Басты бетке қайту

Романо Проди (1939 туған)


Романо Проди
Дереккөз: Wikimedia Commons
 

Романо Проди 1939 жылы Скандиано қаласында (Италия) инженер және бастауыш сынып мұғалімінің отбасында дүниеге келген. 1961 жылы Милан католиктік университетінің Заң факультетін, ал 1963 жылы Лондон жоғары экономикалық мектебін бітірді. 1963-1974 жылдары Болон университетінде сабақ беріп, Гарвард университетінде (АҚШ) дәріс оқыды.
1970 жылдардың басында «Прометей» экономикалық жағдайын талдау жөніндегі ғылыми-зерттеу қауымдастығы құрылтайшыларының қатарына кірді. 1974-1978 жылдары «Мулино» баспасын басқарумен қатар, геосаясатқа маманданған «Лимес» журналының бас редакторы болып жұмыс істеді. 
Саяси мансабын 1970 жылдардың соңында бастап, 1978 жылы Италияның Өнеркәсіп министрі қызметін атқарды. 1981 жылы экономикалық кеңес берумен айналысатын «Номизма» фирмасын құрды. 1995 жылға дейін оның ғылыми кеңесін  басқарды.
1982-1998 және 1993-1994 жылдары еліміздің ірі банктері мен өнеркәсіптік топтарының бақылауында болған мемлекеттік холдинг — Өнеркәсіптік қайта құру институтын (ИРИ) басқарды. Экономиканы жекешелендіру бағдарламасын әзірлеуге қатысып, бірнеше ірі компанияларды жекешелендіруге жетекшілік етті.
1995-1999 жылдары солшыл көзқарастағы «Зәйтүн ағашы» коалициясының басшысы болды. 1996 жылы партия сайлауында жеңіске жеткеннен кейін Италия Министрлер Кеңесінің (үкіметінің) төрағасы болып сайланды.  Бұл қызметте 1998 жылға дейін болған. 1999-2004 жылдары Еуропалық комиссияның төрағалығын атқарды. 2006-2008 жылдары Италия үкіметін қайтадан басқарды.
Министрлер Кеңесінің төрағасы қызметінен кеткеннен кейін ғылыми қызметпен айналысты. 2009 жылы — Браун университетінде (АҚШ) арнайы тапсырмалар бойынша профессор, 2010 жылы Шанхайдағы Қытай-Еуропа Халықаралық бизнес мектебінде сабақ берді.
2010 жылдан бастап Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жанындағы Халықаралық консультативтік кеңестің (ХҒС) құрамына кірді. Кеңес ел Үкіметіне ішкі және сыртқы саясат мәселелері бойынша ұсыныстар беріп, Қазақстанның халықаралық аренадағы имиджін нығайтуға көмектесті.
2012 жылы БҰҰ Бас хатшысының Сахель (Африкадағы аймақ) мәселелері жөніндегі арнайы өкілі болып тағайындалды. 
2013 жылы Италия Президентін сайлауда ол өз кандидатурасын ұсынғанымен, жеңіске жете алмады.
Италияда Романо Продиді «профессор» деп атайды. Бұл оның университеттегі мансабына, саясат пен өмірдегі академиялық мінез-құлқына байланысты.
Ол «Италия Республикасы алдындағы еңбегі үшін» орденінің Үлкен Крест кавалері (1993).
Еуропаның өнеркәсіптік саясаты, энергетика, түрлі экономикалық жүйелердің жұмыс істеуі мәселелері бойынша ғылыми еңбектердің авторы.


Дереккөздер:

ТАСС

МГИМО

Ресей конгресі

Қазақстан Республикасы Президентінің ресми сайты

 

AI ассистент

Тілді таңдаңыз / Выберите язык

«Менің өмірім. Тәуелсіздікке» кітабы бойынша іздеу