
Владимир Лобов
Дереккөз: Үлкен Ресей энциклопедиясы
Владимир Николаевич Лобов 1935 жылы 22 шілдеде Башқұрт Автономиялық Кеңестік Социалистік Республикасының Бураево ауданы Бураево ауылында дүниеге келген (қазіргі - Башқұртстан Республикасы, Ресей Федерациясы). 1954 жылы өз өтініші бойынша Кеңес армиясына шақырылып, Тәжік КСР (қазіргі -Тәжікстан Республикасы) бөлімдерінде қызмет ете бастады. 1959 жылы Рязань артиллерия училищесін, 1967 жылы Михаил Фрунзе атындағы Әскери академияны, 1979 жылы КСРО Қарулы Күштері Бас штабының Әскери академиясын бітірді.
1968 жылы тамызда Германиядағы Кеңес әскерлері тобының құрамында Чехословакияға әскерлерді енгізу операциясына қатысып, Прага маңындағы әскери аэродромды басып алған батальонды басқарды. 1960 жылдардың аяғынан бастап Кеңес әскерлерінде бірқатар командалық қызметтер атқарды: артиллерия полкінің командирі, Ленинград әскери округінің 63‑ші гвардиялық мотоатқыштар дивизиясының командирі, 26‑шы армия корпусының және 28‑ші жалпы армияның қолбасшысы. 1981 жылдың қазан айында Ленинград әскери округі әскерлері қолбасшысының бірінші орынбасары болып тағайындалды.
1984 жылы маусымда Орта Азия әскери округі әскерлерінің қолбасшысы болып бекітілді, сол жылдың қазан айында оған генерал‑полковник атағы берілді. 1985 жылы Алматыда әскери тарих бойынша кандидаттық диссертация қорғады.
Орта Азия әскери округі әскерлерінің қолбасшысы лауазымында қазақ, қырғыз және Тәжік КСР (Қазіргі - Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы және Тәжікстан Республикасы) аумағында орналасқан топқа жауапты болды. 1986 жылғы желтоқсанда Алматыда жаппай көтеріліс кезінде (1986 жылғы желтоқсандағы оқиғалар) Қазақстанның партия басшылығының талабы бойынша митингілерді басу үшін округ әскерлерін көшелерге шығарудан бас тартып, әскерді азаматтық қақтығысқа тартуға құқығы жоқ екенін мәлімдеді.
Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың салдарын жою жұмыстарына қатысты.
1980 жылдардың аяғы мен 1990 жылдардың басында ол әскери басқару жүйесінде жоғары лауазымдарды атқарды: Варшава келісіміне қатысушы мемлекеттердің Біріккен Қарулы күштері штабының бастығы, содан кейін Михаил Фрунзе атындағы Әскери академияның бастығы болды.
1989 жылы армия генералы атағын алды.
1991 жылы тамызда КСРО Қарулы Күштері Бас штабының бастығы — КСРО Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары болып тағайындалды, Кеңес Одағы тарихындағы Бас штабтың соңғы бастығы болды. КСРО ыдырағаннан кейін 1994 жылға дейін Ресей Федерациясының Қарулы Күштерінде қызметін жалғастырды.
Әскери ғылымдар докторы, тарих ғылымдарының кандидаты, профессор, Әскери ғылымдар Академиясының толық мүшесі, әскери өнер және армияны реформалау жұмыстарының авторы. Қызыл Ту, II дәрежелі Кутузов, Қызыл Жұлдыз ордендерімен, II және III дәрежелі «КСРО Қарулы Күштерінде Отанға қызмет еткені үшін» ордендерімен, сондай-ақ Ресейдің Батылдық, Құрмет және Достық ордендерімен марапатталған.
«Менің өмірім. Тәуелсіздікке» кітабы бойынша іздеу