
Құрманбек Бәкиев
Дереккөз: Wikipedia
Құрманбек Сәлиұлы Бәкиев 1949 жылы 1 тамызда Қырғыз КСР-інің (қазіргі Қырғыз Республикасы) Жалал-Абад облысы, Масадан ауылында ұжымшар (колхоз) төрағасының отбасында дүниеге келген.
Еңбек жолын 1970 жылы Куйбышев қаласындағы (қазіргі Самара қаласы, Ресей) Масленников атындағы зауытта бастаған. Кейін Қырғыз КСР-інде өндіріс саласында жұмыс істеп, аға инженер-механик, есептеу орталығының бастығы, бас инженердің орынбасары қызметтерін атқарды. Бес жыл бойы Көк-Жаңғақ қаласындағы (Қырғызстан) «Профиль» зауытының директоры болады.
1990 жылдардың басында Құрманбек Бәкиев саясатпен айналыса бастайды, Коммунистік партияның қалалық комитетінің бірінші хатшысы, Көк-Жаңғақ қалалық кеңесінің төрағасы болады. Жалал-Абад облыстық әкімшілігінің басшысы, Шу облысының (Қырғызстанның солтүстігіндегі аймақ) губернаторы қызметтерін атқарды. 1994–1995 жылдары Қырғыз Республикасы Мемлекеттік мүлік қоры төрағасының орынбасары болды.
2000 жылы желтоқсанда президент Асқар Ақаевтың үкіметінде Қырғызстанның премьер-министрі болды. 2002 жылы мамырда Жалал-Абад облысындағы халық толқуларын күшпен басудан туындаған саяси дағдарыс өршіп тұрған тұста қызметінен кетті.
2002 жылдан 2005 жылға дейін — Қырғызстан Жогорку Кенешінің Заң шығару жиналысының депутаты болды, сонымен қатар «Қырғызстан аймақтары» орталықшыл депутаттық тобының құрамына кірді және «Қырғызстан халықтық қозғалысы» саяси күштер бірлестігі Орталық кеңесінің төрағасы болды.
2005 жылы наурызда, президент Асқар Ақаев мемлекет басшысы лауазымынан кетіп, жеке басының қауіпсіздігі үшін елден шығып кетуге мәжбүр болған «Қызғалдақ революциясына» үш апта қалғанда, Құрманбек Бәкиев қайтадан премьер-министр болып тағайындалады. Президент Асқар Ақаев отставкаға кеткеннен кейін кезектен тыс президенттік сайлауға дейін президент міндетін уақытша атқарады.
2005 жылы шілдеде сайлаушылардың 88,65% дауысын жинап, Қырғызстан президенті болып сайланады. Төрт жылдан соң, 2009 жылы бүкілхалықтық дауыс беру барысында 76,4% дауыс жинап, мемлекет басшысы лауазымына қайта сайланды.
Құрманбек Бәкиевтің билігі тұсында Қазақстанмен қарым-қатынаста «курорт мәселесі» шешілді: Қырғызстан Ыстықкөл жағалауындағы даулы төрт пансионатты Астанаға өткізіп берді. Бұл нысандар КСРО ыдырағаннан кейін Қырғызстан аумағында қалғанымен, үнемі Қазақстан есебінен қаржыландырылып келген болатын.
Құрманбек Бәкиев Нұрсұлтан Назарбаевтың екі мемлекеттің Жоғары мемлекетаралық кеңесі мен Сыртқы істер министрлері кеңесін құру туралы идеясын, сондай-ақ аймақта «экономикалық және саяси байланыстарды тереңдетуге ықпал ететін одақ» құру туралы бастамасын қолдады.

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Астанаға ресми сапармен келген Қырғызстан Президенті Құрманбек Бәкиевпен бірге
Дереккөз: Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ресми сайты
2010 жылы Қырғызстанда қоғамдық наразылықтың жаңа толқынына алғышарттар қалыптасты. Наразылықтың негізгі себептері — халықтың тұрмыс деңгейінің өте төмен күйінде қалуы, биліктің республикадағы экономикалық және әлеуметтік мәселелерді шешуден бас тартуы, елдің солтүстігі мен оңтүстігіндегі кландар арасындағы билік үшін күрестің жалғасуы және коммуналдық қызметтер мен өзге де тарифтердің күрт (екі еседен астам) қымбаттауына халықтың наразылығы болды. Жағдайды билеуші элитаның іріткіге ұшырауы және Құрманбек Бәкиевтің президенттігі кезеңіндегі авторитарлық үрдістердің күшеюі ушықтыра түсті.
2010 жылғы сәуірде Қырғызстанда кезекті мемлекеттік төңкеріс орын алып, ол Құрманбек Бәкиевтің отставкаға кетуіне әкелді.
Құрманбек Бәкиев Беларусь еліне кетті, онда президент Александр Лукашенко оған саяси баспана берді. 2010 жылдың наурызында Бәкиевтің «Қызғалдақ революциясының» бес жылдығына және ол билікке келгеннен кейінгі оқиғалар шежіресіне арналған «Наурыз революциясы: халықтың тарихи таңдауы» атты кітабы жарық көрді.
Дереккөздер:
«Менің өмірім. Тәуелсіздікке» кітабы бойынша іздеу