
Ұзақбай Қараманов
Дереккөз: Online.zakon.kz
Ұзақбай Қараманұлы Қараманов 1937 жылғы 20 тамызда Қазақ КСР Қызылорда облысының (қазіргі Қазақстан Республикасы Қызылорда облысы) Ұялы ауылында дүниеге келген. 1959 жылы А.И. Микоян атындағы Куйбышев инженерлік-құрылыс институтын (қазіргі Самара мемлекеттік техникалық университеті, Ресей Федерациясы) «өнеркәсіптік және азаматтық құрылыс» мамандығы бойынша бітіреді.
Еңбек жолын Ақтөбе облыстық автокөлік тресі автобазасының жұмыс жүргізушісі (прораб) болып бастап, кейін «Қызылордақұрылыс» тресінің құрылыс басқармасы бөлімінің аға инженері болып жұмыс істейді. 1961–1964 жылдары Арал қаласындағы (қазіргі ҚР Қызылорда облысы, Арал қаласы) №27 құрылыс-монтаждау басқармасының аға жұмыс жүргізушісі және құрылыс басқармасының бастығы болады.
1964–1967 жылдары «Алматыөнеркәсіпқұрылыс» тресінің құрылыс материалдары мен конструкциялары комбинатын басқарды, 1967–1975 жылдары №22 құрылыс-монтаждау басқармасының бастығы және «Алматыөнеркәсіпқұрылыс» тресінің басқарушысы болды. 1975–1980 жылдары Қазақ КСР Ауыр индустрия кәсіпорындарын құрылыс министрлігінің Бас басқармасының бастығы және «Басалматықұрылыс» (Главалмаатастрой) бастығы қызметтерін атқарды.
1980–1982 жылдары — Қазақ КСР Жеңіл өнеркәсіп министрінің орынбасары, кейін 1982–1984 жылдары Қазақ КСР Министрлер Кеңесі жанындағы Селден қорғау құрылыстарын салу және пайдалану жөніндегі бас басқарманы басқарады. 1984 жылғы желтоқсанда Қазақ КСР Ауыр индустрия кәсіпорындарын құрылыс министрінің бірінші орынбасары, ал 1986–1987 жылдары Қазақ КСР Құрылыс министрінің бірінші орынбасары болып тағайындалады. 1987 жылғы сәуірде Қазақ КСР Материалдық-техникалық қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комитетінің (Қазақ КСР Мемжабдықтау/Госснаб) төрағасы болды.
1989 жылғы шілдеде Ұзақбай Қараманов Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы, ал 1990 жылғы қарашада Қазақ КСР Министрлер Кабинетінің Премьер-министрі болып тағайындалады.
1991 жылғы қазаннан бастап — Қазақ КСР-нің, кейін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі.
1993–1994 жылдары Халықаралық Аралды құтқару қорының атқарушы директоры қызметін атқарды. 1994–1999 жылдары Қазақстан Құрылысшылар одағының президенті болды, сондай-ақ бизнес-құрылымдарда, соның ішінде «Казконтракт» корпорациясы мен «Комакинвест» қаржы-өнеркәсіптік тобының вице-президенті болып жұмыс істеді.
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің 2-ші және 3-ші шақырылымдарының депутаты болып сайланды, Экология және табиғатты пайдалану комитетін басқарды. «Достық» және «Ауыл» депутаттық топтарының, «Нұр Отан» (қазіргі — «Аманат») Халықтық-демократиялық партиясы фракциясының мүшесі болды.
Техника ғылымдарының кандидаты, Халықаралық Еуразия экономикалық академиясының және Қазақстан Республикасы Халықаралық инженерлік академиясының академигі, ғылыми және публицистикалық еңбектердің, «Внимание: сель!» кітабының авторы.
2017 жылғы 25 қыркүйекте Алматы қаласында қайтыс болды.
Дереккөздер:
«Менің өмірім. Тәуелсіздікке» кітабы бойынша іздеу