Басты бетке қайту

Дмитрий Фурманов (1891-1926)


Дмитрий Фурманов
Дереккөз: АСТ баспасының сайты

Дмитрий Андреевич Фурманов 1891 жылғы 26 қазанда (7 қарашада) Ресей империясының Кострома губерниясы, Середа ауылында көпбалалы шаруа отбасында дүниеге келген.

Жергілікті реалды училищені бітіргеннен кейін, Дмитрий Фурманов 1912 жылы Мәскеу университетінің филология факультетіне оқуға түседі. Бұл шаруа ортасынан шыққан адам үшін өте сирек кездесетін жағдай еді. Алайда ол жоғары оқу орнын бітіріп үлгермейді. 1915 жылы Бірінші дүниежүзілік соғыс майданына мейіргер (медбрат) ретінде аттанады. Сол жерде ол өзінің болашақ жары, мейірбике Анна Стешенкомен танысады.

1916 жылғы қазанда әскерден босап, Иваново-Вознесенскіге қоныстанады және онда жұмысшылар курсының оқытушысы болады. 1917 жылғы Ақпан төңкерісінен кейін Иваново-Вознесенскідегі Жұмысшы және солдат депутаттарының кеңесіне кіреді. 1917 жылдың көктемінде эсер-максималистерге қосылып, кейін анархистерге өтеді.

1917 жылғы қыркүйектен бастап жергілікті Кеңес төрағасының орынбасары болып, Қазан төңкерісін қолдайды және 1918 жылы Ресей Коммунистік партиясына (большевиктер) мүше болады. Осы уақытта ол революционер Михаил Фрунземен жақындасып, оның үзеңгілесіне айналады.

Дмитрий Фурманов онымен бірге Азамат соғысының Шығыс майданына қызмет етуге аттанады. Онда ол Василий Чапаев қолбасшылық еткен 25-атқыштар дивизиясының комиссары болады. Көп ұзамай Дмитрий Фурманов пен Василий Чапаев арасында жанжал туындайды: Василий Чапаев оның жары Аннаға көңіл білдіре бастайды. Осыған байланысты Дмитрий Фурманов Түркістан майданына ауыстырылады. Онда ол Верный (қазіргі Алматы) гарнизонының кеңес өкіметіне қарсы қарулы көтерілісін басуда шешуші рөл атқарып, Верный бүлігін басуға қатысады.

Верный бүлігі басылғаннан кейін көп ұзамай ол Кубаньға жіберіледі. Онда комиссар ретінде Врангель десантын талқандау бойынша әскери операцияға қатысқаны үшін Қызыл Ту орденімен марапатталады. Сол жерде Дмитрий Фурманов ауыр контузия алып, әскери қызметін тоқтатуға мәжбүр болады.

Әскери мансабын аяқтағаннан кейін Дмитрий Фурманов Мәскеуге оралып, Мәскеу университетіндегі оқуын қайта жалғастырады және әдебиет қызметкері болады. Сонымен қатар ол өз шығармаларын жазумен айналысады. Оның ең танымал туындысы — «Чапаев» романы. Жеке араздықтарына қарамастан, Дмитрий Фурманов бұрынғы қаруласының айналасында есте қаларлық аңыз құрастыруға болатын жарқын тұлға екенін жақсы түсінді. Роман кеңес әдебиетінің классикасына айналып, мектеп бағдарламасына енді және ағайынды Васильевтер түсірген аттас фильмнің негізіне алынды. Кейінірек КСРО-да Чапаев туралы көптеген анекдоттар танымал болды, олардың кейбірінде Дмитрий Фурмановтың да есімі аталады.


Дмитрий Фурманов пен Василий Чапаев (ортада)
Дереккөз: Википедия

Дмитрий Фурманов 1926 жылы 15 наурызда 34 жасында менингит ауруынан қайтыс болған. Мәскеудегі Новодевичье зиратына жерленген.

1941 жылы жазушы туған Середа қаласының атауы Фурманов қаласы болып өзгертілді.

Дмитрий Фурмановтың құрметіне бұрынғы КСРО-ның көптеген қалаларында көше аттары берілген. Өткен ғасырдың 20-жылдарының соңынан бастап Алматыдағы Лепсі көшесі Фурманов көшесі болып өзгертілді (2017 жылғы 30 қарашадан бастап – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің құрметіне Назарбаев даңғылы). Дмитрий Фурмановтың есімі бірнеше оқу орындарына, соның ішінде Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев оқыған Шамалған ауылындағы мектепке де берілген болатын. Бұдан бөлек, Қазақстанның Тараз қаласында 1920-жылдары Дмитрий Фурманов біраз уақыт тұрған үйге мемориалдық тақта орнатылған. Сондай-ақ оның мүсіні (бюст) Алматыдағы Көрнекті қайраткерлер аллеясына қойылған.


Дмитрий Фурмановтың Алматыдағы көрнекті қайраткерлер аллеясындағы мүсіні
Дереккөз: 2ГИС

 

Дереккөздер:

Сайт издательства АСТ

Википедия

Интернет-портал «ГодЛитературы.РФ»

ХРОНОС

AI ассистент

Тілді таңдаңыз / Выберите язык

«Менің өмірім. Тәуелсіздікке» кітабы бойынша іздеу