
Иван Сауэр
Дереккөз: Gov.kz Мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарының бірыңғай платформасы
Иван Адамович Сауэр 1958 жылы 11 маусымда Қазақ КСР Ақмола облысы Целиноград ауданы Малиновка ауылында (қазіргі - Ақмол ауылы, Ақмола облысы, Қазақстан Республикасы) дүниеге келген.
1980 жылы Целиноград ауыл шаруашылығы институтын тәмамдаған соң, Иван Сауэр еңбек жолын «Қызыл Ту» кеңшарында бастаған. Ол мұнда тракторшы-бригадир қызметінен бастап, бас инженерге дейін көтерілді.
1987 жылы ауданның артта қалған шаруашылықтарының бірі - «Родина» кеңшарына директор болып тағайындалып, оның басшылығымен алдыңғы қатарлы ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының қатарына шығарылды, ал 1994 жылы шаруашылықты жекешелендіріп, оны «Агрофирма Родина» ЖШС ретінде қайта құрды. Бұл кәсіпорын бүгінде Қазақстандағы ең табысты ауыл шаруашылығы ұйымдарының бірі саналады.
Кейінгі жылдары ол өсімдік шаруашылығын, мал шаруашылығын және қайта өңдеуді біріктіретін көпсалалы агрофирманы дамытудың бастамашысы болды және «Астана‑Нан» ЖШС, «Тастақ» ЖШС, «АФ‑Отан» ЖШС қоса алғанда, бірқатар байланысты компаниялардың құрылтайшысы және тең иесі болды.
Иван Сауэр Қазақстанның аграрлық бизнесінің қоғамдық және салалық көшбасшыларының қатарына кіреді. «Қазақстанның Ет одағы» заңды тұлғалар бірлестігінің (ЗТБ) төрағасы, «Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлер палатасы төралқасының агроөнеркәсіптік комитетінің төрағасы, «Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының (АҚ) тәуелсіз директоры, «ҚазАгроИнновация» АҚ Директорлар кеңесінің мүшесі және Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық инвесторлар кеңесінің мүшесі болып табылады.
Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің (Қазіргі Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті) құрметті профессоры және ауыл шаруашылығы ғылымдары Академиясының Құрметті академигі.
Агроөнеркәсіптік кешеннің дамуына және бизнестегі әлеуметтік жауапкершілікке қосқан зор үлесі үшін Иван Адамович Сауэр көптеген наградалармен марапатталған.
Олардың қатарында: «Достық» ордені (1996 ж.), «Парасат» ордені (2005 ж.), «Отан» ордені (2011 ж.), «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы (2013 ж.), «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» (2025 ж.) бар. Сондай-ақ, өңір мен ел дамуына қосқан үлесі үшін 70-тен астам орден мен медальға ие болды. Александр Иванович Бараев атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты (2008), «Білім беру үздігі» (1998) белгісі және бірқатар аймақтық және кәсіби марапаттарға ие.
Дереккөздер:
С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті
Gov.kz Мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарының бірыңғай платформасы
«Менің өмірім. Тәуелсіздікке» кітабы бойынша іздеу