Басты бетке қайту

Владимир Кириллин (1913–1999)


Владимир Кириллин
Дереккөз: Википедия

Владимир Алексеевич Кириллин 1913 жылғы 20 қаңтарда Мәскеуде дүниеге келген. 1936 жылы Мәскеу энергетика институтын (қазіргі «МЭИ» Ұлттық зерттеу университеті) «инженер-жылу технигі» мамандығы бойынша бітірген. 1930-жылдары Мәскеу түбіндегі Кашира мемлекеттік аудандық электр станциясында (ГРЭС), кейіннен Тікелей ағынды қазандық құрылысы бюросында жұмыс істеді. 1930-жылдардың соңында МЭИ аспирантурасына түсіп, инженерлік жылу физикасы кафедрасында сабақ бере бастайды.

1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталғанда Қызыл Армия қатарына шақырылады, 1943 жылы демобилизациядан кейін МЭИ-ге қайта оралады. Кандидаттық, кейін докторлық диссертациясын қорғап, 1946 жылы доцент, 1952 жылы профессор атағын алады.

1940-жылдардың ортасынан 1950-жылдардың басына дейін ғылыми және педагогикалық жұмысты партиялық қызметпен ұштастырады: МЭИ-дің партия ұйымдастырушысы және партия ұйымының хатшысы, сондай-ақ институт директорының орынбасары болды. 1953 жылы КСРО Ғылым академиясының мүше-корреспонденті, ал 1962 жылы академигі болып сайланады. 1954–1955 жылдары КСРО Жоғары білім министрінің орынбасары қызметін атқарды, 1955 жылы КСРО Министрлер Кеңесі жанындағы Жаңа техника жөніндегі мемлекеттік комитет төрағасының орынбасары болды.

1955–1962 жылдары Владимир Кириллин КОКП Орталық Комитетінің Ғылым, жоғары оқу орындары және мектептер бөлімін басқарды, ал Орталық Комитет аппараты қайта құрылғаннан кейін Идеологиялық бөлім меңгерушісінің орынбасары және Ғылым мен оқу орындары бөлімшесінің жетекшісі болды. 1963–1965 жылдары КСРО Ғылым академиясының вице-президенті қызметін атқарды.

1965 жылдан 1980 жылға дейін КСРО Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары,  сонымен бірге КСРО Министрлер Кеңесі Мемлекеттік ғылым және техника комитетінің (МҒТК) төрағасы қызметінде болды. КСРО-ның мемлекеттік ғылыми-техникалық саясатын қалыптастыруда шешуші рөл атқарды.

1979 жылы КСРО Министрлер Кеңесінің тапсырмасымен академиялық институттардың сарапшылар тобын басқарып, кеңес экономикасының жай-күйі мен келешегі туралы талдау есебін дайындады. Баяндама КОКП Орталық Комитеті Саяси бюросының отырысында қаралып, онда айтарлықтай көңілсіз болжам жасалды: құрылымдық сәйкессіздіктер, өсіп келе жатқан тапшылық, қанағаттандырылмаған сұраныс және экспорттық мұнайға тәуелділік тіркелді. Құжат билік тарапынан наразылық тудырды, өйткені ол экономиканың құлдырауы мен артта қалуының шынайы көрінісін сипаттады. Баяндама құпияландырылып, В. Кириллин сарапшылар тобының жетекшісі ретінде үкіметтік лауазымдарынан босатылды.

Жұмыстан кеткеннен кейін ғылыми қызметін жалғастырды: 1980–1985 жылдары КСРО Ғылым академиясының Жоғары температуралар секторын басқарды, ал 1985–1988 жылдары КСРО Ғылым академиясының Физика-техникалық ғылымдар және энергетика бөлімінің академик-хатшысы болды. 1988–1994 жылдары КСРО Ғылым академиясы – Ресей Ғылым академиясы Президиумының кеңесшісі және Жоғары температуралар институтының қызметкері болып жұмыс істеді.

6–10 шақырылымдағы КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты, төрт Ленин орденімен, Еңбек Қызыл Ту орденімен, IV дәрежелі «Отан алдындағы қызметі үшін» орденімен және КСРО мен Ресейдің басқа да мемлекеттік наградаларымен марапатталған. 160-тан астам ғылыми еңбектің авторы және қазіргі заманғы жылу физикасының ғылыми пән ретіндегі негізін қалаушылардың бірі.

1999 жылғы 29 қаңтарда Мәскеуде қайтыс болды.

 

Дереккөздер:

Большая Российская Энциклопедия

Академик

Википедия

AI ассистент

Тілді таңдаңыз / Выберите язык

«Менің өмірім. Тәуелсіздікке» кітабы бойынша іздеу