Басты бетке қайту

Александр Руцкой (1947 ж.т )


Александр Руцкой
Дереккөз: Курск қаласы әкімдігінің ресми сайты

Александр Владимирович Руцкой 1947 жылы 16 қыркүйекте Украин КСР-і, Каменец-Подольский облысы, Проскуров қаласында (қазіргі Хмельницкий қаласы, Украина) дүниеге келген.

1966 жылы Кеңес Әскері қатарына шақырылады. Барнаул жоғары әскери авиациялық ұшқыштар училищесін, Юрий Гагарин атындағы Әскери-әуе академиясын және 1990 жылы КСРО Қарулы Күштері Бас штабының Климент Ворошилов атындағы әскери академиясын (қазіргі Ресей Федерациясы Қарулы Күштері Бас штабының әскери академиясы) үздік тәмамдайды. Онда әскери психология бойынша әскери ғылымдар кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін диссертация қорғайды. Кейінірек экономика ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесі мен профессор атағын алды.

1970 жылдардан бастап Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлері мен Әскери-әуе күштерінің саптық бөлімдерінде қызмет етіп, ұшқыштан полк командиріне дейінгі мансап жолынан өтті.

1985–1988 жылдары Ауғанстан Демократиялық Республикасындағы кеңес әскерлерінің шектеулі контингенті құрамында ұрыс қимылдарына қатысып, шабуылдаушы авиация полкін басқарды. 400-ден астам жауынгерлік ұшу тапсырмасын орындаған. Тапсырма барысында Руцкойдың ұшағы атып түсіріліп, омыртқасынан ауыр жарақат алып, ұшудан шеттетіледі, кейін қайта қатарға қосылып, ұшуын жалғастырады. 1988 жылдың тамызында жауынгерлік тапсырманы орындау кезінде ұшағы екінші рет атып түсіріліп, ауған содырларының қолына түседі, олар оны Пәкістан барлау қызметіне береді. Тұтқында екі аптадан астам уақыт болып, кеңестік тараптың әрекеттері нәтижесінде КСРО-ға қарсы тыңшылық жасады деп айыпталған Пәкістан азаматына айырбасталады. 1988 жылы 8 желтоқсанда КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен оған «Алтын Жұлдыз» медалі тапсырылып, Кеңес Одағының Батыры атағы беріледі.

Авиация генерал-майоры (1991), КСРО-ның еңбек сіңірген әскери ұшқышы.

1990 жылы Курск округінен Ресей Кеңестік Федерациялық Социалистік Республикасының (РСФСР) халық депутаты болып сайланады, Ұлттар Кеңесінің және РСФСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының мүшесі болады.

1991 жылы Борис Ельцинмен бірге РСФСР вице-президенті болып сайланып, 1991 жылғы 10 шілдеден бастап Ресей Федерациясының вице-президенті лауазымына кіріседі. 1992 жылы аграрлық секторға жетекшілік етеді, аграрлық реформа жөніндегі комиссияны және Ресей Федерациясы Қауіпсіздік Кеңесінің Қылмыс пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі ведомствоаралық комиссиясын басқарды.

1993 жылғы 1 қыркүйекте Ресей Федерациясы Президентінің Жарлығымен Александр Руцкой вице-президенттік міндеттерін атқарудан уақытша шеттетіледі. 1993 жылғы 21 қыркүйекте «Ресей Федерациясындағы кезең-кезеңімен жүргізілетін конституциялық реформа туралы» №1400 Жарлық шыққаннан кейін, оған Жоғарғы Кеңес президент өкілеттігін атқаруды жүктейді. 22 қыркүйекте ол Жоғарғы Кеңес алдында ант берді. 1993 жылғы қыркүйек-қазан айларындағы конституциялық дағдарыс («Ақ үйді штурммен алу») кезінде Мәскеудегі Кеңестер үйінде болды. Ғимаратты штурммен алғаннан кейін Ресей Федерациясы Жоғарғы Кеңесінің Төрағасы Руслан Хасбулатовпен бірге тұтқындалып, 1994 жылғы ақпандағы амнистияға дейін қамауда болды.

1996 жылы Курск облысының басшысы (губернаторы) болып сайланып, бұл қызметті 2000 жылғы қарашаға дейін атқарады, Ресей Федерациясы Федералды Жиналысының Федерация Кеңесіне және Федерация Кеңесінің Экономикалық саясат мәселелері жөніндегі комитетіне мүше болды.

Губернаторлық өкілеттігі аяқталғаннан кейін қоғамдық-саяси және кәсіпкерлік қызметпен айналысқан, жоғары білім беру және корпоративтік басқару жүйесінде жұмыс істеді, Ресей Федерациясы Тергеу комитеті жанындағы Қоғамдық кеңестің жұмысына қатысты, Ресейдің Біріккен аграрлық-өнеркәсіптік партиясын басқарды.

«Алтын Жұлдыз» медалі, Кеңес Одағының Батыры атағы берілген, Қызыл Ту, Қызыл Жұлдыз ордендерімен, сондай-ақ «Халықтар достығы», Ауғанстан Демократиялық Республикасының 1-дәрежелі «Жұлдыз» және «Ерлігі үшін» ордендерімен марапатталған. Приднестровье, Молдова Республикасының бірқатар марапаттарына, ресейлік және қоғамдық ордендермен, соның ішінде II дәрежелі Мәскеулік қасиетті князь Даниил орденіне және I дәрежелі Қасиетті Николай Чудотворец Императорлық орденіне ие. Александр Руцкойға Курск қаласының құрметті азаматы және Бендеры қаласының құрметті азаматы атақтарын алған.

 

Дереккөздер:  

Ресейлік үлкен энциклопедия

Бендеры қаласы мемлекеттік әкімшілігінің ресми сайты

 Курск қаласы әкімшілігінің ресми сайты

warheroes.ru

AI ассистент

Тілді таңдаңыз / Выберите язык

«Менің өмірім. Тәуелсіздікке» кітабы бойынша іздеу