Басты бетке қайту

Пан Ги Мун (1944)


Пан Ги Мун 
Дереккөз: Wikimedia Commons

Пан Ги Мун 1944 жылы Ымсон уезінде (Корея Республикасы) дүниеге келген. 1962 жылы Халықаралық Қызыл Крест ұйымдастырған мектеп жұмыстары байқауында жеңіске жетті. АҚШ-қа сапарға баруды жеңіп алып, сол сапарында Америка президенті Джон Кеннедимен кездесті.

1970 жылы Сеул мемлекеттік университетін бітіріп, халықаралық қатынастар бакалавры дәрежесін, ал 1985 жылы АҚШ-тағы Гарвард университетінің Кеннеди атындағы басқару мектебінде мемлекеттік басқару магистрі дәрежесін алды.

1970 жылы Корея Республикасының Сыртқы істер министрлігінде жұмыс істей бастады, Үндістандағы вице-консул лауазымын алды. Корея Республикасының БҰҰ-дағы тұрақты бақылаушы миссиясының бірінші хатшысы (1974), СІМ халықаралық ұйымдар және БҰҰ істері департаментінің қызметкері (1975-1978) лауазымдарын атқарып, 1979 жылы осы департаментті басқарды. 1980 жылы халықаралық ұйымдармен және БҰҰ-мен шарттар бюросының директоры болып тағайындалды.

1990 жылы Корея Республикасының СІМ Солтүстік Америка істері жөніндегі департаментін басқарды, ал 1993-1994 жылдары АҚШ елшісінің орынбасары болды. 

1999 жылы Ядролық қаруды сынауға жан-жақты тыйым салу туралы шартты дайындау комиссиясын басқарды. 1998-2000 жылдары — Корея Республикасының Австрия мен Словениядағы Елшісі.
2000 жылы Сыртқы істер министрінің орынбасары болып тағайындалды. Бір жылдан кейін БҰҰ Бас Ассамблеясының 56-шы сессиясында оның төрағасының кеңсесін басқарды.

2004 жылы Корея Республикасының Сыртқы істер және сауда министрі болып тағайындалды. Бұл қызметте ол Корея Халық Демократиялық Республикасымен (КХДР) ядролық қарулану мәселесі жөніндегі келіссөздерді жалғастырды. 2005 жылы КХДР ядролық бағдарламасын дамыту төңірегіндегі ахуалды реттеу жөніндегі келіссөздердің төртінші раундында шешуші рөл атқарды, оның қорытындысы бойынша Корей түбегін «ядролық қарусыздандыру» туралы келісім қабылданды.

2006 жылдың қазан айында БҰҰ Бас хатшысы болып сайланып, келесі жылдың қаңтарында қызметіне кірісті. Ұйымның ашықтығы мен тиімділігін арттыру бойынша бірқатар маңызды реформалар жүргізді, атап айтқанда, кірістер декларациясына қойылатын талаптарды қатаңдатты. Ақпараттық технологиялар мен кадрларды даярлауға инвестицияларды қолдады. 2007 жылы Климаттың өзгеруі жөніндегі конференция өткізді, соның арқасында бұл мәселе әлемдік күн тәртібінде басымдыққа ие болды. 2010 жылы міндеттеріне әйелдердің құқықтарын қамтамасыз ету және олардың мүмкіндіктерін кеңейту кірген «БҰҰ-әйелдер» құрылымын құруға қол жеткізді. Ядролық қарусыздануды жақтады. 2011 жылы екінші бес жылдық мерзімге қайта сайланды. 

2011 жылғы наурызда Қасым-Жомарт Тоқаевты БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, Женевадағы БҰҰ Бас директоры, сондай-ақ Қарусыздану жөніндегі конференцияда БҰҰ Бас хатшысының жеке өкілі етіп тағайындады. Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ұсынды.

2017 жылы Пан Ги Мун БҰҰ Бас хатшысының өкілеттігін тапсырып, қақтығыстарды бейбіт жолмен шешуде тәжірибесі бар, танымал қоғам және саяси қайраткерлердің халықаралық ұйымы — «Ақсақалдардың» құрамына кірді. 2018 жылы Боао Азия форумы Директорлар кеңесінің төрағасы болып сайланды.

Пан Ги Мун Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан Республикасы мен БҰҰ-ның әріптестік қатынастарын дамытуға қосқан үлесін жоғары бағалады. 2020 жылы тұңғыш қазақстандық Президентке арналған онлайн-конференция барысында оның Қазақстандағы Семей ядролық полигонын жабу туралы шешімін тарихи деп атады.

Пан Ги Мунның 2016 жылы Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесуі
Дереккөз Қазақстан Республикасы Президентінің ресми сайты

Дереккөздер:

ТАСС 

МГИМО 

БҰҰ 

РИА жаңалықтары

«ҚазАқпарат» Халықаралық ақпараттық агенттігі

AI ассистент

Тілді таңдаңыз / Выберите язык

«Менің өмірім. Тәуелсіздікке» кітабы бойынша іздеу