Басты бетке қайту

Тың жерлерді игеру


Тың жерлерді игеру (ақпараттық-агитациялық материалдардың үлгілері)
Дереккөз:  E-history.kz


Табиғатты игеру, яғни дала мен орманды егістік жерге айналдыру адамзат тарихында үнемі болып келген процесс. Дегенмен, 1950 жылдардың басында Кеңес Одағында астық тапшылығынан ауыр жағдай туындады. 1953 жылы мемлекет қорына 31,1 млн тонна астық түскен болса, тамақ және мал азығына 32,4 млн тонна қажет болды. Бұл үкіметті мемлекеттік қорларды пайдалануға мәжбүр етті.

Тың жерлерді игеру – жаңа жерлерді шаруашылық айналымына енгізу арқылы астық өндірісін жедел ұлғайту мақсатында 1954-1960 жылдары КСРО басшылығы жүргізген ауқымды науқан. 

Бұл аграрлық секторды мемлекеттік басқару жүйесінің тиімсіздігімен, сондай-ақ 1951 және 1952 жылдардағы құрғақшылықпен байланысты елді азық-түлікпен қамтамасыз етудің нашарлауы жағдайында басталды. Никита Сергеевич Хрущевтің бастамасы бойынша және КОКП ОК Пленумының 02.03.1954 жылғы қаулысы негізінде жүзеге асырылды. Ол бір уақытта Қазақстанда, Уралда, Алтай және Красноярск өлкелерінде, Омбы, Новосибирск, Саратов және Волгоград облыстарында, Солтүстік Кавказ бен Қиыр Шығыстың кейбір аймақтарында жүргізілді. 

Тың жерлерді игеру КСРО халық шаруашылығы кешенінің ажырамас бөлігі болып табылатын Қазақстан Республикасының өндіргіш күштерін дамытуға елеулі түрткі болды. Ол минералды ресурстардың кен орындарын іздеу және оларды өнеркәсіптік пайдалану ауқымының күрт кеңеюімен, өнеркәсіптік өндірістің жаңа салалары мен ірі зауыттардың, соның ішінде ауыл шаруашылығы қажеттіліктерімен тікелей байланысты зауыттардың пайда болуымен қатар жүрді. Тың жерлерді игеру аудандарынан өзге аймақтарда да ірі аумақтық-өндірістік тораптар пайда болды. Электр станцияларының, әсіресе жылу электр станцияларының құрылысы, түсті металлургия кәсіпорындарының қуаттылығын қайта құру және кеңейту зор қарқынмен жүрді. Тың жерлер игерілген жылдары республикада цемент, кірпіш зауыттары, темірбетон өндіретін зауыттар секілді құрылыс индустриясының базасы құрылды. Жеңіл және тағам өнеркәсібі дами түсті. Қалаларды кеңшарлармен және ұжымшарлармен, бүкіл елдің экономикасымен байланыстыратын теміржолдар мен автомобиль жолдарының желісі кеңейді.

Алайда, тың жерлердің орасан зор алқаптарын жырту Қазақстандағы шабындық және жайылымдық жерлердің күрт азаюына және дәстүрлі ауыл шаруашылығы саласының ұзаққа созылған дағдарысына әкелді. Елді мекендер салу үшін мыңдаған гектар жер игерілді және олардың инфрақұрылымын жақсарту үшін құнарлы жерлердің едәуір аумағы бөлінді. Нәтижесінде ауыл шаруашылығының дәстүрлі саласы — мал шаруашылығына орны толмас залал келтірілді.

Тың жерлерді игеру басқа республикалардан халықтың ағылып келуіне ықпал етті. Тың жерлерді игеруге ондаған мың ауыл шаруашылығы өндірісінің мамандары аттанды. Сонау 1954 жылдың бірінші жартысында тың жерлерді игеруге тек Ақмола облысына 20 мыңнан астам адам келген. 1954 — 1955 жылдары кеңшарларға 4,5 мың маман жіберілсе, 1959 жылға қарай олардың саны 15 мыңға жетті.  Бұл ұлттық әдет-ғұрып пен салт-дәстүрдің рөлінің төмендеуіне, қазақ тілінде оқытатын мектептер санының күрт азаюына, ұлттық әдебиеттің және мерзімді басылымдардың азаюына әкелді. Солтүстік облыстарда тілмен және демографиямен байланысты мәселелер шиеленісе түсті. 

Жалпы, тың жерлерді игеру Қазақстанды әлемдегі аса ірі астық өндірушілердің біріне айналдырды, бірақ кейінгі жылдары республикадағы ауыл шаруашылығының ұзаққа созылған дағадрысына түрткі болды.

Шынында да, Хрущевтің тың игеру әдісі елдің астық қорын тез толықтыруға мүмкіндік берді. Алғашқы жылдары тың жерден алынған өнімдер таңғажайып болды. 1950 жылдардың екінші жартысында тың игеру КСРО-да өсірілген барлық астықтың жартысын берді, бірақ көп ұзамай өнімділік айтарлықтай төмендеді.

Дереккөздер:

E-history.kz

Ресей энциклопедиясы

Ресей энциклопедиясы

РФ Тарихы

AI ассистент

Тілді таңдаңыз / Выберите язык

«Менің өмірім. Тәуелсіздікке» кітабы бойынша іздеу