Басты бетке қайту

Әбдеш Қалмырзаев (1939-2012)


Әбдеш Қалмырзаев
Дереккөз: Әдеби портал

Әбдеш Сәрсенұлы Қалмырзаев 1939 жылы 20 мамырда Жамбыл облысы Сарысу ауданының Саудакент қаласында (Қазақ КСР) дүниеге келген.

1961 жылы Сергей Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің (қазіргі -  Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) журналистика факультетін бітірді. Сосын араға жиырма жыл салып, Мәскеудегі СОКП Орталық комитеті жанындағы Қоғамдық ғылымдар академиясында (Кеңес Одағы Коммунистік партиясының Орталық Комитеті) аспирантураны бітірді. Сол жерде философия бойынша кандидаттық және докторлық диссертация қорғады.

Ал бұл екі арадағы жылдарда Әбдеш Сәрсенұлы «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде сегіз жылдай журналистік қаламын ұштап, әдеби қызметкерден бөлім меңгерушісіне дейін өскен. Одан соң Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетіне шақырылып, жеті жылдай партия қызметінде істеген еді. Ол Орталық Комитеттің үгіт-насихат бөлімінде нұсқаушы, сектор меңгерушісі, бөлім меңгерушісінің орынбасары қызметтерін атқарды.  Академияны аяқтап елге оралғанында Әбдеш Сәрсенұлы Орталық Комитеттің үгіт-насихат бөлімі меңгерушісінің бірінші орынбасары лауазымына тағайындалды. Осы қызметте бірнеше жыл істегеннен кейін, Көкшетау облыстық партия комитетінің идеология жөніндегі хатшысы болып сайланды. Арада төрт-бес жыл өткен соң ол қайтадан Алматыға шақырылып, Жоғары партия мектебін басқаруға жіберілді (кейінірек саясаттану және басқару институты, қазір КИМЭП Университеті болып өзгертілді). Өзі ректор болып отырған бұл оқу орнының тәуелсіздік талаптарына сай Саясаттану және басқару академиясы ретінде қайта құрылып, қалыптасып, жемісті жұмыс атқаруына күш салды.

Осыдан кейін ол журналистикаға қайтадан ат басын бұрды. 1994 жылдан 2005 жылға дейін республи­калық «Мысль» (бұрынғы «Коммунист Казахстана») журналының бас редакторы лауазымына тағайындалып, бұл қызметті он жылдан астам ат­қарды. Байырғы партиялық ­сая­си журналды енді тәуелсіздік мүд­десіне қызмет етуге бағыттау үшін басылымның атын да, затын да (яғни мазмұнын, қарастырылатын тақырыптар ауқымын) өзгертті. Журнал 2003 жылы Қазақстан Журналистика Академиясының «Алтын жұлдыз» сыйлығымен марапатталды. Содан соң бірнеше жыл «Жаңа ғасыр» журналының бас редакторы және «Қазақ газеттері» медиа холдингінің бас директорының қызметтерін атқарды. Сонымен қатар белсенді қоғамдық қызметін жалғастырды, «Нұр Отан» партиясының (қазіргі «AMANA») және әл-Фараби ҚазҰУ жанындағы диссертацияларды қорғау жөніндегі диссертациялық кеңестің мүшесі болып сайланды.

Еңбек барысында ол  мерзімді басылымдарға мақалалар жазуын жалғастырып отырды. Ойлы жұртшылықты күні бүгінге дейін толғандырып жүрген ұлттық мемлекет, қазақстандық ұлт, ұлттық идея, демократия мәселелері Әбдеш Қалмырзаевтың  еңбектерінде әлдеқашан жан-жақты талданып, саясатта назар аударылуға тиіс бағыттар тиянақты түрде дәйектелген. Оның кедейшілікпен, жұмыссыздықпен күрес жүргізуді ұлттық идея ретінде тану қажеттігі жайындағы ұсынысы, оны билеуші партия мен үкіметтің әрдайым назарда ұстауға тиіс екенін атап көрсетуі өзектілігін жоя қойған жоқ. Қалмырзаев, сөз жоқ, батыл ой айта алатын нағыз ойшыл болған-ды, ол әрбір тың да өткір пайымдарын жан-жақты дәлелдермен бекітіп, өте дәйекті түрде тұжырымдап отырды. Бүгінгі ұрпаққа оның мұрасын зерттеу және терең тану ләзім. Өйткені ол – рухани өмірі халқымен бірге жасай беретін сирек тұлғалардың бірі.

«Эстетическое в творчестве Абая» (1979), «Ұлт және қоғамдық сана» (1984), «Қазақстандық патриотизм» (2003) және басқаларын қоса алғанда, бірқатар монографиялық және ғылыми-публицистикалық кітаптарының авторы.

«Құрмет Белгісі» (1976), ІІ дәрежелі «Достық»(1998), «Құрмет»(2005) ордендерімен марапатталған, ал 2011 жылы «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы берілді.


Дереккөздер:

Википедия

Әдеби порталы

«Мысль» журналы

https://mysl.kazgazeta.kz/news/10471

AI ассистент

Тілді таңдаңыз / Выберите язык

«Менің өмірім. Тәуелсіздікке» кітабы бойынша іздеу