Басты бетке қайту

Константин Черненко (1911-1985)


Константин Черненко
Дереккөз: Россия-Моя история 

Константин Устинович Черненко 1911 жылы 24 қыркүйекте Енисей губерниясының Большая Тесь ауылында (қазіргі Ресейдің Краснояр өлкесі, Новоселово ауданы) шаруа отбасында дүниеге келген.

1930 жылдардың басында әскерде, Қазақстандағы «Қорғас» шекара заставасында қызмет етеді. Қызмет барысында Бүкілодақтық Коммунистік (большевиктер) партиясына өтіп, шекара отрядының партия ұйымының хатшысы болады. 30-40-жылдары Краснояр және Пенза өлкелерінде партиялық жұмыстар атқарады.

1948 жылдан бастап Молдавия Компартиясы Орталық Комитетінің (ОК) насихат және үгіт бөлімін басқарады. Осы жерде 1950 жылдардың басында Молдавия Компартиясы ОК-нің сол кездегі бірінші хатшысы Леонид Брежневпен танысады. Осы сәттен бастап Константин Черненконың мансабы Леонид Брежневпен тығыз астасады.

1956 жылдан бастап КОКП ОК аппаратында Насихат бөлімінің сектор меңгерушісі, кейін КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумы хатшылығының бастығы болып жұмыс істеді. 1965 жылы КОКП ОК Жалпы бөлімінің меңгерушісі болып бекітілді, ал 1971 жылдан бастап КОКП ОК мүшесі болды. Замандастары Константин Черненконы өте жақсы «ұйымдастырушы», әкімші ретінде сипаттайтын. Ол 1964 жылы мемлекет басшысы болған Леонид Брежневтің хат-хабарларына жауап беруші болды, кеңестерге материалдар мен құжат жобаларын дайындады, мемлекет басшысына сапарларда жиі еріп жүрді.

70-жылдардың соңынан бастап оны Леонид Брежневтің ықтимал мұрагері ретінде атай бастады. Алайда 1982 жылы қарашада Леонид Брежнев қайтыс болғаннан кейін, партия басшыларының шешімімен мемлекет басшысы болып Юрий Андропов сайланды. Ол өз лауазымында бір жылдан сәл астам уақыт болып, 1984 жылы ақпанда қайтыс болды. 1984 жылы 13 ақпанда КОКП ОК пленумында Константин Черненко бірауыздан КОКП ОК Бас хатшысы — мемлекет басшысы болып сайланды.

Ел басшылығына сайланған кезде Константин Черненко 73 жаста болатын және ол ауыр науқас еді. Өзінің билік еткен кезеңінің едәуір бөлігін Орталық клиникалық ауруханада өткізді, тіпті КОКП ОК Саяси бюросының отырыстары да сол жерде өткізіліп тұрды. Ол Кеңес Одағының басшысы лауазымында бір жылдан сәл ғана астам уақыт болып, 1985 жылы 10 наурызда қайтыс болды.

Оның билігі кезінде бірнеше сәтсіз аяқталған жобалар қолға алынды: мектеп реформасы, солтүстіктегі өзендердің арнасын бұру, кәсіподақтардың рөлін күшейту. Оның тұсында 1 қыркүйек Білім күні мерекесі ретінде ресми түрде енгізілді (1984 жыл).

Константин Черненконың өлімімен брежневтік Саяси бюроның басым бөлігі өмірден өткен бес жылдық кезең («салтанатты жерлеулер дәуірі») аяқталды. Ол Бас хатшы лауазымына ие болған кеңестік басшылардың ішіндегі ең үлкені және Кремль қабырғасының жанына жерленген КСРО-ның соңғы басшысы болды. Ол қайтыс болған келесі күні-ақ бұл лауазымға оның мұрагері ретінде саясаткерлердің келесі буынының өкілі — Михаил Горбачев сайланды.

Константин Черненко билік басында болған 1 жыл 25 күннен кейін, 1985 жылы 10 наурызда қайтыс болды. Ол Кремль қабырғасының жанына жерленген соңғы мемлекет қайраткері болды.

Черненко үш мәрте Социалистік Еңбек Ері (1976, 1981, 1984) атағын алған, төрт Ленин орденімен (1971, 1976, 1981, 1984), үш Еңбек Қызыл Ту орденімен (1949, 1957, 1965), медальдармен және шетелдік марапаттармен марапатталған. Лениндік сыйлықтың лауреаты (1982).

Константин Черненконың Кремль қабырғасы жанындағы бейітіне бюст орнатылған.
 

Дереккөздер:

Россия-Менің тарихым

Жаңалықтар РАА 

Жаңалықтар РАА 

AI ассистент

Тілді таңдаңыз / Выберите язык

«Менің өмірім. Тәуелсіздікке» кітабы бойынша іздеу