Басты бетке қайту

Рональд Рейган (1911–2004)

Рональд Уилсон Рейган 1911 жылы Тампико қаласында (Иллинойс штаты, АҚШ) дүниеге келген. 1932 жылы Юрикадағы колледждің социология және экономика факультетін тәмамдады. Оқу кезінде студенттік өзін-өзі басқару ұйымын басқардаы, сондай-ақ студенттік театрда ойнайды.


Рональд Рейган
Дереккөз: Britannica

Оқуын бітіргеннен кейін Айовадағы радиостанцияда спорт комментаторы болып жұмыс істейді. 1937 жылы Голливудқа көшіп, Warner Brothers киностудиясымен келісімшартқа отырады. Сол жылы «Тікелей эфирдегі махаббат» фильмінде репортердің рөлін сомдап, кинода дебют жасайды. 30 жыл ішінде актер ретінде 54 фильмге түскен, негізінен екінші пландағы рөлдерде ойнады. 1938 жылы Америка киноактерлер гильдиясына мүше болады.

Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде әскер қатарына шақырылады, бірақ көзінің нашар көруіне (алыстан көрмеу) байланысты ұрыс қимылдарына қатыспайды. АҚШ Қарулы Күштерінің байланыс бөлімдерінде және деректі әрі үгіт-насихат фильмдерін түсірумен айналысатын киноөндіріс бөлімшесінде қызмет етті. 1945 жылы әскерден босатылған соң Голливудқа қайта оралады.

1945–1952 және 1959–1960 жылдары Америка киноактерлер гильдиясының президенті болады. «Голливудқа коммунистердің ену фактілерін әшкерелеу» науқанына белсене қатысып, Антиамерикалық қызметті тергеу жөніндегі комитетте өз әріптестеріне қарсы айғақтар береді.

1950-жылдары телеарналарда белсенді жұмыс істеп, CBS, NBC, ABC арналарында бағдарламаларға қатысады. 1953–1962 жылдары General Electric корпорациясының баспасөз хатшысы қызметін атқарды және апта сайынғы GE Theatre телехабарын жүргізді.

1962 жылға дейін Демократиялық партияның мүшесі болды, алайда кейін Республикалық партияға өтті. 1964 жылы партия съезінде кандидат Барри Голдуотерді қолдап, «Таңдау уақыты» атты сөз сөйлейді. Осыдан кейін оған Калифорния губернаторы лауазымына үміткер болу ұсынылады.

1966 жылдан 1975 жылға дейін Калифорния губернаторы болады. Осы уақыт ішінде ол жұмыссыздық бойынша жәрдемақыларды азайту, штаттың қара нәсілді халқына көмек көрсету бағдарламаларын жою, білім беру бағдарламаларын қысқарту және мұқтаж жандарға тегін көмек көрсететін бірқатар медициналық мекемелерді жабу туралы заңдар қабылдады.

1980 жылы екі сәтсіз әрекеттен кейін (1968, 1976) праймеризден (ішкі партиялық сайлаудан) өтіп, Республикалық партиядан АҚШ президенттігіне кандидат болады. Сол жылдың қараша айында мемлекет басшысы болып сайланады. 1984 жылы екінші төрт жылдық мерзімге қайта сайланды.

Президенттігінің алғашқы мерзімінде социалистік елдермен текетіреске түсу, қарулану жарысын күшейту және бүкіл әлем бойынша антикоммунистік қозғалыстарды қолдау бағытын ұстанды. 1983 жылғы 8 наурыздағы сөзінде Кеңес Одағын «зұлымдық империясы» деп атады. Қару-жарақты ғарышта орналастыруды қарастыратын Стратегиялық қорғаныс бастамасын (СОИ) әзірлеуді бастады. 1985–1988 жылдары Михаил Горбачевпен төрт рет кездесті, бұл кездесулер «қырғи-қабақ соғыстың» аяқталуына және Орта және шағын қашықтықтағы ракеталарды жою туралы екіжақты шарттың (1987) жасалуына әкелді.

Ішкі саясатта «рейганомика» деп аталған бірқатар экономикалық және әлеуметтік реформаларды іске асырды. Салықтар күрт төмендетілді, федералдық бюджет шығыстары қысқартылды (негізінен әлеуметтік бағдарламаларды жою есебінен), экономикаға мемлекеттің араласуы шектелді. Сонымен бірге, әскери бағдарламаларды жүзеге асыруға жұмсалатын шығындар айтарлықтай артты.

1989 жылы Рональд Рейган президенттік өкілеттігін тапсырып, Лос-Анджелес қаласына қоныстанды. 1994 жылы одан Альцгеймер ауруы анықталды. 1989 жылы қызметінен кеткен соң Рональд Рейган Лос-Анджелестегі иелігінде тұрды. 1994 жылғы қарашада ол АҚШ халқына қоштасу хатын жазып, онда өзінің Альцгеймер ауруына шалдыққанын хабарлады. Өмірінің соңғы он жылында жақындарын танудан қалған ол, жұбайының айтуынша, ақыл-есі «оны табу мүмкін болмайтын өте алыс бір жақта» жүрді. Рейган 2004 жылы қайтыс болды.

 

Дереккөздер:

ТАСС

РИА Жаңалықтар 

Ресейлік үлкен энциклопедия 

Britannica 

AI ассистент

Тілді таңдаңыз / Выберите язык

«Менің өмірім. Тәуелсіздікке» кітабы бойынша іздеу