүйесінің «атқаруға», яғни саясатты жүзеге асыруға жауап беретін тармағы. Алайда, іс жүзінде оның жауапкершілік саласы бұл анықтамадан әлдеқайда кең және күрделірек. Атқарушы биліктің құрылымы да күрделі. Біріншіден, атқарушы билік жүйесінде саяси және бюрократиялық элементтер, яғни саясаткерлер мен мемлекеттік қызметшілер немесе кеңірек айтқанда, саясат пен әкімшілік саласы болады. Екіншіден, атқарушы биліктің ішінде мәртебесі мен жауапкершілік салалары бойынша өз бөліністері бар. Ассамблеялар (парламенттер) парламентарийлердің ресми теңдігі принципі бойынша жұмыс істесе, атқарушы билік, әдетте, «пирамида» сипатта болып, иерархиялық түрде ұйымдастырылады: мұнда, қарапайым тілмен айтқанда, әрқашан біреуі «маңыздырақ», ал біреуі «төменірек».

Саяси және бюрократиялық элементтер арасындағы айырмашылықтар, кем дегенде теория жүзінде, өзіне тән саяси рекрутинг механизмдері бар парламенттік жүйелерде неғұрлым айқын көрінеді. Мұнда атқарушы биліктің жоғары саяси буынын (бұл Премьер-министр және кабинет министрлері) парламентке сайланған және парламент алдында есеп беретін саясаткерлер құрайды: олардың міндеті – өз партиясының саяси және идеологиялық басымдықтарына сәйкес саясатты әзірлеу және жүргізу.

Атқарушы билік органдары заңдар мен өзге де құқықтық актілердің іс жүзінде орындалуын ұйымдастырады. Атқарушы билік заңға негізделген сипатта болады және атқарушы билік органдарының барлық іс-әрекеттері мен актілері заңға сүйенеді, оған қайшы келмеуі тиіс және заңды орындауға бағытталады. Олардың «атқарушы органдар» деп аталуы да осыдан. Көптеген мемлекеттер мен елдерде атқарушы билікті Үкімет білдіреді.

Сот билігі органдары конституциялық, азаматтық және қылмыстық сот ісін жүргізу арқылы әділ сотты жүзеге асырады.

Дереккөздер:

Қазақстан Республикасының Конституциясы

Қазақстан Республикасының Парламенті

Википедия https://ru.wikipedia.org/wiki/Разделение_властей

Хейвуд Э. Саясаттану

AI ассистент

Тілді таңдаңыз / Выберите язык

«Менің өмірім. Тәуелсіздікке» кітабы бойынша іздеу