Басты бетке қайту

Франклин Рузвельт (1882–1945)


Франклин Рузвельт
Дереккөз: «Знание» ресейлік қоғамы

Франклин Делано Рузвельт 1882 жылы Рузвельттердің Гайд-парктегі (Нью-Йорк штаты, АҚШ) ата-бабасының иелігінде дүниеге келген. Оның әкесі көмір шахталары акцияларының ірі пакетіне иелік етсе, анасы ауқатты Делано әулетінен шыққан.

14 жасына дейін үйден білім алады. 1896-1899 жылдары Гротондағы (Массачусетс штаты) элиталық мектепте оқиды. 1904 жылы Гарвард университетін бітіріп, бакалавр дәрежесін алады. 1905–1907 жылдары Колумбия университетінің заң мектебінде дәріс тыңдайды. Оқуын аяқтаған соң адвокаттық тәжірибемен айналысуға құқық алып, Уолл-стриттегі заң фирмасында жұмысын бастайды.

1910 жылы Демократиялық партия атынан Нью-Йорк штаты заң шығарушы жиналысының сенаторы болып сайланды. 1913–1920 жылдары Әскери-теңіз флоты министрінің көмекшісі қызметін атқарды. 1920 жылы вице-президент лауазымына кандидат ретінде президенттік сайлауға қатысады, алайда оның партиясы жеңіліп қалады.

1921 жылдың жазында полиомиелитке шалдығып, мүгедектер арбасына таңылады. Денсаулық жағдайына байланысты саяси қызметін уақытша тоқтатуға мәжбүр болады, бірақ түрлі қоғамдық ұйымдардың жұмысына қатысуын жалғастырады.

1928 жылы Нью-Йорк штатының губернаторы болып сайланады, 1930 жылы бұл лауазымға қайта сайланды. Экономикалық дағдарыс өршіп тұрған тұста жұмыссыздардың отбасыларына көмек көрсету мақсатында Уақытша төтенше әкімшілік құрды.

1932 жылғы президенттік сайлауда жеңіске жетті. Одан кейін 1936, 1940 және 1944 жылдары тағы үш рет қайта сайланып, АҚШ тарихында қатарынан төрт мерзімге сайланған жалғыз мемлекет басшысы атанды (президенттікті екі мерзіммен шектейтін АҚШ Конституциясына 22-ші түзету тек 1947 жылы қабылданды).

Алғашқы мерзімінде күш-жігерін Ұлы тоқырауды (1929–1939 жылдардағы экономикалық дағдарыс) еңсеруге жұмсады. Ол үшін «Жаңа бағыт» деп аталатын бағдарламаны іске асыруға кірісті. Бұл бағдарлама банк жүйесін қалпына келтіруді, жұмыссыздар мен ашыққандарға мемлекеттік көмек беруді, фермерлік несиелерді қайта қаржыландыруды, ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіпті жандандыруды көздеді.

Президенттіктің екінші мерзімінде АҚШ-тың тұрғын үй құрылысы басқармасын құрды, ауыл шаруашылығын реттеу туралы заңды, сондай-ақ әділ еңбек жағдайлары мен ең төменгі жалақы туралы заңдарды қабылдады.

Сыртқы саясатта көршілес елдермен қарым-қатынасты нығайту бағытын ұстанды. Атап айтқанда, Латын Америкасы елдерімен «тату көршілік саясатының» басталғанын жариялады, бұл бағыт америкаралық ұжымдық қауіпсіздік жүйесін құруға мүмкіндік берді. 1933 жылы КСРО-ны дипломатиялық тұрғыдан мойындайтынын мәлімдеді.

1939 жылы Екінші дүниежүзілік соғыс басталғаннан кейін американдық қару-жарақты шетелге сатуға қойылған эмбаргоның күшін жойып, «Ось» елдеріне (Германия, Жапония, Италия) қарсы соғысып жатқан мемлекеттерге көмек көрсетті. 1941 жылы ленд-лиз бағдарламасын іске қосты, соның аясында АҚШ нацизмге қарсы соғысушы елдерге қару-жарақ, техника және оқ-дәрі жеткізе бастады. Сол жылдың желтоқсанында АҚШ-тың соғысқа кіретінін жариялады.        

1942 жылы БҰҰ-ның негізі болған Біріккен Ұлттар Декларациясын қабылдаудың бастамашыларының бірі болды. Квебек (1943), Каир (1943), Тегеран (1943) және Қырым (1945) халықаралық конференцияларына қатысты.

1944 жылы төртінші мерзімге қайта сайланды. 1945 жылдың сәуірінде кенеттен қайтыс болды. Өз еркіне сәйкес, ескерткішінде тек үш сөз: «Франклин Делано Рузвельт» деп қашап жазылған.

Франклин Делано Рузвельт — атына теріс пікірлер өте сирек айтылатын санаулы саясаткерлердің бірі. Америкалықтардың басым көпшілігі оны өз ұлтының ең көрнекті өкілдерінің бірі деп санайды және есімін Джордж Вашингтон, Томас Джефферсон және Авраам Линкольнмен қатар қояды.

 

Дереккөздер:

ТАСС 

Жаңалықтар РАА 

Университеттік онлайн кітапхана  

AI ассистент

Тілді таңдаңыз / Выберите язык

«Менің өмірім. Тәуелсіздікке» кітабы бойынша іздеу