Ленин қайтыс болғаннан кейін алты жыл бойы салынатын мемориалдың түрлі жобалары, оның ішінде төбесіне жер шары орнатылған ғимараттан бастап, мысырлық пирамиданың баламасына дейін әзірленді. Мавзолей өзінің соңғы көрінісін алғанға дейін Кремль қабырғасының жанында екі ағаш кесене түрінде тұрғызылды.
Ленин дүниеден өткеннен кейін бірнеше сағаттан соң Кремльде жерлеу рәсіміне қатысты талқылау басталды. Ұйымдастыру жұмыстары Феликс Дзержинский бастаған арнайы комиссияға сеніп тапсырылды. Келесі күні таңертең патологоанатом Алексей Абрикосов өлім себебін анықтау үшін мәйітті сойды. Ішкі мүшелері алынып, денесі жерлеу рәсіміне дейін сақталуы үшін уақытша бальзамдалды. 23 қаңтарда Лениннің мәйіті салынған табыт Горкиден Мәскеуге пойызбен жеткізіліп, содан кейін Одақтар үйінің Бағаналы залына қойылды. 30 градустық аязға қарамастан, кезек сағат санап ұзара берді. Қоштасу рәсімі үш күнге созылды. Осы уақыт ішінде Ленин табытының қасынан миллионға жуық адам өтті, содан кейін кіру тоқтатылды. 27 қаңтарда жерлеу рәсімі өтті. Көсемнің денесі ашық табытпен Қызыл алаңға жеткізіліп, уақытша мавзолейге қойылды. Одақтар үйінде Ленинмен қоштасуға бәрі бірдей үлгерген жоқ. 23, 24 және 25 қаңтар аралығында жерлеу рәсімін ұйымдастыру комиссиясы жолда келе жатқан басқа қалалар мен елдердің делегацияларынан қаралы рәсімді кейінге қалдыруды сұраған мыңдаған жеделхат алды. Дәл сол кезде көсемнің бейнесін болашақ ұрпақ үшін сақтап қалу қажет деген ой туындады.
Ғалымдардың алдында бастапқыда биологиялық тәнді сақтау емес, революция көсемінің тұлғасын, яғни дененің физикалық формасын, сыртқы келбетін, көлемі мен салмағын, терісінің икемділігі мен буындардың қозғалғыштығын мәңгілік ету міндеті тұрды. Осы мақсатқа жету жолындағы көпжылдық еңбек Ленин денесінің үнемі динамикада болуына алып келді. Оны сақтау — бұл қатып қалған күй емес, шексіз процесс.
Алғашқы (ағаштан салынған) мавзолей 1924 жылдың қаңтарында Владимир Ильич Ленин (Ульянов) қайтыс болғаннан кейін бірден тұрғызылды. Сәулетші Алексей Щусевке үш сатылы пирамида принципі бойынша жобаны әзірлеуге бір түн, ал құрылысқа үш күннен аз уақыт кетті. Ғимарат қабырғалары үш метрлік текшеден және үстіңгі жағында бірінен-бірі кішірейе беретін екі текшеден тұрды. Лениннің денесі бальзамдалып, табыт құрылыстың ортасына қойылды. Бірінші мавзолейден бірден көптеген кемшіліктер анықталды. Тар баспалдақ пен шағын Аза тұту залы Ленинмен қоштасқысы келетіндердің бәрін сыйдыра алмады. Оған қоса халық өткен кезде залдағы температура көтеріліп, бұл мәйіттің күйіне кері әсерін тигізді.

В.И. Ленин атындағы бірінші ағаш кесене
Дереккөз: РБК
Алғашқы кесене сол күйі толық салынып бітпеді. Ол 1924 жылдың көктеміне дейін аяқталмаған күйінде тұрды. Сол кезде Лениннің денесін ұзақ мерзімге қайта бальзамдау үшін мавзолейді жабу туралы шешім қабылданды. Сәулетші Алексей Щусев екінші мавзолейді де ағаш қаңқа негізінде жобалады. Құрылыс өзінің бастапқы композициясын сақтап, лакталған емен ағашымен қапталды. Ғимаратқа портик (бағаналы кіреберіс) пен сатылы мінбелер қосып салынды. Жаңа мавзолейдің айналасында шойын шарбақпен қоршалған шағын сквер жасалды. Құрылыс жұмыстары тамыз айында аяқталды және мавзолей осы кейпінде алты жылға жуық, яғни 1929 жылға дейін тұрды.

В.И.Лениннің екінші кесенесі. 1924 жылғы жаз
Дереккөз: Қалалар мен елдер
1925 жылдың қаңтарында Лениннің тастан салынатын кесенесінің жобасына халықаралық байқау жарияланды. Байқауға қатысушылар бортында Лениннің мүсіні бар «Октябрь» кемесін, жер шары бейнесіндегі дөңгелек мавзолейді, мысырлық пирамиданың баламасын, сондай-ақ бес бұрышты жұлдыз пішінді кесенені салуды ұсынды.

