Басты бетке қайту

Марс Үркімбаев (1939-2012)


Марс Үркімбаев
Дереккөз: Облыстық «Еңбек туы» газетінің Instagram парақшасы

Марс Фазылұлы Үркімбаев 1939 жылы 23 қарашада Алматы қаласында дүниеге келген.

1962 жылы Қазақ химия-технологиялық институтының (ҚазХТИ, Қазіргі - Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті) механикалық факультетін бітірген. 1968 жылы Мәскеу жоғары техникалық училищесінің (Қазіргі - Николай Бауман атындағы Мәскеу мемлекеттік техникалық университеті) аспирантурасын бітірді. Кейін техника ғылымдарының докторы дәрежесін алды.

1969 жылдан 1973 жылға дейін аға оқытушы, доцент, кафедра меңгерушісі, кейін ҚазХТИ деканы болып бекітілді.

1973 жылы Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтының (қазіргі -Мұхаммед Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті) ректоры болып тағайындалды. 33 жасында ол елдің ең жас ректорларының бірі болды. Бұл қызметті 1991 жылға дейін атқарды.

Осыдан кейін Жамбыл облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары – «Тараз» сыртқы экономикалық қауымдастығының бас директоры болып тағайындалды.

1992 жылдан 1993 жылға дейін Оңтүстік Қазақстан облыстық әкімшілігінің басшысы болып еңбек етті. Сонымен қатар, 1992-1994 жылдары Қазақстан Ғылым Академиясының Оңтүстік Қазақстан филиалының төрағасы, сондай-ақ 12 шақырылған Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің депутаты (1990-1993) болып сайланды.

1994 жылдың ақпанынан қыркүйегіне дейін Қазақстан экономика министрі қызметін атқарды.

1994-2005 жылдары Қазақстанның бизнес және қоғамдық ұйымдарында басшылық лауазымдарда жұмыс істеді: «Оңтүстік интеграциясы» халықаралық қорын және өнеркәсіпшілер мен кәсіпкерлер Одағын басқарды, жұмыс берушілер Конфедерациясы басқармасының төрағасы болды, сондай-ақ «Қазфосфат» және «Каспий банкі» сияқты ірі компаниялардың басшылығына кірді.

2001 жылдан бастап Мұхаммед Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің кафедра меңгерушісі (Мұхаммед Дулати атындағы Тараз аймақтық университеті).

Оннан астам кітап пен 200-ден астам ғылыми мақаланың авторы, «Құрмет», Еңбек Қызыл Ту ордендерімен, Құрмет белгісімен марапатталған, Кеңес Одағының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты.

2012 жылдың 18 ақпанында қайтыс болды.

 

Дереккөздер:  

Википедия

«Параграф» ақпараттық жүйесі  

«Знамя труда» газеті

 

AI ассистент

Тілді таңдаңыз / Выберите язык

«Менің өмірім. Тәуелсіздікке» кітабы бойынша іздеу