
Phillips Petroleum, кейінірек Phillips 66 аталған компаниялардың логотипі
Дереккөз: Википедия
Phillips Petroleum — ХХ ғасырдағы АҚШ-тың ірі энергетикалық компанияларының бірі. Ол өз қызметін мұнай өндіруден бастап, уақыт өте келе мұнай өңдеуді, тасымалдауды және мұнай өнімдерін өткізуді, газ секторы мен мұнай-химия өнімдерін шығаруды қамтитын толық циклді (тік интеграцияланған) құрылымға айналды.
Phillips Petroleum компаниясының негізін 1917 жылы Оклахома штатында тұратын ағайынды Ли Элдас Филлипс пен Фрэнк Филлипс мұнай өндіруші кәсіпорын ретінде қалаған.
1918 жылы Техас пен Канзаста жаңа газ кен орындары ашылғаннан кейін, Phillips қарқынды дамып келе жатқан газ саласына белсене араласа бастады. 1925 жылға қарай компания табиғи газдың сұйық компоненттерін өндіру бойынша АҚШ-тағы ең ірі кәсіпорынға айналды.
Автомобиль отынына деген сұраныстың жедел артуына байланысты Phillips Petroleum мұнай өңдеу және бензинді бөлшектеп сату нарығына шықты. 1927 жылы компания өзінің алғашқы мұнай өңдеу зауытын және алғашқы жанармай құю станциясын ашып, Phillips 66 маркалы бензинін сата бастады. Бұл атау жаңа отынды жолда сынақтан өткізу кезінде пайда болды. Сынақ кезінде автомобиль «66-шы тас жолда» (шоссе 66) сағатына 66 миль жылдамдыққа дейін жеткен болатын.

Phillips 66 жанармай құю станциялары
Дереккөз: Society for Commercial Archeology
Мұнай өнімдеріне деген сұранысты айтарлықтай арттырған Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Phillips жоғары октанды авиациялық отынды әзірлеуге және өндіруге қатысты. Бұл одақтас елдер ұшақтарының қуатын нығайтуға септігін тигізді.
Соғыстан кейін Phillips компаниясы тыңайтқыш өндірумен айналысатын Phillips Chemical еншілес кәсіпорнын құрды. Сонымен қатар, Phillips Petroleum полиэтилен өндіру технологиясын жасап шығарып, пластмасса нарығына шықты.
1960-жылдары Phillips компаниясы өзінің халықаралық қызметін кеңейтіп, Канада, Венесуэла, Колумбия, ал кейінірек басқа да елдерде мұнай барлаумен айналысты. 1969 жылы ол Солтүстік теңіздегі Экофиск газ кен орнын ашты.
1980-жылдардан бастап XXI ғасырдың басына дейін Phillips компаниясы бірқатар компаниялар мен активтерді сатып алу, сондай-ақ бірнеше бірлескен кәсіпорын құру арқылы энергетика саласындағы шоғырланудың (консолидация) жаңа дәуіріне аяқ басты.
2002 жылы Phillips Petroleum мен Conoco мұнай компаниясы бірігіп, нәтижесінде ConocoPhillips құрылды. 2002 жылдан 2012 жылға дейін ConocoPhillips барлау мен бұрғылаудан бастап, өндіру, өңдеу және дайын өнімді өткізуге дейінгі барлық кезеңдерді қамтитын толық циклді мұнай компаниясына айналды. 2012 жылы өндіру және өңдеу бағыттары екі жеке компанияға бөлінді: ConocoPhillips бүкіл әлем бойынша мұнай мен табиғи газды барлау және өндірумен айналысатын компания болып қалды, ал мұнай өнімдерін өңдеу және өткізумен айналысатын бөлімшелер Phillips 66 деген атпен жеке компания ретінде бөлініп шықты.

ConocoPhillips компаниясының логотипі
Дереккөз: Википедия
Қазақстанда Phillips Petroleum компаниясы Каспий қайраңындағы Қашаған кен орнын игеруге қатысып, 1998 жылы консорциумның басқа шетелдік қатысушыларымен бірге жобадан үлес алды. Сонымен қатар, 2009 жылы ConocoPhillips қазақстандық «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-мен және әмірліктік Mubadala компаниясымен Каспий теңізіндегі «Нұрсұлтан» мұнай-газ кен орнын барлау мен игеру бойынша бірлескен қызмет туралы келісімге қол қойды.
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ConocoPhillips басшылығымен бірнеше рет кездесулер өткізіп, мұнай-газ саласындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады.

Президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстандағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің отырысына қатысу үшін келген ConocoPhillips компаниясының басшысы Райан Лэнсті қабылдауда
Дереккөз: Қазақстан Республикасы Президентінің ресми сайты
2013 жылы активтер портфелін оңтайландыру аясында ConocoPhillips екі жобадағы өз үлестерін қазақстандық «ҚазМұнайГаз» мұнай компаниясына сатты.
Сонымен қатар, 2022 жылы «ҚазМұнайГаз» бен Chevron Phillips Chemical (Chevron және Phillips 66 компанияларының бірлескен кәсіпорны) америкалық компанияның технологиясы бойынша полиэтилен өндіретін зауытты жобалауды бастау туралы келісімге қол қойды.
Дереккөздер:
«Менің өмірім. Тәуелсіздікке» кітабы бойынша іздеу