Адамның ғарышқа алғашқы ұшуы – кеңес ғарышкері Юрий Алексеевич Гагариннің «Восток» ғарыш кемесімен жер маңындағы орбитаға сапары. Бортында адамы бар ғарыш аппаратын орбитаға шығарған «Восток» тасымалдағыш ракетасы 1961 жылы 12 сәуірде мәскеу уақытымен сағат 09:07-де Қазақстандағы Байқоңыр ғарыш айлағынан ұшырылды. Ұшу сәтінде Юрий Гагарин кейіннен ғарыш сапарларының өзіндік символына (визиткасына) айналған әйгілі «Кеттік!» («Поехали!») сөзін айтады.

Юрий Гагарин, ұшу сәті
Дереккөз: Shoes-Web.ru
Ұшу ұзақтығы 1 сағат 48 минутты құрады, жер маңындағы орбитада әуе кемесі Жерді бір рет айналып шықты. Орбитада болған кезде Юрий Гагарин Жермен радиобайланыста болды, иллюминатор арқылы бақылау жүргізді және кеме жүйелерінің жұмысын қадағалады. Мәскеу уақытымен сағат 10:55-те кеменің түсірілетін аппараты КСРО аумағындағы Саратов облысында, Энгельс қаласына жақын маңдағы Смеловка ауылының маңына қонды. Жоспарланғандай, Жер бетінен бірнеше шақырым биіктікте ғарышкер катапультамен секіріп, түсірілетін аппараттан алыс емес жерге парашютпен қонды.

Юрий Гагариннің жерге қонғаннан кейінгі алғашқы фотосы. Анатолий Пекарскийдің түсірген суреті. 12 сәуір 1961 жыл, Смеловка ауылы
Дереккөз: Родина
11961 жылғы 14 сәуірде КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен Юрий Алексеевич Гагаринге Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.
Юрий Гагариннің ұшуы әлемдік сенсацияға айналды, ал оның есімі бүкіл дүние жүзіне тарады. Отансүйгіштік құрмет көрсетілгеннен кейін, Юрий Гагарин кейде «Бейбітшілік миссиясы» деп аталатын халықаралық турнеге шықты. Үш жыл ішінде ол Чехословакиядан бастап Жапонияға дейін 29 мемлекетті аралады, бұл елдерде оны ең жоғары деңгейде қарсы алды. Адамның ғарышқа алғашқы ұшқан 12 сәуір күні «Ғарышкерлер күні» ретінде атап өтіле бастады.
Юрий Гагариннің ұшуы Американың ашылуына әкелген Христофор Колумбтың саяхаты немесе Атлант мұхиты арқылы алғашқы ұшу сияқты тарихи белес болған маңызды оқиғалармен жиі салыстырылады.
Кеңес Одағында адам басқаратын алғашқы ғарыштық ұшудың сәтті жүзеге асырылуы Америка Құрама Штаттарына қарсы «қырғи-қабақ соғыстағы» үлкен триумф (жеңіс) ретінде де қарастырылды.
1961 жылғы 12 сәуірдегі «Восток» ғарыш кемесінің ұшырылуы КСРО-ның жоғары техникалық және ғылыми деңгейін дәлелдеп, АҚШ-тағы ғарыштық бағдарламаның дамуын жеделдетті. Бұл сапар адамның ғарыш кеңістігінде қалыпты жағдайда бола алатынын көрсетті. Юрий Алексеевич Гагарин планетадағы ең танымал адамдардың біріне айналды.
Адамның ғарышқа алғашқы ұшуының халықаралық күні (12 сәуір) адамзат үшін ғарыш дәуірінің басталуына орай жыл сайын атап өтіледі. Бұл күн ғарыш ғылымы мен техникасының тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуге, мемлекеттер мен халықтардың әл-ауқатын арттыруға қосқан маңызды үлесін, сондай-ақ олардың ғарыш кеңістігін бейбіт мақсаттарда сақтауға деген ұмтылысын іске асыруды тағы бір мәрте растайды.
Дереккөздер:
«Менің өмірім. Тәуелсіздікке» кітабы бойынша іздеу