
Константин Колпаков
Дереккөз: Online.zakon.kz
Константин Анатольевич Колпаков 1963 жылы 2 қазанда Алматы қаласында (кейбір деректер бойынша — РКФСР Свердлов облысының Төменгі Тагил қаласында, қазіргі Ресей Федерациясы) дүниеге келген. 1985 жылы С. М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін (қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) «құқықтану» мамандығы бойынша бітірген. 1990-жылдары кандидаттық диссертациясын қорғаған.
Еңбек жолын 1985 жылы Қазақ КСР Әділет министрлігі адвокатура бөлімінің кеңесшісі болып бастайды. 1990–1991 жылдары Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Кеңес беру бөлімінде кеңесші болды, өтпелі кезеңдегі нормативтік-құқықтық актілердің жобаларын дайындауға қатысқан.
1991–1994 жылдары Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің заңнама, құқықтық сараптама және талдау мәселелері жөніндегі бөлім меңгерушісі, Қазақстан Республикасы Вице-президентінің көмекшісі және Қазақстан Республикасы Вице-президенті Хатшылығының меңгерушісі қызметтерін атқарады. 1994–1995 жылдары Парламенттегі Қазақстан Республикасы Президентінің жеке өкілі болды.
1995–1997 жылдары Қазақстан Республикасының Әділет министрі болып, сот-құқықтық жүйені реформалауға, заңнама мен әділет органдарын дамытуға жетекшілік етті. Мемлекеттік қызметтен кеткеннен кейін банк секторына ауысты. 1998–2000 жылдары «Каспий банкі» ААҚ (Алматы) Басқарма төрағасының орынбасары, кейін Директорлар кеңесінің төрағасы болды. 2000–2002 жылдары Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі төрағасының орынбасары лауазымын атқарды.
2002 жылдың наурызынан 2005 жылдың қаңтарына дейін Ресейдегі «Петрокоммерц банкі» ААҚ-да (Мәскеу) жұмыс істеп, президент кеңесшісі, вице-президент және банктің аға вице-президенті лауазымдарын бірінен соң бірін атқарды. 2005 жылдың қаңтар–шілде айларында Қазақстан Халық банкі Басқарма төрағасының орынбасары болды, содан кейін 2005–2008 жылдары «ТұранӘлем Банкі» АҚ (қазіргі «БТА Банк» АҚ) Басқарма төрағасының орынбасары қызметін атқарып, банктің Ресейдегі жобаларына жетекшілік етті.
2008 жылы Константин Колпаков Ресей Федерациясы Үкіметі жанындағы Қаржы академиясында (қазіргі Ресей Федерациясы Үкіметі жанындағы Қаржы университеті, Мәскеу) іскерлік әкімшілендіру магистрі (MBA) дәрежесін алды. Сол жылы «Русь-Банк» ААҚ (Мәскеу) Мәскеу филиалының басқарушысы болды. 2008–2012 жылдары Ресей Сбербанкінің (Мәскеу) Құқықтық басқарма бастығы қызметін атқарды, кейін 2012–2015 жылдары «Уралсиб банкі» ААҚ (Мәскеу) вице-президенті болды.
2015 жылдан бастап Константин Колпаков «Мособлбанк» ЖАҚ-да (Мәскеу) директорлар кеңесі төрағасының кеңесшісі және басқарма төрағасының орынбасары, ал 2016 жылдан бастап — басқарма төрағасының орынбасары, проблемалық және бейінді емес активтер блогының жетекшісі позицияларында жұмыс істеді. 2018 жылдан бастап — «Почта России» АҚ (Мәскеу, Ресей Федерациясы) проблемалық активтер жөніндегі директоры.
«Қазақстандағы президенттік билік» (Президентская власть в Казахстане) кітабының авторы.
Дереккөздер:
«Менің өмірім. Тәуелсіздікке» кітабы бойынша іздеу