«Ясная Поляна» мұражай-кешені – Ресейдің Тула облысында орналасқан тарихи иелік жер. Оның негізі XVII ғасырда қаланған және алғашқыда воевода Григорий Карцевке тиесілі болған. 1763 жылы «Ясная Полянаның» бір бөлігін Л.Н. Толстойдың арғы атасы, кінәз Сергей Федорович Волконский сатып алады. Кейіннен бұл иелік оның ұлына мұраға қалады. Дәл осы тұлға «Ясная Поляна» иелігінің тағдырында шешуші рөл атқарды. Ол мұндағы басты құрылыс жұмыстарын жүргізіп, бұрынғы иелерінен жан-жаққа бөлініп сатылып кеткен жер телімдерін қайта жинақтау арқылы бүгінгі таңда «Ясная Поляна» деп аталатын ірі иеліктің негізін қалады.

«Ясная Поляна» мұражай-кешені
Дереккөз: Wikipedia
1828 жылғы 28 тамызда осы иелікте болашақ ұлы орыс жазушысы Лев Николаевич Толстой дүниеге келеді.

Л.Н. Толстой дүниеге келген шаңырақ
Дереккөз: Музей «Ясная Поляна»
1913 жылы алғашқы тұрғызылған ғимарат әбден тозуына байланысты бұзылып, басқа жерге көшірілді. Оның орнында іргетасының бір бөлігі, тас қалдырылып, кейіннен оған: «Мұнда Л. Н. Толстой дүниеге келген үй тұрған» деген жазу қашап жазылды.

Үй іргетасында қалдырылған тас
Дереккөз: Трипстер
1847 жылы ол иелікті мұраға алғанымен, ауыл өмірінен көңілі қалып, әскери қызметке аттанады. Тек 1850-жылдардың соңында ғана иелігіне қайта оралады. Бұл үйде ол 50 жылдан астам уақыт тұрды. Мұнда жазушы өмірінің соңғы жылында тұрған үй жиһаздары мен ішкі көрінісі сол қалпында сақталған. «Ясная Поляна» иелігінде Лев Толстой орыс әдебиетінің ғана емес, әлем әдебиетінің классикасына айналған «Соғыс және бейбітшілік», «Анна Каренина» сияқты атақты романдары мен басқа да туындыларын жазып шықты.

Л.Н. Толстойдың жұмыс кабинетінің ішкі көрінісі, 1907 жыл
Дереккөз: Культура.рф
Толстой 1910 жылғы 9 қарашада «Ясная Поляна» иелігінде жерленді. 1921 жылы Бүкілресейлік Орталық Атқару Комитетінің (БОАК) шешімімен иелік ұлттық мәдени құндылық деп жарияланып, орнында мұражай-қорық құрылды. Жазушының қызы Александра Толстая мұражайдың комиссар-сақтаушысы болып тағайындалды.

Л.Н. Толстойдың мұражай-үйі
Дереккөз: Культура.рф
1993 жылы «Ясная Поляна» Ресей Федерациясы халықтарының ерекше құнды мәдени мұра нысандарының мемлекеттік тізіміне енгізілді. 2000 жылдан бастап мұнда екі жылда бір рет жазушының әлемнің түкпір-түкпіріндегі ұрпақтарының басын қосатын Толстойлар әулетінің ресми съезі өткізіліп тұрады. Бұл басқосулар аясында тақырыптық көрмелер мен дәрістер ұйымдастырылып, жазушының ұрпақтары мұражай-иелік қорына Лев Толстойдың өмірі мен шығармашылығына, сондай-ақ әулет тарихына тікелей қатысты жәдігерлерді тарту етеді.
Қазіргі уақытта «Ясная Полянада» 254 гектар қылқан жапырақты және жапырақты ормандар бар. Олардың қатарында Чепыж, Арковский Верх, Источек, Заказ, Березовый Клин және жазушының ең соңғы еккен ағаштарының бірі – «Елочки» (Шыршалар) орманы бар. Бұл орманның ерекше пішіні бар: шыршалар ромб тәріздес егіліп, олардың арасына қайың мен емен ағаштары отырғызылған.
2013 жылы «Ясная Поляна» федералдық маңызы бар мәдени нысан мәртебесіне ие болды.
Дереккөздер:
«Менің өмірім. Тәуелсіздікке» кітабы бойынша іздеу