
Halliburton компаниясының логотипі
Дереккөз: Halliburton компаниясының сайты
Halliburton — мұнай мен газды барлау, игеру және өндіру саласында өнімдер мен кешенді технологиялық қызметтер ұсынатын әлемдік ірі корпорациялардың бірі болып саналатын америкалық трансұлттық мұнай сервисі компаниясы.
Компанияның негізін 1919 жылы инженер Эрл Палмер Халлибертон қалаған. Ол мұнай ұңғымаларын цементпен герметизациялаудың (оқшаулаудың) жетілдірілген әдістерін ойлап тапты. Бұл процесс қауіпсіз әрі тиімді бұрғылау үшін шешуші маңызға ие. Бастапқыда компания New Method Oil Well Cementing деп аталды (бір жылдан кейін атауы Halliburton Oil Well Cementing Co. немесе HOWCO болып өзгертілді) және мұнай ұңғымаларын цементтеумен айналысты.
Эрл Халлибертон цементтеу саласында бірқатар инновацияларды патенттеді. Америкалық мұнай өнеркәсібінің дамуына қарай, бұл технологиялар HOWCO-ны мұнай өндіруші компаниялар үшін маңызды серіктеске айналдырды. Содан бері компания үздіксіз жаңа технологиялар жасап келеді.
Қызмет аясын кеңейту үшін қосымша капитал қажет болғандықтан, 1924 жылы Халлибертон бірнеше ірі мұнай компанияларын қосалқы иеленушілер ретінде тартты. Ал 1926 жылы компания өзінің алғашқы шетелдік келісімдерін жасап, Бирмада (қазіргі Мьянма) қолдану үшін ағылшын фирмасына цементтеу қондырғыларын сатты. Сонымен қатар, Халлибертон Канадада өз филиалын ашты. Содан бері компания халықаралық қызметін ұлғайтып, қазіргі таңда 70-тен астам елде жұмыс істейді.
1930-жылдары HOWCO зерттеу зертханаларын ашып, көрсетілетін қызмет түрлерін көбейтті. Сондай-ақ, компания Мексика шығанағындағы теңіз кен орнында алғашқы цементтеу операциясын сәтті орындады. Бұл әлемдегі ең ауқымды теңіз ұңғымаларын цементтеу қызметінің бастауы болды.
ХХ ғасырдың екінші жартысында (1961 жылы ресми түрде Halliburton деп өзгертілді) компания стратегиялық сатып алулар арқылы қызмет аясы мен техникалық мүмкіндіктерін белсенді түрде кеңейте бастады. Дегенмен, ХХІ ғасырдың басына қарай Halliburton қайтадан өзінің негізгі бизнесі — мұнай сервисі қызметтеріне назар аударды.
Компания тарихындағы ірі даулы оқиға 2010 жылы болды: BP компаниясының Deepwater Horizon мұнай платформасы жарылып, Мексика шығанағына миллиондаған баррель мұнай төгілді. Halliburton платформадағы ұңғыманы цементтеу бойынша мердігер болғандықтан, тергеу мен сот істерінің ортасында қалды. 2013 жылы компания қызметкерлерінің айғақтарды жойғаны үшін 200 мың доллар айыппұл төлеуге келісті. Келесі жылы сот Halliburton-ды салғырттық танытқаны үшін кінәлі деп танып, апат үшін жауапкершіліктің 3%-ын осы компанияға жүктеді. Компания талап қоюшылармен шамамен 1,1 млрд доллар сомасына бітімгершілік келісім жасасты.
Қазақстанда Halliburton компаниясының филиалы жұмыс істейді; елдегі алғашқы кеңсе 1994 жылы ашылды. Компания Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ сияқты ірі кен орындарын игеруге қатысты.
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Halliburton басшылығымен бірнеше мәрте кездесіп, мұнай-газ саласындағы ынтымақтастықты талқылады.
2025 жылы Қазақстанның QazaqGaz газ компаниясы мен Halliburton елде бұрғылау жұмыстарын бақылау және қызмет көрсету орталығын құру туралы келісімге қол қойды.
Дереккөздер:
«Менің өмірім. Тәуелсіздікке» кітабы бойынша іздеу