Басты бетке қайту

Иван Силаев (1930–2023)


Иван Силаев
Дереккөз: ТАСС

Иван Степанович Силаев 1930 жылы 21 қазанда Горький өлкесінің Вознесен ауданы Бақтызино ауылында (қазіргі - Нижний Новгород облысы, Ресей) дүниеге келген. 1954 жылы Андрей Туполев атындағы Қазан авиациялық институтын (Қазіргі – КАИ, Андрей Туполев атындағы Қазан ұлттық техникалық зерттеу университеті) «ұшақ жасау жөніндегі инженер-механик» мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын Горький авиациялық зауытында бастады, онда шебер мен цех бастығынан кәсіпорын директорына дейін көтерілді.

1974 жылы Кеңестік Социалистік Республикалар Одағының (КСРО) Авиация өнеркәсібі министрлігіне ауыстырылды, онда Министрдің орынбасары және Министрдің бірінші орынбасары қызметтерін атқарды.

1980 жылы КСРО Авиация өнеркәсібі министрі, ал 1981 жылы КСРО Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары болып бекітілді. 1985-1990 жылдары КСРО Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары болып жұмыс істеді және өнеркәсіптік кешенге жетекшілік жасап отырды.

1990 жылы 15 маусымда Ресей Кеңестік Федеративтік Социалистік Республикасының (РСФСР) Министрлер Кеңесінің төрағасы болып тағайындалды және 1991 жылдың 26 қыркүйегіне дейін қызмет етті.

1991 жылғы 19-21 тамыздағы төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комитеттің (МКҚК) мемлекеттік төңкеріс әрекетімен байланысты оқиғалардан кейін 1991 жылы 24 тамызда Иван Силаев одақ Үкіметінің функцияларын уақытша атқарған КСРО халық шаруашылығын жедел басқару комитетін басқарды.

1991 жылдың 20 қыркүйегі мен 14 қарашасы аралығында ол одақтас республикалардың экономикалық саясатын үйлестіру үшін құрылған КСРО-ның республикааралық экономикалық комитетінің төрағасы болып сайланды.

1991 жылдың 14 қарашасы мен 26 желтоқсаны аралығында КСРО-ның ыдырауы кезінде бұрынғы одақтас республикалар арасындағы қатынастарды үйлестірумен айналысатын экономикалық қоғамдастықтың Мемлекетаралық экономикалық комитетіне басшылық жасады.

КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1975 жылғы 3 сәуірдегі Жарлығымен Иван Силаевқа Ленин ордені және «Орақ пен Балға» алтын медалімен (1975) Социалистік Еңбек Ері  атағы берілді. Ол екі Ленин орденімен (1971, 1975), Октябрь Революциясы орденімен (1981), «Ерен еңбегі үшін» медалімен (1966), Достық орденімен (Чехословакия, 1984), сондай-ақ Ресей Федерациясы Үкіметінің Құрмет грамоталарымен (2000, 2005) марапатталды. Ленин сыйлығының Лауреаты (1972).

КСРО ыдырағаннан кейін дипломатиялық және өкілдік қызметтерді атқарды, оның ішінде 1994-1996 жылдары Брюссельде Еуропалық Қоғамдастық (Қазіргі Еуропалық Одақ) жанындағы Ресей Федерациясының тұрақты өкілі болып еңбек етті.

2023 жылы 8 ақпанда Мәскеуде қайтыс болды.

 

Дереккөздер:  

Үлкен Ресей энциклопедиясы

А.Н. Туполев атындағы  Қазан ұлттық техникалық зерттеу университеті

Википедия

AI ассистент

Тілді таңдаңыз / Выберите язык

«Менің өмірім. Тәуелсіздікке» кітабы бойынша іздеу