Басты бетке қайту

Қазақстан мен Өзбекстан шекарасы

Кеңес заманында Қазақ КСР мен Өзбек КСР арасындағы шекара ең реттелген шекаралардың бірі саналды. Алайда Қазақстанның (Оңтүстік Қазақстан облысының Сарыағаш және Мақтаарал аудандары) және Өзбекстанның (Ташкент және Жызақ облыстары) халық тығыз қоныстанған аумақтары арқылы өтетін ұзындығы шамамен 200 шақырымдық учаскеде қиындықтар туындады.

1920-1950 жылдар аралығында Кеңес Одағында мал шаруашылығының өнімділігін арттыру мақсатында жайылымдық жерлерді бір республикадан екіншісіне уақытша пайдалануға беру тәжірибесі болды. Бұл ретте кейбір аумақтар бір республикадан екіншісіне бірнеше қайтара өтті. Мысалы, Оңтүстік Қазақстан облысының Бостандық ауданы. Мұндай шекаралас учаскелерде екі жақтың елді мекендері тығыз астасып кеткені соншалық, кей жерлерде шекара тіпті аулалардың ішімен өтетін еді. Қазақстан-Өзбекстан мемлекеттік шекарасын делимитациялау (мемлекеттерді карта бетінде белгілеу) процесі 2000-2002 жылдар аралығында өтті. Оны екі кезеңге бөлуге болады.

Бірінші кезең: 2001 жылғы 16 қарашада Астанада мемлекет басшылары қол қойған Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы Қазақстан-Өзбекстан мемлекеттік шекарасы туралы шартты дайындау. Ол шекара сызығының жалпы ұзындығының 96%-ын анықтады.

Екінші кезең: 2002 жылғы 9 қыркүйекте Астанада Қазақстан мен Өзбекстан Президенттері қол қойған Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы Қазақстан-Өзбекстан мемлекеттік шекарасының жекелеген учаскелері туралы шартты дайындау. Бұл құжат ортақ шекара сызығын анықтауды толық аяқтады. Делимитация туралы шарттар 2003 жылғы 5 қыркүйектен бастап күшіне енді.

Анықталған түйткілді учаскелер мен тараптардың ұсыныстары жергілікті халықтың мүдделерін ескере отырып және аумақтармен өзара алмасу арқылы, өзара құрмет пен тең құқықтылық принциптері негізінде шешілді.

Қазақстан-Өзбекстан мемлекеттік шекарасын демаркациялау процесі (яғни шекара сызығын тікелей жергілікті жерде жүргізу) 2003 жылы басталды, ал тікелей далалық жұмыстар 2004 жылдың сәуірінде қолға алынды. 2023 жылғы 28 наурызда екі тарап шекараны демаркациялау туралы шарттарды біржола ратификациялады. Демаркация жұмыстарының қорытындысы бойынша карталарда ұзындығы 2 351 км болған шекара 5 шақырымға ұзарды. Бұл шекара маңындағы өзен арналарының өзгеруіне байланысты иілімдердің көбеюі есебінен болды және шекара маңындағы аймақ тұрғындарына қолайлы болуы үшін жасалды. Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы шекараның түпкілікті ұзындығы 2356 шақырым 666 метрді құрады, онда 1301 шекара белгісі орнатылды.

Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы мемлекеттік шекара

Өзбекстанмен шектесетін Қазақстан өңірлері:

  • Ақтөбе облысы
  • Қызылорда облысы
  • Маңғыстау облысы
  • Түркістан облысы

Қазақстанмен шектесетін Өзбекстан өңірлері:

  • Қарақалпақстан Республикасы
  • Жызақ облысы
  • Науаи облысы
  • Сырдария облысы
  • Ташкент облысы

Қазақстанның Өзбекстанмен су шекарасы да бар – екі мемлекет арасында Арал теңізі бөлінген.

 

Дереккөздер:

Қазақстан Республикасы Президентінің сайты  

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің сайты  

Википедия

AI ассистент

Тілді таңдаңыз / Выберите язык

«Менің өмірім. Тәуелсіздікке» кітабы бойынша іздеу