
Башар Асад - Сирия президенті
Дереккөз: Википедия
Башар Хафез аль-Асад 1965 жылы 11 қыркүйекте Дамаскіде (Сирия), Сирияның болашақ президенті, бригада генералы Хафез Асадтың отбасында дүниеге келген. Башар 1988 жылы Дамаск университетінің медицина факультетін «дәрігер-офтальмолог» мамандығы бойынша үздік дипломмен тәмамдап, Сирия астанасының маңындағы Тишрин әскери госпиталінде жұмыс істейді. 90-жылдардың басында ол Британияға барып, Лондондағы Western Eye Hospital офтальмологиялық орталығында тағылымдамадан өтеді. Әкесі Хафез Асад өз орнына мұрагер ретінде үлкен ұлы Басильді дайындаған болатын, алайда Басиль 1994 жылы автокөлік апатынан қаза табады. Осы оқиғадан кейін Башар шұғыл түрде елге шақыртылып, Хомс қаласындағы әскери академияға оқуға жіберілді. Біраз уақыттан соң оған полковник шені беріледі. Сирияны 30 жыл бойы басқарған әкесі қайтыс болғаннан кейін, 2000 жылы өткен баламасыз сайлауда Башар Асад президент болып сайланды. Ол үшін Сирия парламентіне Конституцияны өзгертуге тура келді. Президенттікке үміткердің жас мөлшері 40 жастан 34 жасқа дейін төмендетілді.
Осыдан кейін ол 2007, 2014 және 2021 жылдары қайта сайланады. Алайда дауыс беру нәтижелерін санаулы мемлекеттер ғана мойындады.
Башар Асадтың билігі либералды реформалардан басталды: ол түрмелерден жүздеген саяси тұтқынды босатты, Сирияда тәуелсіз баспасөз бен еркін сауда аймақтары пайда болды, мемлекеттік емес университеттер, жекеменшік банктер мен қор нарығы ашылды. 2003 жылы парламент сайлауына алғаш рет тәуелсіз кандидаттар қатысты, бірақ елде төтенше жағдай режимі сақталып қалды.
2011 жылы Тунис пен Мысырдан кейін Сирияны да «араб көктемі» шарпыды. Бұл 2010 жылдардың басында араб әлемінің көп бөлігін, яғни Таяу Шығыс пен Солтүстік Африка елдерін қамтыған үкіметке қарсы наразылықтар мен қарулы көтерілістер сериясы еді. Көшеге шыққан сириялықтар елде 1963 жылдан бері әрекет етіп келе жатқан төтенше жағдай режимін жоюды және саяси реформалар жүргізуді талап етті.
Президент наразылық білдірушілердің талабын орындап, төтенше жағдай режимін жойды, елде көппартиялық жүйені енгізуді, жалпыхалықтық сайлау өткізуді және жаңа Конституция қабылдауды жариялады. Бірақ Сирия дағдарысы халықаралық сипат алып үлгерді, елдің ішкі ісіне сыртқы күштер белсенді араласа бастады. Наразылық білдірушілерді қолдаған Батыс елдері Башар Асад пен оның айналасындағыларға қарсы санкциялар енгізіп, президенттің қызметінен кетуін талап етті. 2011 жылдан бері Сирияда азамат соғысы жүріп жатыр. Бұл қақтығыс — ресми үкімет (Башар Асад пен оның «Баас» партиясы) жақтастары мен қарулы оппозиция, сондай-ақ сан алуан исламшыл топтар арасында өршіп тұр.
Соңғы жылдары халықаралық қауымдастық Сирия дағдарысын шешу үшін күш-жігер салуда. Бұл процесте Қазақстан да маңызды рөл атқарады. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тұсында Астана қаласы Сириядағы жағдайды қалыпқа келтіру бойынша келіссөздер алаңына айналды. Бұл келіссөздерге бір-біріне жау тараптардың өкілдері мен реттеу процесіне кепілдік беруші мемлекеттер: Иран, Ресей және Түркия қатысты. Осылайша, бүгінгі күнге дейін жұмысын жалғастырып келе жатқан «Астана форматы» қалыптасты.
Сирия бойынша келіссөздердің алғашқы раунды 2017 жылғы 23-24 қаңтарда Астанада өтті. Келіссөздерге Сирия үкіметінің делегациясы, қарулы оппозиция, Ресей, Түркия және Иран өкілдері, сондай-ақ БҰҰ қатысты. Астанадағы кездесу Дамаск делегациясы мен қарулы оппозицияның ортақ келіссөз үстеліне алғаш рет отырған тарихи сәті болды.
2024 жылдың соңында үкіметке қарсы күштердің көтерілісі нәтижесінде Башар Асад Сириядан кетті. Сириялық антиүкіметтік күштердің шабуылы қараша айының ортасында, яғни 27 қарашада Идлиб және Алеппо қалаларында басталды. Бірнеше тәулік ішінде олар Алеппо мен Хаманы қоса алғанда, бірнеше ірі қаланы басып алды. Қазіргі уақытта қарулы оппозицияда «Хайат Тахрир аш-Шам» (ХТШ) террорлық тобы мен кезінде АҚШ пен Түркия қолдаған «Сирия ұлттық армиясының» (СҰА; бұрын «Сирия азаттық армиясы» ретінде белгілі болған) жекелеген бөлімшелері шешуші рөл атқаруда. 2024 жылғы 8 желтоқсанда Асад отбасы мүшелерімен бірге Мәскеуге ұшып келді. Ресей билігі оған «гуманитарлық сипаттағы себептерге байланысты» баспана берді.
Дереккөздер:
«Менің өмірім. Тәуелсіздікке» кітабы бойынша іздеу