Бейбітшілік саласында Нобель сыйлығы – швед өнеркәсіпшісі, өнертапқыш және қару-жарақ өндірушісі Альфред Нобельдің өсиеті бойынша химия, физика, физиология, медицина және әдебиет саласында сыйлықтармен бірге тағайындалған бес Нобель сыйлығының бірі.
Бейбітшілік саласында сыйлық «ұлттарды біріктіруге, құлдықты жоюға немесе қолданыстағы әскерлердің санын азайтуға және бейбіт конгрестер өткізуге көмектесуге» сүбелі үлес қосқан адамға беріледі.
Альфред Нобельдің өсиетіне сәйкес, сыйлық иегерін Норвегия Парламенті тарапынан тағайындалып, бес мүшеден тұратын Норвегиялық Нобель комитеті еңбегі сіңіп, жұмыстан босаған қоғам және саяси қайраткерлердің (норвегиялық болуы міндетті емес) арасынан таңдайды.
Кандидатураларды ұсынуға: Комитеттің қазіргі және бұрынғы мүшелері; ұлттық парламенттер мен үкіметтердің мүшелері; Бейбітшілік саласында Нобель сыйлығы лауреаттарының ұйымдарының басқарма мүшелері; беделді университеттердің ректорлары және құқықтану, тарих, философия, теология және әлеуметтік ғылымдар курстарын оқитын беделді профессорлар; бейбітшілік және халықаралық қатынастар мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу институттарының директорлары; Бейбітшілік саласында Нобель сыйлығының иегерлері құқылы. Кандидатураларды ұсыну процесі қыркүйек айында басталып, келесі жылдың 31 қаңтарында аяқталады. Ережеге сәйкес, үміткерлердің есімдері 50 жыл ішінде жарияланбайды, бірақ көбінесе үміткерді ұсынған ұйымдар ақпаратты өздері ашып қояды.
Бейбітшілік саласында Нобель сыйлығын Ослода Норвегия королінің қатысуымен Норвегия Нобель комитетінің төрағасы ұсынады. Қалған сыйлықтарды Стокгольмде Швеция Королі ұсынады. А. Нобель Бейбітшілік саласында сыйлықты неліктен Норвегия комитеті, ал қалған сыйлықтарды Стокгольмдегі Швед комитеттері беруі қажеттігі туралы ешқандай түсініктеме қалдырған жоқ.
Норвегиялық Нобель комитетінің болжамынша, Нобель Швециядағыдай әскери дәстүрлер болмағандықтан, сыйлыу беруге Норвегия неғұрлым қолайлы ел деп санаған болуы мүмкін. А. Нобель 1890 жылдары норвегиялық Стортингтің (Парламенттің) халықаралық дауларды бейбіт жолмен шешуге деген қызығушылығы туралы білуі мүмкін. Ол, Швецияға қарағанда, Норвегияны барынша бейбіт және демократиялық ел деп санаған болуы керек.
Әрбір Нобель сыйлығы алтын медальдан, алғыс дипломынан және мөлшері Нобель қорының кірісіне байланысты белгіленетін ақша сомасынан тұрады. 2024 жылы Нобель сыйлығының ақшалай бөлігі 11 миллион швед кронын немесе шамамен 1,1 миллион долларды құрады.

Нобель сыйлығы
Дереккөз: Britannica
Бейбітшілік саласында сыйлықты жеке адамдар да, ұйымдар да ала алады. 1901-2023 жылдары Бейбітшілік саласында сыйлық 104 рет берілді (19 рет Норвегиялық Нобель комитеті лайықты кандидат таппады: 1914-1916, 1918, 1923, 1924, 1928, 1932, 1939-1943, 1948, 1955, 1956, 1966, 1967, 1972 жылдары). 31 рет сыйлық екі лауреат арасында, үш рет үшеуі арасында бөлінді. Ең жас лауреат –пәкістандық құқық қорғаушы Малала Юсуфзай, ол 2014 жылы марапатталған кезде 17 жаста болатын, ал ең үлкені — британдық Джозеф Ротблат, ол 1995 жылы 87 жасында сыйлық алды.
Бейбітшілік саласында Нобель сыйлығы лауреаттары – КСРО азаматтары:
1975 жыл, Бейбітшілік саласында Нобель сыйлығы, Андрей Дмитриевич Сахаров
«Адамдар арасындағы бейбітшілік іргелі қағидаттарын батылдықпен қолдауы мен билікті асыра пайдалану және кез келген адамның құқықтарын аяқ асты етудің жолын кесуде батыл күресі үшін».
1990 жыл, Бейбітшілік саласында Нобель сыйлығы, Михаил Сергеевич Горбачёв «Бүгінде халықаралық қоғамдастық өмірінің маңызды бөліктерін сипаттайтын бейбіт процесінде оның жетекші рөлін тану ретінде».
Дереккөздер:
Нобель сыйлығының сайты
Britannica
«Менің өмірім. Тәуелсіздікке» кітабы бойынша іздеу