Басты бетке қайту

Уоррен Кристофер (1925–2011)


Уоррен Кристофер
Дереккөз: Википедия

Уоррен Майнор Кристофер 1925 жылы 27 қазанда АҚШ-тың Солтүстік Дакота штатындағы Скрэнтон қаласында дүниеге келген. Бала кезінде отбасымен бірге Калифорнияға қоныс аударып, онда орта мектепті бітірді, кейін Редлендс университетіне (Редлендс қаласындағы жекеменшік гуманитарлық университет, Калифорния) оқуға түсті.

1943 жылдың шілдесінен 1946 жылдың қыркүйегіне дейін АҚШ Әскери-теңіз күштерінің резервінде қызмет етті. 1945 жылы Оңтүстік Калифорния университетін тәмамдап, 1946–1949 жылдары Стэнфорд университетінің заң факультетінде білім алды. Онда ең үздік студенттердің бірі болып, заң журналының негізін қалады.

Кәсіби жолын АҚШ Жоғарғы соты судьясының көмекшісі (1949–1950) болып бастайды. Содан кейін жеке заң тәжірибесіне ауысып, 1950 жылдан 1967 жылға дейін «O’Melveny & Myers» фирмасында жұмыс істеді, 1958 жылдың өзінде-ақ компания серіктесі атанды. 1967 жылғы маусымда АҚШ Бас прокурорының орынбасары болып тағайындалады. Бұл лауазымда 1969 жылға дейін қызмет етіп, кейін қайтадан заң фирмасына оралады.

Мемлекеттік қызметін Президент Джимми Картердің әкімшілігінде бастап, 1977 жылғы қаңтар мен 1981 жылғы қаңтар аралығында АҚШ Мемлекеттік хатшысының орынбасары лауазымын атқарды. Ол Қытаймен қарым-қатынас мәселелерімен айналысып, Ирандағы Америка елшілігі қызметкерлерін босату туралы келіссөздерге қатысты. Президенттің «Бостандық» медалімен марапатталды.

Уоррен Кристофер мансабының ең маңызды кезеңі Билл Клинтонның президенттік жылдарына тұспа-тұс келді. 1993 жылы ол АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы болып тағайындалып, бұл қызметті 1997 жылға дейін атқарды. Осы кезеңде ол АҚШ-тың сыртқы саяси стратегиясының негізгі архитекторларының бірі болды: НАТО-ның кеңеюіне белсенді қатысты, Таяу Шығыстағы бейбітшілік үдерісі мен Балқандағы қақтығыстарды реттеу бойынша дипломатиялық күш-жігерді қолдады.

1993 жылғы қазанда АҚШ Мемлекеттік хатшысы Уоррен Кристофер Алматыға сапармен келді. Сапардың басты мақсаты Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін қомақты ядролық арсеналға ие болған Қазақстанның Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа (ЯҚТШ) қосылуы болатын.


Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев және АҚШ Мемлекеттік хатшысы Уоррен Кристофер (1993 жылғы 24 қазан, Алматы)
Дереккөз: Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қызмет хроникасы

Келіссөздер оңай болған жоқ. АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы қауіпсіздік кепілдіктерін немесе өзге де өтемақы тетіктерін ұсынбастан, Қазақстанның ЯҚТШ-ға тезірек қосылуын талап етті. Өз кезегінде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев келіссөздерді жоғары мемлекеттік деңгейде, АҚШ Президентінің немесе кем дегенде оның орынбасарының қатысуымен өткізуді жақтады. Сондай-ақ ол ядролық қарудан бас тартудың қайтарымы ретінде стратегиялық әріптестік пен Қазақстан экономикасына қаржылай инвестиция құйылуын талап етті. Нәтижесінде уағдаластықтарға 1993 жылғы желтоқсанда ғана қол жеткізілді: Қазақстанға АҚШ вице-президенті Альберт Гор келіп, Қазақстан Президентімен бірге ядролық қаруға қарсы келісімдер пакетіне қол қойды.

Мемлекеттік қызметтен кеткеннен кейін Уоррен Кристофер заң тәжірибесіне қайта оралды, Лос-Анджелестегі Калифорния университетінің үздік студенттерге арналған бағдарламасы аясында халықаралық істер бойынша дәріс берді. Қоғамдық өмірге белсенді түрде араласып, ұлттық қауіпсіздік пен АҚШ-тың сыртқы саясаты мәселелерінде екіпартиялық шешімдерді қолдайтын «Қауіпсіз Америка үшін серіктестік» коммерциялық емес ұйымының консультативтік кеңесінің мүшесі болды.

2011 жылы 18 наурызда АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында қайтыс болды.

 

Дереккөздер:

Википедия

Wikipedia.org

 

AI ассистент

Тілді таңдаңыз / Выберите язык

«Менің өмірім. Тәуелсіздікке» кітабы бойынша іздеу