«Жариялылық» термині қоғамдық-саяси термин ретінде алғаш рет Ресей империясы тұсында, 1850 жылдардың соңында қолданыла бастады. Сол тұста бұл ұғым мерзімді басылымдарға жасалатын цензуралық бақылаудың әлсіреуін, кейіннен кейбір билік органдарының, соның ішінде ең алдымен соттардың шешім қабылдау мен олардың жұмыс процесіндегі ашықтықты білдірді.
Жариялылық – Кеңес Одағы Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің (КОКП ОК) Бас хатшысы Михаил Горбачев 1986 жылғы КОКП-ның XXVII съезінде ұсынған қоғамды демократияландырудың негізгі құралы.
Бастапқыда бұл термин мемлекеттік және партиялық органдардың қарапайым еңбекшілердің сыны үшін ашық болуын білдіретін. Кейінірек, 1987-1988 жылдары «жариялылық» ұғымының мазмұны айтарлықтай кеңейді. Мұндағы мағына цензуралық шектеулерді жою, ішкі саясаттағы сөз бостандығы мен ақпарат алмасу принциптерін бекіту туралы болатын. КОКП-ның XXVII съезінен кейін «жариялылық» қайта құрудың басты ұрандарының біріне айналды.
1986 жылы ең көп таралған мерзімді басылымдарға жаңа бас редакторлар тағайындалды. «Московские новости» газетін Егор Яковлев, «Огонек» журналын Виталий Коротич, ал «Новый мир» журналын Сергей Залыгин басқарды. 1987 жылдың басынан бастап КСРО-да бұрын тыйым салынған әдеби шығармалар жариялана бастады (мысалы, Михаил Булгаковтың «Ит жүрегі» повесі), бұдан бұрын түсіріліп, бірақ көрсетуге рұқсат етілмеген фильмдер көрсетіле бастады (мұның алғашқысы Тенгиз Абуладзе түсірген «Өкініш» («Покаяние») фильмі болды). Арнайы сақтау қоймаларынан (спецхран) көпшілікке беруге тыйым салынған кітаптар кітапханалардың ашық қорларына қайтарылды, мерзімді басылымдарға жазылу бойынша шектеулер жойылды. 1987 жылы «АТВ» («Авторлық теледидар қауымдастығы») сияқты алғашқы мемлекеттік емес телебірлестіктер пайда болды.
1987 жылғы 28 қыркүйекте КОКП Орталық Комитеті Саяси бюросының «30-40-жылдар мен 50-жылдардың басында орын алған репрессияларға байланысты материалдарды қосымша зерттеу жөніндегі» комиссиясы құрылды. 1988-1991 жылдар аралығында осы комиссия жұмысының нәтижесінде заңсыз сотталған 1 миллионнан астам кеңес азаматы ақталды. 1988 жылғы 30 қарашада КСРО-да шетелдік радиостанциялардың хабарын бөгеу (глушение) толығымен тоқтатылды. 1990 жылғы 12 маусымда БАҚ бостандығы мен цензураның жоқтығын жариялаған «Баспасөз және басқа да бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заң қабылданды.
Дереккөздер:
Хугаева А.А. Ресейдегі жариялылық тарихы // Студенттік ғылым – болашаққа көзқарас. XVI Бүкілресейлік студенттік ғылыми конференция материалдары. 4-бөлім. Красноярск 2021. 185-187 бб.
«Менің өмірім. Тәуелсіздікке» кітабы бойынша іздеу