
Мұхамед-Хафиз Мырзағалиев
Дереккөз: E-history.kz
Мұхамед-Хафиз Мырзағалиев 1887 жылы Ресей империясы Орал губерниясының Ембі уезіне қарасты Дәуінкөл мекенінде (қазіргі Қазақстан Республикасы, Батыс Қазақстан облысының аумағы) дүниеге келген.
1909 жылы Орал жаратылыстану бағытындағы училищесін (Орал қаласы, қазіргі БҚО-ның әкімшілік орталығы), 1916 жылы Саратов губерниясындағы Мариинск ауыл шаруашылығы училищесін (қазіргі Ресейдің Саратов облысындағы Климент Тимирязев атындағы ауыл шаруашылығы техникумы) бітірген. Училищеде оқып жүргенде-ақ революциялық күреске белсене араласқан, ереуілдерге қатысып, үндеухаттар (листовкалар) таратады. Училищені аяқтағаннан кейін аз уақыт Самара губерниясында (қазіргі Ресейдің Самара облысы) агроном болып жұмыс істейді, бірақ 1917 жылы Оралға оралып, Кеңес өкіметін белсене қолдай отырып, революциялық оқиғаларға қызу қолдауға кіріседі.
1918-1919 жылдары ақ казактарға қарсы қарулы күреске қатысып, қарсылықты ұйымдастырады және партизан отрядтарын құрады. Тұтқынға түсіп, бір жылға жуық Орал түрмесінде отырады. Орал қаласын Қызыл әскер бөлімшелері азат еткеннен кейін, қазақ аумақтарын басқару үшін жергілікті билік тарапынан Оралда құрылған Орал-Бөкей қырғыз революциялық комитеті төрағасының орынбасары, сондай-ақ Ұлттық істер жөніндегі комиссияның мүшесі болды. 1919 жылы Ресей коммунистік партиясының (большевиктер) (РКП(б)) қатарына өтті.
1920 жылдың қаңтарында Қырғыз өлкесін басқару жөніндегі Әскери-революциялық комитеттің құрамына енгізілді, кейіннен өңірлік Төтенше комиссияны (ЧК) – Кеңес мемлекетінің арнайы қауіпсіздік органын басқарды.
1920 жылдың күзінде Қырғыз АССР-інің құрылуымен бірге республикалық Ішкі істер халық комиссариатын (НКВД) басқарды. 1920 жылдың соңында Қырғыз АССР-і (Ресей Кеңестік Федерациялық Социалистік Республикасы (РСФСР) құрамындағы қазақ ұлттық автономиясы) Халық Комиссарлары Кеңесі төрағасының орынбасары болды. Бұл автономия 1925 жылы Қазақ Автономиялы Кеңестік Социалистік Республикасы (Қазақ АССР-і) болып өзгертілді.
1921 жылдың қаңтарынан тамызына дейін РКП(б) Орталық Комитеті Қырғыз (Қазақ) облыстық бюросының жауапты хатшысы қызметін атқарып, республика аумағындағы партиялық жұмыстарға жетекшілік етті. Сонымен қатар Қырғыз АКСР Халық Комиссарлары Кеңесінде төрағаның орынбасары және шаруашылық халық комиссариаттарының қызметін үйлестіретін Қырғыз Еңбек және Қорғаныс Кеңесінің төрағасы лауазымдарын атқарды. Өз жұмыс барысында өлкенің экономикалық қайта өрлеуіне, жаңа өнеркәсіп орындарының құрылысына ерекше назар аударып, аграрлық саладағы заңдарды дайындау мен жүзеге асыруға қатысты. Ұлт мәселесіне көп көңіл бөліп, жауапты қызметкерлерді даярлау курстары үшін осы мәселе бойынша дәрістер топтамасын әзірледі. Өлкені ұлттық ерекшеліктерді, көшпелі өмір салтын, қазақтардың мәдениеті мен тұрмысының өзгешеліктерін ескере отырып дамытуды жақтады.
1921–1922 жылдары Мұхамед-хафиз Мырзағалиев Қырғыз АКСР Халық Комиссарлары Кеңесін басқарып, республикалық деңгейдегі тұңғыш қазақ басшысы болды.
1923 жылдың қаңтарында РСФСР Халық Комиссарлары Кеңесі жанындағы республиканың өкілі ретінде Мәскеуге жіберілді. 1925 жылы Қазақстан мен Орта Азияның ұлттық-территориялық межеленуі жөніндегі Партияның Қазақ өлкелік комитеті жанындағы комиссияның құрамына кірді. Торғай облысының шекарасын қалпына келтіруді, Қостанай және Ақтөбе губернияларының аумақтарын Қазақ АКСР құрамында сақтауды, сондай-ақ Оренбург облысының қазақ халқы тығыз қоныстанған бөлігін Қазақ АКСР құрамына қосуды негіздеп берді. Мұхаммед-хафиз Мырзағалиевтің тезистері кейін осы мәселелер бойынша Қазақ басшылығы шешімдерінің негізіне айналды.
1926 жылы Қазақстанға қайта оралып, үкімет құрамына қаржы халық комиссары (наркомы) ретінде кірді. Бірінші бесжылдық жоспарды әзірлеуге, республиканың кейінгі қарқынды индустриялық дамуын қамтамасыз еткен маңызды өнеркәсіп нысандарын қаржыландыруға, ауыл шаруашылығын қайта құруға қаражат бөлуге, көшпелі халықты отырықшылыққа көшіру және алғашқы ұжымдық шаруашылықтарды құру жұмыстарын жүргізуге қатысты.
1929–1937 жылдары Жергілікті маңызы бар ормандар басқармасының бастығы, кейіннен РСФСР Жер өңдеу халық комиссариатының Жеміс-жидек сатып алу басқармасы бастығының орынбасары болып жұмыс істейді.
1937 жылдың тамызында, жаппай саяси қуғын-сүргін кезеңінде, Мәскеуде тұтқындалып, Алматыға этаппен жеткізілді. Бірнеше айдан кейін, 1938 жылдың ақпанында ең ауыр жазаға кесіліп, атылды. 1956 жылдың желтоқсанында ақталды.
Дереккөз:
«Менің өмірім. Тәуелсіздікке» кітабы бойынша іздеу