Басты бетке қайту

Михаил Русаков (1892-1963)


Михаил Русаков
Дереккөз: Википедия

Михаил Петрович Русаков 1892 жылы 8 (20) қарашада шаруа отбасында дүниеге келген. Бір деректер бойынша Ресей империясының Смоленск губерниясы Юхнов қаласында, ал басқа деректер бойынша Тобольск губерниясы Чернавское ауылында туған.

Черкасск гимназиясын алтын медальмен бітіріп, 1911 жылы Санкт-Петербург тау-кен институтының геологиялық барлау факультетіне оқуға түседі. 1917 жылдың қыркүйегінде революция қарсаңындағы Петроградта білім алу мүмкін болмағандықтан, Михаил Русаков Томск технологиялық институтына ауысады. Ол Томскіде геологиялық барлау курсын аяқтағанымен, дипломды өзінің туған тау-кен институтынан алады.

1921 жылдан бастап Геологиялық комитеттің Орал-Сібір бөлімшесінде, Орталық ғылыми-зерттеу геологиялық барлау институтында (ЦНИГРИ) және Бүкілодақтық геологиялық институтта (ВСЕГЕИ) ғылыми қызметкер, аға геолог, профессор-доктор, Орал және Қазақ геология басқармаларында сарапшы-кеңесші қызметтерін атқарады.

1928 жылы оның жетекшілігімен ұйымдастырылған экспедиция Балқаш маңындағы мыс кенінің бай қорын (Қоңырат кен орны, Қазақ КСР) ашты. Кен орнына жақын жерде Балқаш қаласы мен тау-кен байыту комбинатының құрылысы басталды.

1930-1931 жылдары кен орындарын зерттеу және геологиялық барлау ісін ұйымдастыруды үйрену үшін АҚШ-қа іссапарға барып, 1934 жылы осы сапар туралы егжей-тегжейлі есеп шығарып, әріптестерін америкалық тәжірибемен таныстырды. 1936 жылы диссертация қорғамастан оған профессор атағы мен геология-минералогия ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесі берілді.

1941 жылдан бастап КСРО Ғылым академиясының Қазақ филиалының геология бөлімінде, кейінірек — Қазақ КСР ҒА Геологиялық ғылымдар институтында жұмыс істеді.

1949 жылғы 30 мамырда Михаил Русаков геологтардың «Красноярск ісі» бойынша (1949-1950 жж. КСРО-да бір топ геологқа Сібірдегі уран кен орындарын іздеу кезінде «пайдалы қазбалар қорын қасақана жасырды және зиянкестік жасады» деген айып тағылған тергеу процесі) тұтқындалды. Ол 25 жылға лагерьге айдалды. Тұтқында жүргенде Красноярскідегі ерекше техникалық бюроның геология бөлімінде жұмысын жалғастырды.

1954 жылғы 20 наурызда Михаил Русаковқа қатысты іс «айыптың дәлелденбеуіне байланысты» тоқтатылды. 1958 жылғы 5 наурызда толық ақталды. Осыдан кейін КСРО ҒА Қазақ филиалының геология бөлімінде еңбек етті. 1963 жылы 24 қазанда қайтыс болып, Мәскеудегі Новодевичье зиратына жерленді.

Михаил Русаковтың ғылыми еңбектері кен орындарын, әсіресе мыс-порфирлі кендерді зерттеуге арналған. Ол металлогения ғылымының дамуына елеулі үлес қосты. Оның есімімен Қазақстандағы Қоңырат мыс, Қарағайлы қорғасын-барит, Семізбұғы корунд-андалузит, Қайрақты асбест-барит және полиметалл кен орындарының ашылуы тығыз байланысты. Ол Өзбек КСР-індегі Алмалық және Қазақ КСР-індегі Қоңырат мыс кен орындарын бірінші кезекте игеруді ұсынған болатын.

1963 жылы Балқаш қаласындағы №2 мектепке, ал Қоңырат кентіндегі көшелердің біріне оның есімі берілді. 1964 жылы Алматыдағы Геологиялық ғылымдар институтының ғимаратына, ал 1982 жылы Ленинградтағы (Санкт-Петербург) тұрған үйіне мемориалдық тақта орнатылды. Ғалымның 100 жылдық мерейтойына орай 1992 жылы Балқашта Қоңырат мысынан құйылған ескерткіш қойылды. «Русаковит» минералы ғалымның құрметіне аталған.


Балқаш қаласындағы Михаил Петрович Русаковқа қойылған ескерткіш
Дереккөз: Википедия

 

Дереккөздер:

Википедия

«НКВД тергеу түрмесі» Томск мемориалдық мұражайының ресми сайты 

AI ассистент

Тілді таңдаңыз / Выберите язык

«Менің өмірім. Тәуелсіздікке» кітабы бойынша іздеу