
Михаил Суслов
Дереккөз: Wikimedia Commons
Михаил Андреевич Суслов 1902 жылы Саратов губерниясының Шаховский ауылында (қазіргі Ульянов облысының аумағы, Ресей) шаруа отбасында дүниеге келген.
1918 жылы Хвалынск кедейлер комитетінің мүшесі болды (ауылды жерлердегі бастауыш билік органы, жергілікті кеңестер мен азық-түлік тарату орталықтарының функцияларын біріктірген), ал 1920 жылғы ақпанда комсомолға (коммунистік партия жанындағы жастар бірлестігі) өтті. 1921 жылы коммунистік партияға қосылды.
1924 жылы Мәскеудегі Пречистенский жұмысшы факультетін бітірді (жұмысшылар мен шаруаларға арналған университетке түсуге дайындық курстары). 1928 жылы Мәскеу халық шаруашылығы институтын (қазіргі Георгий Плеханов атындағы Ресей экономикалық университеті) бітірді. Оқуын Коммунистік академияның Экономика институтында (қазіргі РҒА Экономика институты) аспирантурада жалғастырды. Сонымен бір уақытта ол Мәскеу мемлекеттік университетінде және Өнеркәсіп академиясында саяси экономиядан сабақ берді. Оның студенттерінің арасында КСРО-ның болашақ басшысы Никита Хрущев пен Иосиф Сталиннің жұбайы Надежда Аллилуева болған.
1931 жылы Бүкілодақтық Коммунистік партияның (БКП) (большевиктердің) Орталық Комитетінің (ОК) Орталық бақылау комиссиясына жұмысқа қабылданды. БКП (б) ішіндегі кадрлық "тазалауға" қатысты. 1934-1936 жылдары КСРО Халық комиссарлары кеңесі жанындағы Кеңестік бақылау комиссиясында жұмыс істеді.
1939 жылғы ақпанда БКП(б) Орджоникидзе өлкелік комитетінің бірінші хатшысы, яғни бүкіл Ставрополь өлкесінің басшысы қызметіне тағайындалды.
Ұлы Отан соғысы кезінде ол майданға, әскери бөлімдер мен негізгі позицияларға жиі барды. 1942 жылдан бастап Ставрополь өлкесіндегі партизандық қозғалысты басқарды. 1943 жылы қарашайлықтарды өлке аумағынан Қазақ және Қырғыз КСР-не (қазіргі Қазақстан Республикасы және Қырғыз Республикасы) мәжбүрлеп депортациялауға қатысты. 1944 жылдың аяғында Литва КСР-не жіберілді, онда ВКП(б) ОК бюросын басқарды. Бұл қызметте ол кеңеске қарсы астыртын күштермен белсенді күрес жүргізді.
1946-1949 жылдары БКП(б) ОК сыртқы саясат бөлімінің меңгерушісі болды. Сыртқы саяси және сыртқы сауда ведомстволарында кадр іріктеумен айналысты, шетелдік компартиялардың қызметіне мониторинг жүргізді.
1947 жылы БКП (б) ОК (кейінірек Кеңестер Одағы Коммунистік партиясының ОК – КОКП) хатшысы болып тағайындалды. Бұл қызметте 1982 жылға дейін болды, бұл осы қызметті атқару уақыты бойынша КСРО тарихындағы абсолютті рекорд болып саналады. Насихат және идеология, сондай-ақ шетелдік коммунистік ұйымдармен өзара іс-қимыл мәселелеріне жетекшілік етті. 1946-1952 жылдары БКП(б) ОК үгіт-насихат басқармасын басқарды.
1955 - 1982 жылдары КОКП ОК Президиумының (1966 жылдан бастап — Саяси бюро) мүшесі болды. 1953 жылы Иосиф Сталин қайтыс болғаннан кейін ол сталинизмнен арылу саясаты (Иосиф Сталиннің жеке басына табынушылықты жеңу) жүргізілуін жақтады. 1956 жылы Венгрияға жергілікті оппозиция көтерілісін басу үшін жіберілді. Ел аумағына әскер енгізу туралы КСРО басшылығының шешімін қолдады.
1964 жылы КСРО басшысы Никита Хрущевті орнынан түсіруге қатысқандардың бірі болды. Ол мемлекет басшысына тағылып, кейіннен оның отставкаға кетуіне ықпал еткен айыптарды дайындады. Кейінгі ондаған жылдар бойы Леонид Брежнев үкіметі жанында КОКП бас идеологы ретінде қызмет етті.
1977 жылы сол уақытта КСРО-дағы аса ірі болат құю зауыттарының бірі - Қарағанды металлургия комбинаты парткомының хатшысы қызметіндегі Нұрсұлтан Назарбаевпен жеке кездесіп, жас саясаткердің өндірістегі жол бергісіз жұмыс жағдайлары, техникалық қателіктер және инфрақұрылымның қызметкерлердің өмірі үшін қауіпті кемшіліктері туралы ескертулерін тыңдады. Кейіннен КОКП ОК отырысында Нұрсұлтан Назарбаевты қолдады, отырыс қорытындысы бойынша "Қарметкомбинатта" және Теміртауда мәдени-тұрмыстық жағдайларды жақсарту бойынша бірқатар шаралар қабылданды.
Михаил Суслов 1982 жылы Мәскеуде қайтыс болды, Кремль қабырғасына жерленді. Ол қайтыс болған күні бүкіл елде үш күндік аза тұту жарияланды.
Дереккөздер:
«Менің өмірім. Тәуелсіздікке» кітабы бойынша іздеу