Басты бетке қайту

Андрей Кириленко (1906–1990)


Андрей Кириленко
Дереккөз: Яркипедия

Андрей Павлович Кириленко 1906 жылы 26 тамызда (8 қыркүйекте) Ресей империясы Воронеж губерниясы Бирюч уезінің Алексеевка слободасында (қазіргі – Ресей Федерациясы Белгород облысының Алексеевка қаласы) дүниеге келген. Алексеевкадағы ауылдық мектепті және Алексеевка кәсіптік-техникалық мектебін бітірген. 1925–1929 жылдары Воронеж губерниясының (қазіргі – Ресейдің Воронеж облысы) кәсіпорындарында слесарь болып жұмыс істейді. 1931 жылы Бүкілодақтық коммунистік (большевиктер) партиясына өтеді.

1936 жылы Рыбинск авиациялық технологиялық институтын (қазіргі – П. А. Соловьев атындағы Рыбинск мемлекеттік авиациялық техникалық университеті) бітіріп, Запорожьедегі авиация зауытында инженер-конструктор болып жұмыс істейді.

1938 жылдан бастап партиялық жұмыста болады: Запорожье облысындағы Ворошилов аудандық партия комитетінің екінші хатшысы, кейіннен Запорожье облыстық партия комитетінің екінші хатшысы қызметтерін атқарды. 1941–1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы кезінде Оңтүстік майданның 18-армиясы Әскери кеңесінің мүшесі (1942–1943) және Мәскеудегі авиация зауытында Мемлекеттік қорғаныс комитетінің уәкілі болды. 1944–1947 жылдары Запорожье облыстық және қалалық партия комитеттерінің екінші хатшысы лауазымын иеленді.

1947–1962 жылдары Николаев облыстық және қалалық комитеттерінің, Украина КП(б) Днепропетровск облыстық комитетінің, КОКП Свердловск облыстық комитетінің бірінші хатшысы лауазымдарын атқарды.

1956 жылдан бастап – КОКП Орталық Комитетінің мүшесі. 1957 жылдан 1961 жылға дейін КОКП ОК Саяси бюросының (Президиумының) мүшелігіне кандидат, ал 1962 жылдан 1982 жылға дейін мүшесі болады. 1962–1966 жылдары КОКП ОК-нің РКФСР бойынша бюросы төрағасының бірінші орынбасары, сонымен бірге 1962–1964 жылдары КОКП ОК-нің РКФСР өнеркәсібіне басшылық жасау жөніндегі бюросының төрағасы қызметін атқарады. 1966–1982 жылдары – КОКП Орталық Комитетінің хатшысы.

Жоғары партиялық лауазымдарда жұмыс істеген кезеңінде бірнеше шақырылымдағы КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып бірнеше рет сайланды. 1966 және 1976 жылдары оған екі рет Социалистік Еңбек Ері атағы берілді.

1982 жылы КОКП ОК Саяси бюросының құрамынан шығарылып, денсаулық жағдайына байланысты зейнетке жіберілді. 1990 жылы 12 мамырда Мәскеуде қайтыс болды.

 

Дереккөздер:

Википедия

Академик

Хронос

 

AI ассистент

Тілді таңдаңыз / Выберите язык

«Менің өмірім. Тәуелсіздікке» кітабы бойынша іздеу