Таулы Қарабақ қақтығысы – Армения мен Әзербайжан арасындағы Таулы Қарабақ аймағына байланысты туындаған, тамыры тереңде жатқан тарихи және мәдени себептері бар көпжылдық этносаяси текетірес. Соғыстар мен уақытша бітімгершілік кезеңдерін бастан өткерген бұл қақтығыс 80-ші жылдардың соңында, Кеңестік Социалистік Республикалар Одағындағы (КСРО) «қайта құру» кезеңінде, Армения мен Әзербайжандағы ұлттық қозғалыстардың күрт белең алуы аясында ушыға түсті.

Дереккөз: Газета.Ru
Таулы Қарабақ автономиялы облысы (ТҚАО) 1923 жылы Әзербайжан КСР құрамында, Таулы Қарабақтың негізінен армяндар тұратын бөлігінде құрылды. Оның орталығы Ханкенді (Степанакерт) кенті болды.
1987 жылы Таулы Қарабақта Армениямен қайта бірігуді қолдап қол жинау науқаны басталды, бұл Әзербайжан билігінің өте қатты наразылығын тудырды.

1988–1992 жылдардағы Таулы Қарабақ қақтығысының картасы
Дереккөз: Әлем картасындағы даулы аумақтар
1989 жылғы 1 желтоқсанда Армян КСР-і мен ТҚАО (Таулы Қарабақ автономиялы облысы) кеңестері республика мен облыстың «қайта бірігуі» туралы қаулы қабылдады.
1991 жылғы 30 тамызда Әзербайжан Республикасының тәуелсіздігін қалпына келтіру туралы декларация қабылданды, оның құрамына Таулы Қарабақ та кірді.
1991 жылғы 2 қыркүйекте КСРО құрамында тәуелсіз Таулы Қарабақ Республикасы (ТҚР) жарияланды. Әзербайжан бұл актіні заңсыз деп таныды. Бұл әрекет аймақты бақылауға алу үшін Армения мен Әзербайжан арасындағы ашық қарулы текетірестің басталуына түрткі болды.
1991 жылдың қыркүйегінде Ресей Президенті Борис Ельцин мен Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бітімгершілік миссиясы өтті. Нәтижесінде 1992 жылдың 1 қаңтарына дейін соғысты тоқтату және келіссөздерді бастау қажеттілігі туралы бірлескен коммюникеге қол қойылды. Алайда, толыққанды бітімге қол жеткізілмей, соғыс қимылдары жалғаса берді.
1992 жылдан 1994 жылға дейін Әзербайжан өзін-өзі жариялаған республиканы өз бақылауына алуға тырысты. Аймақта ауқымды әскери қимылдар, атап айтқанда Бірінші Қарабақ соғысы басталып, онда 30 мыңнан астам адам (әскерилер мен бейбіт тұрғындар) қаза тапты.
1994 жылы Бішкекте (Қырғызстан астанасы) тараптар әскери қимылдарды тоқтату туралы келісіп, қақтығыс «уақытша тоқтатылған» күйге өтті. Таулы Қарабақ Республикасының тәуелсіздігін ешбір ел таныған жоқ.
2020 жылы 44 күнге созылған Екінші Қарабақ соғысы орын алды. Нәтижесінде Әзербайжан жеңіске жетіп, Таулы Қарабақ аумағының айтарлықтай бөлігін өз бақылауына қайтарды. Әскери қимылдар аймаққа өз бітімгерлерін жіберген Ресейдің араағайындығымен аяқталды.
2020 жылдан 2023 жылға дейінгі арада өткен қарулы қақтығыстар нәтижесінде Әзербайжанның бақылауына тағы бірнеше аумақ өтіп, Қарабақ қоршауға (блокадаға) алынды.
2023 жылғы 19 қыркүйекте Әзербайжан Қарабақта «жергілікті антитеррорлық шаралардың» басталғанын жариялады, ал армяндардың көпшілігі өз үйлерін тастап кетті.
2023 жылғы 28 қыркүйекте халықаралық деңгейде танылмаған Таулы Қарабақ Республикасының президенті Самвел Шахраманян оның өмір сүруін 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап тоқтату туралы жарлыққа қол қойды. Танылмаған Таулы Қарабақ Республикасының аумағы Әзербайжан құрамына қайта біріктірілді.
Дереккөздер:
«Менің өмірім. Тәуелсіздікке» кітабы бойынша іздеу