Басты бетке қайту

Гурбангулы Бердімұхамедов (1957 жылы туған)


Түрікменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов
Дереккөз: Ресейдің Халықаралық істер жөніндегі кеңесі (ХІРК) (РСМД)

Гурбангулы Мәлікгулыұлы Бердімұхамедов 1957 жылы 29 маусымда Түрікмен КСР-і, Ашхабад облысы, Баба-Араб (қазіргі Бабаарап, Түрікменстан) ауылында мұғалімнің отбасында дүниеге келген.

Түрікмен мемлекеттік медицина институтының (қазіргі Түрікмен мемлекеттік медицина университеті) стоматология факультетін, кейін аспирантураны бітірген. 1980 жылы стоматолог-дәрігер болып жұмыс істей бастады, кейін Түрікмен медицина институты стоматология факультетінің деканы болды, медицина ғылымдарының докторы және профессор атанды.

1995–1997 жж. — Түрікменстан Денсаулық сақтау және медицина өнеркәсібі министрлігі жанындағы стоматологиялық орталықтың директоры.

1997–2007 жж. — Президент Сапармұрат Ниязовтың үкіметінде Түрікменстанның Денсаулық сақтау және медицина өнеркәсібі министрі.

2001–2007 жж. — Түрікменстан Министрлер Кабинеті төрағасының орынбасары. 2006 жылғы қарашада Гурбангулы Бердімұхамедов Минскіде өткен Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының (ТМД) саммитінде Түрікменстанның атынан қатысты.

Президент Сапармұрат Ниязов қайтыс болғаннан кейін Халық Кеңесінің делегаттары вице-премьер Гурбангулы Бердімұхамедовты Түрікменстан президенті сайлауына қатысуға біртұтас дауыспен ұсынды. 2007 жылғы ақпанда саясаткер сайлаушылардың 89,23% дауысын жинап, елдің екінші президенті болып сайланды. Мемлекет басшысы ретіндегі алғашқы ресми сапарын Сауд Арабиясына жасап, ислам әлемінің қасиетті жерлеріне барып, ұмра (кіші қажылық) парызын өтеді.

Түрікменстан президенті лауазымына екі рет қайта сайланды: 2012 жылғы ақпанда сайлаушылардың 97,14%-ы (келу көрсеткіші 96,28% болды) және 2017 жылы 94,27% дауыспен жеңіске жетті. 2007 жылдан 2022 жылдың наурызына дейін ел үкіметін  басқарды.

2010 жылы Гурбангулы Бердімұхамедов түрікмен тілінен аударғанда «жебеуші» немесе «қорған» деген мағынаны білдіретін Аркадаг титулын иеленді. 2015 жылы ел астанасы Ашхабадта Гурбангулы Бердімұхамедовтың ахалтеке тұлпарының үстіндегі бейнесі сомдалған, биіктігі 21 метрлік «Аркадаг» атты монумент ашылды. Ескерткіш қоладан құйылып, 24 караттық алтынмен апталған.

Президенттік қызметінің басында ол бұрынғы президент Сапармұрат Ниязовтың жеке басына табынушылықты шектеу бойынша бірқатар шаралар қабылдап, бұрын енгізілген тыйымдарды жойды немесе жұмсартты: опера, балет және циркке салынған тыйымдар, сондай-ақ интернетке қолжетімділікке қойылған бейресми шектеулер алынып тасталды. Жалпыға ортақ григориан күнтізбесі қайтарылды (бұрын енгізілген түрікмен күнтізбесінің орнына), бұрын жабылған Ғылым академиясы, аспирантура мен докторантура өз жұмысын қайта бастады, мектептерде 10 жылдық білім беру қалпына келтіріліп, зейнетақы төлемдері қайта жүргізіле бастады. Республиканың экономикалық көрсеткіштері өсті, қазіргі таңда Түрікменстанның әлемнің 100-ден астам елімен сыртқы сауда қатынасы бар. Дегенмен, Түрікменстан әлі де әлемдегі ең жабық елдердің бірі болып қалуда. Іс жүзінде ел басшысы жеке-дара билік орнатқан мемлекет болып саналады.

2014 жылғы желтоқсанда Гурбангулы Бердімұхамедов Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен және Иран президенті Хасан Руханимен бірге «Солтүстік-Оңтүстік» көлік дәлізінің (Қазақстан-Түрікменстан-Иран теміржолы) түрікмен-қазақстандық бөлігінің ашылуына қатысты. Өзен — Қызылқия — Берекет — Этрек — Горган бағыты бойынша жаңа трансұлттық магистраль 2014 жылдың соңында толықтай іске қосылып, елдердің Парсы шығанағына шығуын қамтамасыз етті. Нұрсұлтан Назарбаевтың айтуынша, бұл жол ел арасында жүктерді қысқа мерзімде жеткізуге мүмкіндік береді. Ал бұл маңызды бәсекелестік артықшылық және үш елдің әл-ауқатының артуына әкеледі. ФОТО 2


Үш ел басшыларының қатысуымен өткен Қазақстан-Түрікменстан-Иран трансұлттық теміржолының ашылу салтанаты. 2014 жыл, желтоқсан
Дереккөз: Turkmenportal

2022 жылғы ақпанда Гурбангулы Бердімұхамедов мемлекет басшысы лауазымынан кетті, ол бұл шешімін «жастарға жол беру» ниетімен түсіндірді. Түрікменстан президенттігіне оның ұлы Сердар Бердімұхамедов сайлауға түсіп, сайлаушылардың 72,97% дауысын жинады. 2023 жылғы қаңтарда Гурбангулы Бердімұхамедов биліктің жаңа өкілетті органы — Халк Маслахатының (Халық Кеңесі) төрағасы атанды, сондай-ақ Ұлт басшысы (Милли Лидер) деп жарияланды.

2023 жылы Түрікменстанда «Аркадаг» деп аталатын алғашқы «ақылды» қала ашылды.

Гурбангулы Бердімұхамедов жылқының үлкен білгірі әрі әуесқойы ретінде де танымал, ол ат жарыстарына қатысқан. Кітаптар, өлеңдер мен әндер жазады, кейде пернелі және ішекті аспаптарда музыкалық шығармалар орындайды. Оның «Алға, алға, тек қана алға, туған өлкем Түрікменстан» атты әні Гиннестің рекордтар кітабына енді: бұл туындыны бір мезетте төрт мыңнан астам адам шырқады.

Г. Бердімұхамедов 60-тан астам кітап жазған. Соның ішінде:

  • «Даналық қайнары»
  • «Түрікменстан — дені сау және рухы биік адамдар елі»
  • «Ахалтеке — біздің мақтанышымыз бен даңқымыз»
  • «Түрікменстанның дәрілік өсімдіктері» (көп томдық энциклопедия)
  • «Түрікменстан — сауықтыру өлкесі»
  • «Жақсының аты өлмейді»
  • «Тірі аңыз»
  • «Аркадаг доктринасы — денсаулық пен жігердің негізі»
  • «Өмірімнің мәні»
  • «Түрікменстанның электр энергетикалық қуаты»
  • «Өмір мәнінің жалғасы»

 

Дереккөздер: 

Turkmenistan.ru

ТАСС

РБК

AI ассистент

Тілді таңдаңыз / Выберите язык

«Менің өмірім. Тәуелсіздікке» кітабы бойынша іздеу