Басты бетке қайту

Чикаго университеті


Чикаго университетінің логотипі
Дереккөз: Чикаго университетінің ресми сайты

Чикаго университеті — АҚШ-тың Иллинойс штаты, Чикаго қаласында орналасқан жекеменшік зерттеу университеті.

Чикаго университеті 1890 жылы Америка баптистік білім беру қоғамының бастамасымен, сондай-ақ өнеркәсіпші Джон Д. Рокфеллер мен Чикагоның басқа да кәсіпкерлері мен филантроптарының қомақты үлесімен ашылды. Университеттің алғашқы президенті Уильям Рейни Харпер неміс және ағылшын жоғары білім беру жүйесінің үздік дәстүрлерін біріктіретін мекеме құруға күш салды. Ол әлемнің түкпір-түкпірінен жоғары деңгейлі оқытушыларды тартып, академиялық тәжірибеге революциялық өзгерістер енгізді. Мәселен, Харпер студенттер үшін негізгі және қосымша мамандықтарды таңдау мүмкіндігін енгізген болатын.


Джон Д. Рокфеллер мен Уильям Рейни Харпер
Дереккөз: Чикаго университетінің ресми сайты

Чикаго университеті әлемдегі ең ықпалды зерттеу университеттерінің бірі болып саналады; ол академиялық қана емес, сонымен қатар жаһандық маңызы бар оқиғалардың алаңына айналды.

Мәселен, мұнда 1892 жылы АҚШ-тағы алғашқы социология факультеті ашылды. 1942 жылы университетте физик Энрико Фермидің жетекшілігімен тарихтағы алғашқы бақыланатын, өздігінен жүретін ядролық тізбекті реакция жүзеге асырылды.

Чикаго университеті ғалымдарының басқа да көрнекті жетістіктерінің қатарында 1946 жылы радиокөміртекті мерзімдеу әдісін жасап шығаруды, сондай-ақ 1942 жылы плутоний элементін бөліп алу мен алғаш рет өлшеуді атап өтуге болады.

Университет атауы «Чикаго экономика мектебіне» де берілген. Бұл — Чикаго университетінің экономика факультеті оқытушылары жасап шығарған, еркін нарыққа басымдық беретін неоклассикалық тәсілге негізделген экономикалық теориядағы бағыт. Чикаго экономика мектебінің ең танымал өкілдерінің бірі —  Милтон Фридман. Ол осы университетте дәріс берген және Экономика саласындағы Нобель сыйлығының лауреаты атанған тұлға.

Чикаго мектебінің идеялары әлемнің түрлі елдеріндегі неолибералды экономикалық саясаттың қалыптасуына зор ықпал етті. Оған мысал ретінде «чикаголық жігіттерді» (Chicago Boys), атап айтқанда  Чикаго университетінде білім алған чилилік экономистер тобын атауға болады. Олар 1970–1980 жылдары Чикаго мектебінің идеяларына сүйене отырып, нарыққа бағытталған реформаларды енгізу арқылы Чилидің экономикалық саясатын қалыптастыруда шешуші рөл атқарды. КСРО ыдырағаннан кейінгі алғашқы жылдары Ресейде де Чикаго мектебінің идеяларына негізделген экономикалық реформалар жүргізілді. Осыған байланысты экономист Егор Гайдар бастаған ресейлік реформаторлар тобын да кейде «чикаголық жігіттер» деп атайды.


Кампус 
Дереккөз: Чикаго университетінің ресми сайты

Қазіргі таңда Чикаго университетінің құрамына бакалавриат студенттеріне арналған колледж және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің төрт ғылыми-зерттеу бөлімі кіреді: гуманитарлық ғылымдар мен өнер, биология ғылымдары, физика ғылымдары және әлеуметтік ғылымдар.

Университет Нобель сыйлығы лауреаттарының саны бойынша (барлығы 99) әлемдегі жетекші позициялардың бірін иеленіп келеді. Соңғы 10 жылда олардың қатарын Ричард Талер (экономика, 2017), Пол Ромер (экономика, 2018), Дуглас Даймонд (экономика, 2022) және Мунги Бавенди (химия, 2023) толықтырды.

2011 жылы негізі қаланған мектеп 2019 жылы АҚШ-тағы алғашқы молекулалық инженерия факультетіне айналды. Қазіргі уақытта бұл факультет қатерлі ісікке қарсы күрес және жаңа материалдар жасау бағытындағы зерттеулер бойынша көш бастап тұр.

Бұдан бөлек, университет бизнес, әлеуметтік жұмыс, теология, мемлекеттік саясат, құқық, медицина және молекулалық инженерия салаларындағы жеті кәсіби мектепті, сондай-ақ үздіксіз білім беру мектебін басқарады. Университеттің Лондон, Гонконг, Париж, Бейжің, Дели және Луксор қалаларында филиалдары мен орталықтары бар.

 

Дереккөздер:

Britannica энциклопедиясы

Encyclopedia.com

Чикаго университетінің ресми сайты

Вудро Вильсон атындағы халықаралық ғылыми орталықтың сайты 

AI ассистент

Тілді таңдаңыз / Выберите язык

«Менің өмірім. Тәуелсіздікке» кітабы бойынша іздеу