Сәулетші Федор Шехтельдің Лениннің тұрақты мавзолейіне арналған конкурстық жобасы
Дереккөз: ТАСС

Сәулетші Лев Рудневтің Ленин мавзолейіне арналған конкурстық жобасы
Дереккөз: ТАСС

Сәулетші Борис Иофанның Ленин мавзолейіне арналған конкурстық жобасы
Дереккөз: ТАСС
Дегенмен, комиссия ағаш мавзолейдің бейнесін сақтап қалу туралы шешім қабылдады. Жобаның сәулетшісі болып қайтадан Алексей Щусев бекітілді. Жаңа ғимаратты қызыл гранитпен, сондай-ақ қара және сұр лабрадор тасымен қаптау ұйғарылды.
Тас мавзолей 1930 жылдың қазанына қарай салынып бітті. Ағаш нұсқамен салыстырғанда, жаңа ғимарат 3 метрге биік болып тұрғызылды, оның сыртқы көлемі 4,5 есеге - 5,8 мың шаршы метрге дейін, ал ішкі көлемі 12 есеге – 2,4 мың «шаршыға» дейін ұлғайтылды. Тас мавзолейді толығымен отандық материалдардан салу ұйғарылды: ол үшін гранит Кеңес Одағының түкпір-түкпірінен – Карелия, Орал және Украина карьерлерінен жеткізілді. Кесененің екі жағына 10 мың адамға арналған мінбелер орналастырылды. Ал Қызыл алаң реконструкция кезінде мавзолей оның ең биік нүктесінде тұратындай етіп қайта жоспарланды.
Тас мавзолейдің интерьері оған келудің ерекше ритуалымен тығыз байланысты: адамдар Лениннің денесін айналып өтіп, бейне бір қоштасу рәсіміне қатысып жатқандай әсерде болады. Қабырғаның жоғарғы бөлігіндегі қаптамалар саркофагты айнала жүретін азалы шерумен бір бағытта қозғалып бара жатқан қызыл тулы шексіз бағаналарды еске түсіреді.

Ленин мавзолейінің ішкі құрылысы мен құрылымы
Дереккөз: РИА Новости

В.И. Лениннің 1969 жылғы мавзолейі
Дереккөз: РБК
В. И. Лениннің денесі тұрақты температура мен ылғал сақталатын, оқ өтпейтін саркофагта орналасқан. 1924 жылдан бастап мавзолей жанында Лениннің денесін сақтаумен айналысатын зертхана жұмыс істеп келеді.

Мавзолейдегі В.И. Лениннің мәйіті салынған саркофаг
Дереккөз: Life
1953 жылдан 1961 жылға дейін мавзолейде И. Сталиннің денесі салынған саркофаг тұрды және мавзолейде «Ленин-Сталин» деген жазу болды. 1961 жылғы 30 қазанда КОКП-ның XXII съезі Сталиннің денесін мавзолейде бұдан әрі қалдыру мүмкін еместігі туралы шешім қабылданды. Содан кейін оның мәйіті Кремль қабырғасының маңындағы қорымға (некропольге) жерленді.

Ленин-Сталин мавзолейі, 1957 жыл
Дереккөз: Википедия
1924–1993 жылдары В. И. Ленин мавзолейінде Құрмет қарауылы бекеті болды. Көптеген жылдар бойы Ленин мавзолейі астананың басты көрікті жерлерінің бірі болды. Жыл сайын оған 2,5 миллионға дейін адам келетін. Мереке күндері ол үкіметтің салтанатты мінбері қызметін атқарды. Кеңес дәуірінде мавзолейге келушілерге есік ашық болған күндері мен сағаттарында Қызыл алаң толығымен жабылатын, таң бозынан бастап кеңес көсемін көргісі келетіндердің зор кезегі түзілетін. Бұл уақытта туристер Қызыл алаңға жіберілмейтін. Бұл режим мәскеуліктер мен астана қонақтарына қолайлы болуы үшін тек 2007 жылдың шілдесінде ғана жойылды.
Қазіргі уақытта В. И. Ленин мавзолейі Мәскеу Кремлі комендатурасының қарамағында. Кесенеге аптасына бес күн, сағат 10.00-ден 13.00-ге дейін баруға болады.
1990 жылы Ленин мавзолейі мен Кремль қабырғасының жанындағы қорым ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мәдени мұра тізіміне енгізілді, ал 1995 жылдан бастап Ресейдегі федералдық маңызы бар тарихи және мәдени мұра нысаны мәртебесін алды.
Дереккөздер:
«Менің өмірім. Тәуелсіздікке» кітабы бойынша іздеу