
Сұлтан Кабус бен Саид Әл Саид
Дереккөз: ТАСС
Кабус бен Саид Әл Саид - 1940 жылы 18 қарашада Дофар провинциясының Салала қаласында (Оман Сұлтандығы) дүниеге келген. Сұлтан Саид бен Теймурдың жалғыз ұлы, ағылшын Суффолк округіндегі жеке мектепте білім алып, Сандхерсттегі Корольдік Әскери академияны бітіріп, Британ армиясында қызмет етті.
1970 жылы 23 шілдеде Кабус Британдық кеңесшілердің қолдауымен әкесін қансыз сарай төңкерісі арқылы қуып жіберді. Ел бірлестігін жариялады – Маскат және Оман Сұлтандығының орнына біртұтас Оман Сұлтандығы пайда болды – Мемлекет басшысы, Үкімет басшысы және негізгі Министрлер лауазымдарын өз қолдарына шоғырландырды. Биліктің алғашқы жылдарында Кабус Дофар провинциясындағы көтерілісті басып, оқшаулау режимін жойып, жолдар, ауруханалар, мектептер мен порттар салу арқылы түбегейлі реформаларды бастады.
Сұлтанның сыртқы саясаты бітімгершілік сипатта болды. Оман Батыс, Парсы шығанағы елдері мен Иран арасындағы диалогтың бірегей алаңына айналды. Сұлтан Кабус мәдениетті, өнерді, табиғатты қорғауды белсенді қолдады. Ол араб әлеміндегі мәдениет, өнер және әдебиет саласындағы көрнекті жетістіктерді ынталандыру үшін жыл сайынғы сыйлықтар тағайындады. 1991 жылдан бастап екі жылда бір рет ЮНЕСКО (Біріккен Ұлттар Ұйымының білім, ғылым және мәдениет жөніндегі Ұйымы) қолдауымен қоршаған ортаны қорғау үшін Сұлтан Кабус сыйлығы беріледі.
Сұлтан Кабустың билігі кезінде Оман мен Қазақстан Республикасы арасында тығыз экономикалық және мәдени байланыстар орнады. Оман Тәуелсіз Қазақстанмен дипломатиялық қарым - қатынас орнатқан алғашқы мемлекеттердің қатарында болды (1992 жылғы 27 сәуір). Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев екі рет: 1997 жылы және 2008 жылы - Оманға ресми сапарлармен барып, оның барысында мемлекетаралық ынтымақтастықты талқылау үшін Сұлтан Кабуспен кездесті.

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Оманға ресми сапары кезінде Оман сұлтаны Кабус бен Саидпен кездесті. 2008 жылғы 15 наурыз
Дереккөз: Хроника деятельности Первого Президента Республики Казахстан Нурсултана Назарбаева
Қазақстанның жаңа астанасы - Астананың құрылысы кезінде Тәуелсіз Қазақстанға сыйлық ретінде Сұлтан Кабус Астананың ең танымал және көрнекті құрылыстарының бірі – Бәйтерек монументі, Өмір ағашы мен Мәңгілік жаңарудың символы құрылысын қаржыландырды. 2001 жылы Сұлтан Кабус Қазақстанда 1 дәрежелі Достық орденінің иегері атағына ие болды.
Сұлтан Кабус 2020 жылдың 10 қаңтарында қайтыс болғанға дейін билік жүргізді. Тікелей мұрагерлері жоқ Сұлтан Кабус өзінің немере ағасы Хайсам бен Тарик Әл Саидты мұрагер етіп тағайындады.
Дереккөздер:
«Менің өмірім. Тәуелсіздікке» кітабы бойынша іздеу